Өндіріс • 31 Қазан, 2024

Отандық автоөнеркәсіп қазақ тілінде сөйлей бастады

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда ашылған «Kazakhstan Mobility Engineering»  зауыты қазақ тілі интеграцияланған автомобильдерге арналған мультимедиялық жүйелерді  шығарады. Мұндай жүйелердің бірінші партиясы Tucson, Elantra және Palisade модельдеріне орнату үшін Hyundai Trans Kazakhstan зауытына келіп түсті. Енді Қазақстанда шығарылатын Hyundai автомобильдері қазақ тіліндегі интерфейсті ұсына отырып, жергілікті пайдаланушылардың қажеттіліктеріне  жауап бере алады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық автоөнеркәсіп қазақ тілінде сөйлей бастады

Жаңа өндіріс Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: құқықтық тәртіп, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қойылған талаптарға толықтай жауап береді. Президент отандық шикізат пен құрамдас бөліктерді пайдаланып өнеркәсіптік әлеуетті толық ашатын жүйелі тәсіл қажет екенін атап өткен болатын.

Автомобиль өнеркәсібінің өсуі Қазақстанның индустриялық саясатының негізгі бағыттарының біріне айналып келеді. Зауыттың іске қосылуы ірі өнеркәсіптік нысандардың төңірегінде өңдеудің жоғары сатыларын дамытуға және сабақтас өндірістерді құруға бағытталған қадамдардың бірі болып табылады. Компания «Астана Моторс» компаниясының құрамына кіреді және оңтүстік кореялық серіктесі Motrex Co Ltd технологияларын пайдалана отырып жұмыс істейді.

көлік

«Мультимедиялық жүйелер – бұл цифрлық технологиялар мен инжиниринг саласындағы бірінші дәрежелі мамандардың құзыреттілігін талап ететін жоғары дәлдіктегі өндіріс. Біздің басты мақсатымыз – жоғары локализацияланған өндіріс циклін құру. Ал біз отандық шикізат пен компоненттерді барынша пайдаланамыз. Сондықтан «Kazakhstan Mobility Engineering» зауытының ел үшін маңызы зор»,  деді зауыттың ашылу салтанатында Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау аясында Үкімет кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Автомобиль өнеркәсібінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес саланың тұрақты өсуіне және сыртқы нарықтағы өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін кластерлік өндірісті дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, ауылшаруашылық машина жасау саласында биылғы жылы импорттық аналогтарды субсидиялау алынып тасталды, жабдықтың лизингінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша сараланған тәсіл – отандық техника үшін төменірек қарастырылды. Теміржол машина жасау саласында қолжетімді лизингтік қаржыландыру тетігі іске қосылды, соның арқасында 2024 жылы өндіріс 1,5 есеге өсті.

«Kazakhstan Mobility Engineering» зауыты Алматының Индустриалды аймағында орналасқан. Кәсіпорын 100 мың шаршы метр аумақта автокөлік бөлшектерін шығаратын ірі технопарктің бір бөлігіне айналады. Бұл жоба өндірісті локализациялауға және қазақстандық автомобиль өнеркәсібін қолдауға бағытталған. Сондай-ақ Алматы индустриалды аймағы аумағында автокреслолар, автокөліктерге арналған резеңке және пластмасса бұйымдарын шығаратын зауыттар мен логистикалық хабты іске қосу жоспарланған.

Технопарктің техникалық өндірістік қуаты жылына шамамен 100 мың комплект болады. Кластер аумағында 90-нан астам маман жұмыс істейді, ал  өндірістік кешеннің штаты 400-ге жуық адамды құрайды.