Жастар • 01 Қараша, 2024

Жасампаз буын бас қосты

98 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада «Jastar fest» жас көшбасшылар форумы өтті. Ұлттық құндылықтар, патриотизм, адамгершілік, адалдық, ізгілік қағидаттары кеңінен насихатталған ауқымды іс-шара қаланың Жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдауымен ұйымдастырылды.

Жасампаз буын бас қосты

Сурет: instagram.com/akimat__astana

Жиынға жергілікті мәслихат депутаттары, белгілі бло­гер­­лер мен қоғам қайрат­кер­лері қаты­сып, алдыңғы буын ағалар ақыл-кеңесімен бөлісті. Ашылу салтанатында елордалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев форумның мақсат-міндетін атап өтті.

– «Jastar Fest» – елордалық жас­тар­дың ең жарқын өкілде­рін, ойшыл ба­ла­лар мен көшбас­шыларын бірік­тір­ген платформа. Біздің мақсат – сту­дент­тік орта­да адамның құқықтары мен бос­тандықтарын құрметтеу қағи­дат­тарына негізделген өзара сыйластықты қалыптастыру, лу­до­манияның, девиант­ты мі­нез-құлықтың алдын алу, адам­гершілік нормаларын сіңіру, 2024–2025 жылдарға арналған «Астана – есірткісіз қала» нашақорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттік жас­тар саясатын қолдау, сәйкесінше теріс әдеттерден қорғау. Сондықтан бұл алаң жас көшбасшыларымызға өз қыз­меті шеңберінде қоғамға ру­­хани құн­дылықтарды, «Адал аза­­мат» қағидатын мейлінше кеңі­­­нен насихат­тауға сеп болады. Әрі іс-шара жастар үшін ой түйіп, жаңа бастамаларына сер­пін бе­ретініне сенімдімін, – деді ол.

Жастар алдында сөз алған Ас­тана қаласы мәслихатының депу­таты, танымал тележурналист Ләйлә Сұлтанқы­зы қазіргі қоғам­да өткір тұрған мәселе­лер­ді айтып, себеп-салдарын ашып
көрсетті.

– Бүгінде оқуын аяқтаған кей тү­лек өзіндік өмір жолын қай са­ламен байланыстыра­рын біл­мей, жұмыссыз жастар қатарын толықтырып жүр. Тіпті олар ең­бекке араласуға мүмкіндік бере­тін «Болашақ», «Серпін», «Дип­ломмен – ауылға!» секілді мем­ле­кеттік бағдарламалардың барын білмей жатады. Ойлап қара­сақ, қазіргі уақыт – мүм­­кін­­діктер қанатын жайған ке­зең. Қа­рапайым интернет ар­қы­лы көп дү­ниені оқып, бір­не­ше тілді тегін меңге­ріп алу­ға бо­лады. Әлеуметтік же­лі­де қызы­ғушылығына не құн­дылығына сай жеке бренд қа­лып­тастыруға да мүмкіндік бар. Әрине, бұл – салдармен кү­ре­су ғана. Ал мәселенің мә­ні­сіне үңілсек, оған түрткі бо­лып отырған – отбасы институ­тын­дағы тәлім-тәрбие, білім сала­сындағы бағыт-бағдар берудегі олқылықтар. Мәселен, ата-аналар көп жағдайда балаларына ақыл айтады. Бірақ еш уақытта баласымен бірге отырып, пікір алмасып, ойын талқыламайды. Баланы түсіну үшін алдымен оның ортасына зер салу қажет, – деді Л.Сұлтанқызы.

Өз кезегінде маркетолог және Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі Расул Абдуллаев жастарға әлеуметтік желілерді қалай тиімді пайдалану керек екенін, өзіндік бағытты таңдаудағы ақыл-кеңесін айтты.

– Егер сіз математиканы жақ­сы көрсеңіз, онда маркетинг са­ласы сізге сәйкес келеді. Мате­ма­тиктер сатумен, таргетпен, тал­даулармен айналысады. Ал тарих пен географияға бүйрегіңіз бұрып тұрса, бренд менеджері мамандығын таңдай аласыз. Негізі бұл мамандық көп отандастарымыздың болмысына жақын келеді. Меніңше, қазір креативті өнім ойлап табуда еліміздегі адам капиталының әлеуеті зор, – деді сарапшы.

Форумда IT-дегі танымал ма­ман­дықтар мен салада жетістікке жетелейтін кеңестерімен ақпарат­тық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Медет Турин бөлісті.

– IT саласында ең танымал маман­дықтар бар. Олар – бағдарламашылар, тестілеу инженерлері, деректерді талдаушылар, UX/UI дизайнерлері, ІТ-маркетологтер, жасанды ин­теллект маманы және тағы басқалары. Осы бағытты таңда­ған жастар өз машықтарын дамы­туға, кәсіби байланыстар желісін құру­ға әрі үнемі оқуға дайын болуы қажет. Сондай-ақ кез келген жас кибермәдениет пен кибергигиенаны ұстануы керек, – деді М.Турин.

Ал Астана қаласы мәслихаты­ның депутаты Арсланбек Мағзұм жастар­дың еліміздің қоғамдық үдерісіне қатысуының маңызын атап өтті. Соны­мен қатар депутат жас буынды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды.

– ХХІ ғасыр жастарының алдында қазір көптеген мүмкіндік ашылды. Бұл – елордада өтіп жатқан керемет іс-шаралар ғана емес, түрлі грант, тегін курс­тар. Қазір жас министрлер, депутаттар, басқарушылар бар екенін бәріміз білеміз. Жастардың мемлекеттік қызметке барудан қорықпайтынын айтқым келеді. Мен жергілікті мәсли­хаттың депутаты бола отырып, идеяларды ұсынуға, жастардың құқығын қорғауға, қала мен елдің маңызды оқиға­ларына басшылық етуге және қатысуға болатынына мысал келтіре аламын. Мемлекет жастардың мәсе­лелеріне көп көңіл бөледі. Жастар саясаты аясында түрлі акция мен іс-шара ұйымдастырылып та жүр. Бір «Таза Қазақстан» акциясын ауыз толтырып айтуға болады. Ел тазалығына үндеген науқан тіл, мәдениет, ой, мінез-құлық тазалығын да қаузайды. Сондықтан республикалық ак­ция­ның мәні терең, – деді спикер.

Жалынды жастар жиынында «Joltap» әлеуметтік жобасының мүмкіндіктері де қозғалды. Жоба жетекшісі Дана Жүнісова отан­дастарымызға цифрлық кәсіпті оқыту және жұмысқа орналас­тыру мүмкіндіктері туралы толы­ғырақ айтып берді.