Аймақтар • 31 Қазан, 2024

Елді қуантқан елеулі істер

87 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісу облысының бірқатар ауылы көптен күткен табиғи газға қол жеткізді. Талды ауылында бұрын-соңды болмаған саябақ халық игілігіне берілді. Ал Көксу ауданының Балпық би, Жарлыөзек ауылдарындағы 17 үйдің құрылысы аяқталып, кілті тұрғындарға табысталды.

Елді қуантқан елеулі істер

Суреттерді түсірген – Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Қаратал ауданына қарасты Көкпекті ауылына табиғи газ жетіп, алғашқы отбасы көгілдір отынға қосылды. Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Мақсат Чамиренов, «ЖетісуГазСервис» ӨК» КМК-ның басшысы Мирас Қожахметов қатысты.

«Отбасымызбен Талдықорған қа­ла­сынан туған ауылымызға көшіп келдік. Ауылымыз жайнап, өркендеп келеді. Жүргізіліп жатқан газдандыру жұмыстары көз қуантады. Бұған дейін көмір мен отын сатып алатынбыз. Пеш жағып, күл шығару оңай жұмыс емес. Бұл үйдегі тазалыққа да әсер етеді. Көгіл­дір отынмен қамтамасыз еткен мем­лекетке, облыс, аудан басшылығы мен компанияға ризашылығымызды білдіремін», дейді ауыл тұрғыны Дания Төлеубергенова.

ап

Қаратал ауданында 35 елді мекен болса, оның 19-ы газдандыруға жатады. Ауданда Үштөбе газ тарату стансасы салынған. Бүгінде 11 елді мекенде газ тарату желілерінің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар аудандағы 3 ауылда газдандыру жұмысы жүріп жатыр. Бұл елді мекендерді газға қосу жұмысы жыл соңына дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Өңірдегі ірі жобалардың бірі – Үштөбе қаласын газдандыруға республикалық бюджеттен 7 млрд теңге бөлінген. Жұмыстарды аяқтау мерзімі – 2024 жылдың аяғы. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін Қаратал ауданындағы 19 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізеді.

Бүгінде облыста газдандыру деңгейі 51,1 пайызды құрап отыр. Мемлекет басшысының Жетісу облысына келген сапа­рында берген тапсырмасы аясында жергілікті сызбаға сәйкес 2025 жылдың соңына қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейін, соның ішінде Панфилов ауданын қоса алғанда, барлығы 126 елді мекен газдандырылып, жалпы 506 мың адам көгілдір отынның игілігін көретін болады. Сөйтіп, 2025 жылдың соңында облыста газдандыру деңгейі 72%-ға жетеді деп межеленіп отыр.

Жобаның екінші кезеңінде Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарын газдан­ды­ру­ға қажетті «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының ЖСҚ-сы әзірленді. Құрылыс жұмысы биылғы жылдың екінші жартысында бас­талады деп жоспарланған. Осы кезеңде аталған 3 аудандағы 66 елді мекенге газ құбыры тартылады. 2028 жылдың соңына қарай облыста газдандыруға жататын 124 мыңға жуық тұрғыны бар 192 елді мекен толық газдандырылады.

Панфилов ауданының Талды ауы­лында саябақ ашылды. Демеушілер есебінен жасалған саябақтың аумағы 1 гектарды құрайды. Ауылда 2 200-ден астам адам тұрады. Жергілікті азаматтар туған жерін көркейтуге атсалысу мақсатында ауылға саябақ жасап берген. Демалыс орнының салтанатты ашылуына ауыл жұртшылығы қатысты. Саябақ ішінде спорттық алаңдар, балалардың ойын алаңдары, субұрқақ, концерттік сахна орнатылған. Заманауи үлгідегі жарықтар, орындықтар қойылған, 280 түп арша ағашы отырғызылған. Сондай-ақ алаңдарда арнайы жабын төселетін болады.

Көксу ауданының Балпық би, Жарлыөзек ауылдарында 17 үйдің кілті тұрғындарға тапсырылды. Салтанатты шараға Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов қатысып, тұрғындардың қуаны­шымен бөлісті.

«Жыл басында 10 500 шаршы метр үйді қолданысқа береміз деп жоспарлағанбыз. Бүгінге дейін 7 500 шаршы метр үй тапсырылды. Қалғаны жыл соңына дейін орындалады. Келесі жылы тағы да 50 үйдің кілтін тапсырсақ деген жоспар бар. Сонымен қатар «Отбасы банк» арқылы төмендетілген пайызбен 40 отбасы баспаналы болса, алдағы уақытта тағы да 20 пәтер өз иесін таппақ. Қыркүйек айында Қаратал ауылындағы жаңа мектеп қолданысқа беріліп, жаңа балабақша балдырғандарды қуанышқа бөледі. Биыл 17 ауылдың тұрғыны табиғи газға қосылады», деді аудан әкімі.

Биыл 2023-2029 жылдарға арнал­ған тұрғын үй-коммуналдық инфра­құрылымды дамыту тұжы­рым­да­ма­сы шеңберінде Көксу ауданы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 50 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарлаған. Оған бюджеттен 840 660 000 теңге бөлініп, Балпық би, Жарлыөзек, Мұқыры ауылдарында жалпы ауданы 60 шаршы метрді құрайтын жалға берілетін, жеке тұрғын үй салу, сатып алу жөнінде кәсіпкерлермен келісімге келген. Балпық би ауылындағы 23 жеке тұрғын үй құрылысын «Smart Taldykorgan» ЖШС, 7 үйді «Kazakhstan grand Construction» ЖШС, Жарлыөзек ауылындағы 10 үйді «Восток Строй Энерджи» ЖШС, Мұқыр ауылындағы 10 үйді «Көксу проект» ЖШС жүргізетін болып белгіленген. Міне, соның 17 үйі, Балпық би ауылындағы 13, Жарлыөзек ауылындағы 4 үйдің құрылысы аяқталып, үй кезегінде тұрған отбасы иелеріне тапсырылды. Қалған үйлер жыл соңына дейін иесін табады.

Балпық би ауылының №14, Жарлыөзек ауылының Биғайша Құндақбаева көше­ле­рінің бойына орналасқан үйлердің салтанаты ерекше. Сыртқы келбеті, ішкі безендірілуі бірдей әрі төзімді материалдан салынған. Құрылыстың сапалы екені көрініп тұр. Қоршаулары ретті, ауласы таза, су, жылу желілері толық тартылған үйлер қоныс иелерінің көңілінен шықты.

«Үй кезегінде тұрғаныма 10 жылдан асты. Ғұмыр бойы ұстаздық жұмыс істеп, 5 баламды ер жеткіздім. Немерелерім де өсіп келеді. Осыған дейін жұбайыммен балаларымыздың үйінде тұрып келдік. Міне, енді жаңа баспанаға ие болғаныма қуаныштымын. Ауылдарымыз көгілдір отынға да қо­сылып жатыр», деді Балпық би ауы­лының тұрғыны, зейнеткер Әуесбала Омарова.

 

Жетісу облысы