Қоғам • 31 Қазан, 2024

Әлеуметтік сәйкестіктің қыр-сыры

194 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қоғамда болып жатқан өзгерістерді жан-жақты зерделеп, талдауда, түрлі салада шешім қабылдаудың ғылыми негізін қалыптастыруда әлеуметтанушы қауымның көтерер жүгі салмақты. Жаһандану жағдайында ғалымдар мен сарапшылар әлеуметтік ғылымның түрлі саласындағы деректермен, теориялық әдістермен алмасу арқылы қоғамдағы күрделі құбылыстарды, соның ішінде сәйкестік мәселесін тұтас, толыққанды түсінуге тырысады.

Әлеуметтік сәйкестіктің қыр-сыры

Көпқырлы әлемде әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың та­нымал санаттарының бірі­не ай­налған сәйкестік (identity) ұғы­мы әлеуметтану, мәдениет­та­ну, тілтану, тарих, философия, экономика, психология, тіпті маркетинг саласы маман­да­рының терең зерттеуіне арқау болған. Бұл тұжырымдама әлде­қашан пәндік шекарадан асып, жеке, әлеуметтік, мәдени, саяси құбылыс ретінде көрініс тапты. Қоғамның әлеуметтік стра­тификациясы, өмір сүру дең­ге­йі мен сапасы, кедейлік пен әлеуметтік шеттелу, әділ де тиімді әлеуметтік саясат құру туралы дәстүрлі мәселелерден басқа, қазірде әлеуметтік ғылымдардың күн тәртібіне сәйкестіктің көп­дең­гейлі құрылымы, адам мен қоршаған ортаның қарым-қатынасы, қоғамның техно­ло­гия­лық өзгерістер мен сын-қатерлерге бейімделуі, өткір топтар арасындағы қақтығыстар, құндылық айырмашылықтары сияқты мәселелер шықты. Әлеу­меттік әлемдегі беталыс, көп­ба­ғытты, трансформациялық, динамикалық үдеріс өткенге ғы­лы­ми көзқарас, болашаққа байсалды болжам жасауды қажет етеді.

Қазіргі заманғы әлеуметтік сәй­кестік (ол кейде әлеуметтік біре­гейлік деп те аталып жүр) мәселелері түркітілдес елдер­дің қатысуымен Алматыда өткен әлеу­меттанушылардың VIII кон­гресінде кең талқы­лау­ға негіз болды. Қазақстан әлеу­мет­танушылар қауым­дас­ты­ғы (Халықаралық әлеуметтану қауымдастығының (ISA) тұрақты мүшесі) ұйымдастырған іс-шара мамандарды дағды-тәжірибе алмасу мақсатында біріктіріп, түрлі елдердегі әлеуметтік сәй­кес­тік мәселесіне әлеуметтану зерттеулері тұрғысынан қарау­ға, жаһандану мен көші-қон үде­рістерінің қоғамның қалып­тасуына әсерін талқылауға мүм­кін­дік берді. Мемлекет басшысы маңызды істерге сарапшыларды жұмылдырып, кешенді талдауларға сүйеніп шешім қа­был­даудың өзектілігіне ерекше мән беріп келеді. Тәуекелдер мен сын-қатерлер кезеңінде қоғамның ілгері жылжуына әсерін тигізетін мұндай жоба әлеуметтану ұйым­дары мен мамандардың ғылы­ми-тәжірибелік әлеуетін ортақ мүд­де­ге жұмылдыруға тың серпін береді.

Экономикалық ортаның, әлеу­мет­тік құрылымның күрде­лен­уі, ел­дердің өзара тәуелділігі әлеу­мет­тік ғылымдар алдына жаңа міндет-шешімдер қойды. Ғасыр ширегіне енді ғана жете бастасақ та, жаңа өмір шындығымен бетпе-бет келіп отырмыз. Әлеуметтік даму үдерісінің сәйкестікке ық­палы мен оның әдістемелік проб­лемаларына тоқталған Қазақ­стан әлеуметтанушылар қауым­дас­ты­ғы президенті Марат Тәжин­нің айтуынша, егер әлеу­мет­тік сәйкестік – адамның өзін қандай да бір топқа жататынын түйсінуі болса, заманауи әлемнің қат­пар­лы сипаттамасына байла­ныс­ты сәйкестік механизмінің өзгеруі барысында көпмөлшерлі сәйкестік, тіпті одан да қуаттысы – гибридті сәйкестік секілді жаппай құбылыс тарала бастады. Бүгінде виртуалды сәйкестік туралы айтуға толық негіз бар. Құдіреті күшті түрлі дүниежүзілік ба­за­лық деректердің, желі­лік қауым­дастықтардың ық­па­лы арт­қан сайын әлемде мил­лион­даған адам, әсіресе жас­тар ком­пьютерлік, құмар ойын­дар­дың жетегіне еріп, виртуал­ды әлемге сынаптай сіңіп бара жатыр. Сондай-ақ егер бұрын­дары адамдардың басым бөлі­гі өзінің әлеуметтік тобын объек­тив­ті түрде таңдап, әрі қарай соған сәйкес болуға, топтық мінез-құлыққа, нормалар мен стан­дарт­тар­ға, құндылықтарға талпынса, бүгінде бұл сәйкестік жылдан-жылға шапшаң өзгеріп бара жатқанын, көз алдымызда белгілі бір тұлғалардың сын-сипатының, келбетінің құбылуын байқаймыз.

