Президент құттықтауында отандастарымыз жазушыны өзінің бірегей қолтаңбасымен қалың оқырманның жүрегінен орын алған қарымды қаламгер, дарынды драматург ретінде құрметтейтіні атап өтілген.
«Сіз көп жыл бойы ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге сүбелі үлес қосып келесіз. Қаламыңыздан шыққан тартымды туындыларға заманның үні, қоғамның тынысы және адамдардың жан дүниесі мен асыл қасиеттері арқау болды. Сіздің қолтаңбаңызда қайсар мінезді абзал ана, қайраткер әйел бейнесін жасаудағы суреткерлік шеберлігіңіз анық байқалады. «Мәңгілік бала бейне», «Фариза», «Бопай ханым» және басқа драмалық шығармаларыңыз театр сахнасында қойылып, көрермен тарапынан жоғары бағасын алды. Алдағы уақытта оқырмандарды жаңа туындыларыңызбен қуанта беруіңіз үшін Сізге шығармашылық шабыт тілеймін», делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
М.Әшімбаев өз сөзінде Р.Мұқанованың шығармашылығы қазақ әдебиетінің қазынасына айналған нағыз классика екенін атап өтті. Қаламгердің туындылары мен көптеген пьесасы оқырман қауымның жоғары бағасын алып, шетелдерде де мойындалғаны белгілі. Оған жазушы шығармаларының халықаралық фестивальдерде алған жүлделері айқын дәлел.
«Роза Мұқанованың туындыларында әйел тағдыры айрықша орын алады. Сондай-ақ қаламгер рухани мәселелерге назар аударып, адамгершілік, ізгілік, мейірімділік сияқты дұрыс құндылықтарды дәріптеуге басымдық береді. Шығармаларының басым бөлігі шетелдерде де кеңінен танымал. Олардың көбі театр сахналарында қойылып жүр. Осылайша, Роза Қажығалымқызы өз туындылары арқылы қазақ драматургиясы мен мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосты», деген М.Әшімбаев жазушыға зор денсаулық, бақ-береке және сарқылмас шабыт тіледі.
Сонымен қатар іс-шара барысында зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер және қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, мерейтой иесінің шығармашылық өмірі туралы айтты және жылы лебізін білдірді.