Тағзым • Бүгін, 07:50

Ән әлемінің Ақбаяны

24 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл – ән өнерінде өшпес із қалдырған ерек өнерпаз, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиеваның туғанына 70 жыл. Осыған орай А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Қазақтың Ақбаяны» атты облыстық әншілер байқауы ұйымдастырылды. Бұлақ сыңғырындай әсем үнімен тыңдаушысын баураған әнші рухына арналған мәдени кешті Қараөзек ауылдық клубы мен Қызылжарма ауылдық мәдениет үйі бірлесе ұйымдастырыпты.

Ән әлемінің Ақбаяны

Қызылордадағы М.Мә­ме­това атындағы педагогикалық училищенің студенті кезінен өнерімен танылған талапты жастың бағын ашқан туынды – композитор Бексұлтан Байкенжеевтің әйгілі «Ақбаян» әні болды. Алғашқы қатысқан байқауы – Алматыда өткен көр­кемөнерпаздар өнер бәйгесінде осы әнмен жүлделі орынға ие болған әншіні күллі жұрт «Ән әле­мінің Ақбаяны» деп ала­қанында аялады.

Педучилищеден кейін Қа­зақтың қыздар педа­гоги­калық институтының музыка факультетін бітірсе де өнер жо­лына бірден түсе қоймаған ке­зінде қазақтың қабырғалы қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков қамқорлық танытып, облыстық филармонияға қабылдап, дарынды жасқа жол ашты. Жас әншінің репертуарын да әркез қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырған ұлт мәдениетін ұлық­таған қайраткердің арқа­сында Мәдина есімі ән көгінде еркін қалықтады.

Өмірінің соңғы жылдарында тағдыр тылсымын бол­жа­ғандай «Есіңе мені алғайсың», «Күрең күз» әндерін жиі орын­даған әнші осыдан 24 жыл бұ­рын қарашаның суық кешін­де күре жолдың бойында көлік апатынан қапыда көз жұмды. Сол сәт күллі жұрт ән аспа­нын­дағы сыңғыр үн кенеттен үзіліп түскендей күй кешкені рас.

Үлкен экраннан берілген Мәдина әндерінен басталған байқауда қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев артында өшпес із қалдырған әншінің ұлт өнеріндегі орнына тоқталып, байқау қаты­су­шыларына сәттілік тіледі.

Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ра­мазан Тайманов, композитор, Мәдениет саласының үздігі Сәбит Ұлықпанұлы, облыс­тық халық шығармашылығын дамы­ту және мәдени-продю­сер­лік орталығының көркемдік жетекшісі Руслан Бурабай қазылық еткен байқауда 20-35 жас аралығындағы 8 өнерпаз бақ сынады.

Қатысушылар екі кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы сатысында Мәдина Ералиева репертуарынан бір ән, екінші кезеңде өз мүмкіндігін көр­сететін тағы бір туынды орындады. Сыр сандуғашының өнерін насихаттап, жастар талабын қолдауға арналған конкурс қорытындысы бойынша жүлделі III орынды Жалағаш ауданынан Орнықхан Пазыл, II орынды жаңақорғандық Исламхан Нағызхан, бірінші орынды қызылордалық Әй­герім Шүкірбаева иеленді.

Байқаудың бас жүлдесін Сырдария ауданынан келген Аяу­лым Бекболатова жеңіп алды.

 

Қызылорда

Соңғы жаңалықтар

Автоөндірістің ауқымы кеңейді

Экономика • Бүгін, 09:20

Апаттың сын-қатері мен сабағы

Экология • Бүгін, 09:10

Жұрт күткен күре жол

Аймақтар • Бүгін, 09:07