Заманауи Еуропа қалаларын­дағы кварталдардың этностық ерекшелігі, сол секілді ізгілендіру барысында Орталық Азияда қар­қынды байқалып отырған ауыл­дық мигранттардың (бірін­ші, тіпті екінші ұрпағының) урбандалған аймаққа немесе мега­по­листерге ағылуы – көп­мөл­шерлі сәйкестіктің айқын көрінісі. М.Тәжин мұндай шын мәнінде күрделі проблемаға жеке пікір-байлам төңірегінен емес, терең әдістемелік-теоре­тикалық тұрғыдан қарау қажет­ті­гіне назар аударды. ҚӘҚ төра­ғасы әлеуметтік сәйкестік (social identity) сынды ірі ұғым аясында жаңа әлеуметтік лексика, тиімді әдістеме жасап, таза тео­ре­ти­калық тұрғыда ілгері жыл­жуға, сол арқылы жүріп жат­қан үде­ріс­терді барабар түсінуге болатынын жекізді.

Еуразия әлеуметтанушылар қауымдастығының президенті Хаяти Түфекчиоғлу жаңа біре­гей­лікті, ұлтты қалыптастыру мә­се­лесінің өмірлік маңыз­ды­лы­ғын арт­тыратын тағы бір аспект демографиялық құрылыммен байланысты екенін айтады. «Тәуел­сіздіктің елең-алаңында Қазақ­стан халқының құрамында қазақтардың үлесі 50 пайыздан аз болды. Сонымен қатар елде әлем үшін бірегей болып саналатын тілдік мәселе өткір тұрды. Қазақ қоғамы көпұлтты және көптілді. Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде орыс тілі көптеген этностық топ­тарды байланыстыратын тіл қызметін атқарған. Демек Қа­зақ­стан үшін бірегейлік пен ұлттық құрылым мәселесі басқа көптеген қоғамдарға қарағанда әлдеқайда маңызды әрі күрделі», дейді Ыстанбұл университетінің профес­­­соры.

Ресей Салыстырмалы әлеу­мет­­тік зерттеулер институ­тының ди­рек­­торы А.Андреенкованың па­йы­мынша, әлеуметтік ғы­лым­дар­дың жаңа әдістемелік мүм­кін­діктері түрлі елдер мен мәдениет­тер­дегі әлеуметтік теорияларды тексеруге, моноелдік модельден алшақтау сияқты маңызды міндеттерді шешуге кем дегенде ішінара жақындауға мүмкіндік береді. Елдерге ортақ әлеуметтік, демографиялық, экономикалық үдерістерді, сондай-ақ әлеуметтік өмірдің бірегейлігін, әртүрлі топтардың құрылымын зерттеу шын мәнінде жаһандық ғы­лым­ның өмір сүруі­не ықпал етеді.

Өзбекстанның «Ижтимои фикр» республикалық қоғамдық пікір зерттеу орталығының директоры Н.Рахимова тұрғындардың өмір сапасын, көңіл-күйін, ұсыныс-тілектерін жергілікті атқа­рушы органдарға жеткізудегі әлеуметтік зерттеулердің, сауал­на­малардың айрықша маңызға ие екеніне тоқталып, Өзбекстан халқының әлеуметтік-мәдени және азаматтық бірегейлігі жө­ніндегі деректермен бөлісті. Әлеуметтанушылар, саясаттанушылар, тарихшылар, философтар қозғалған тақырып аясында өз көзқарастарын баяндап, пікірталасқа қатысқан сарапшылар деректердің ашықтығы мен жұртшылыққа кең қолжетім­ді­лігі мәселесіне маңыз берді. Қауым­дастық бүгінде отандық әлеу­меттанушылардың инттелек­туал­дық, ұйым­дас­тырушылық әлеуетін жетіл­ді­руде белсенділік танытып отыр. Алғашқы конгрес­тен бастап мазмұнды, ауқымды бағ­дарламалар қатысушыларға прак­­­тикалық дағдылармен қатар жаңа зерттеу идеяларын ұсынып, олар­­дың кәсіби байланыс желісін байытып келеді.

Іс-шараға қатысушылар атап өткендей, отандық әлеуметтану саласын одан әрі дамыту уақыттың сын-тегеуріндеріне жауап бере алатын білікті мамандардың жаңа буынын құруды талап етеді. Олар теориялық шеңберлерді терең түсініп, жұмыс істеуге арналған техникалық дағдыларға ие болуы тиіс. Бұл кәсіби сұра­ныс­ты елде зерттеушілер мен сарапшыларға арналып жаңадан ашылып жатқан мектептер мен білім беру бағдарламалары қуат­тап отыр. Конгресс аясын­да өткі­зілген Жас социологтер фо­румы қалыптасқан сабақ­тас­тықтың сақталуына жол аша­ды. Форум аясындағы оқы­ту­лар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының базасында өтті.

Қоғам өмірінің әлеуметтік және экономикалық салаларының түйіскен тұсында жатқан факті­лер мен құбылыстарды жан-жақты зерттеу әлеуметтік-экономи­ка­лық даму деңгейінен бастап, қаладағы, ауылдағы халықтың өмір сүру сапасынан, жергілікті мәселелер мен ерекшеліктер жайынан мол мағлұмат береді. Әлеуметтану ғылымы халықтың жай-күйін, тыныс-тіршілігін баға­лаумен қатар, сол мәнде аза­маттық бірегейлікті нығайтуда оңды шешімдер ұсынады. Сол тұрғыда адамдардың өз өмірін қалай қабылдайтынын, өзін туған елімен қалай байланыстыратынын зерттеп, қоғамдық пікірдің байыбына жете бойлау маңызды.