Қоғам • 02 Қараша, 2024

Мазмұнды кездесу

215 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласының 90 жылдығына орай 90 кездесу жобасының кезекті қонағы сатирик, «Arqa aqshamy» газетінің бас редакторы, журналист Әдебиет Белгібайұлы болды. Мұхтар Әуезов атын­дағы кітапхананың №14 филиалында өткен кездесуде қалам­гердің бойындағы ерекше қасиеттері, шығарма­шылығы жөнінде сөз қозғалды.

Мазмұнды кездесу

Кездесуге Қарағанды медицина колледжі­нің студенттері, кі­тапхана ұжымы мен ақындар Қуа­ныш Мақсұтов, Серғазы Қабыл­даұлы, өлкетанушы, журналист Аңғар Смағұлов, ұстаз Ғазиза Ғабдоллақызы, қол­өнер шебері Қылышбек Құр­мантегі қатысты.

Сатирик шығармашылыққа келген жолын әсермен жеткізді. Әзіл-оспақ жанрын­да алғаш қалам тербеп жүр­ген­де «Қисық шеге» деген ша­ғын са­тиралық әңгімелер жина­ғы­ның жарық көріп, кейін шы­ғар­малары «Мырс-Мырс» кітабымен оқыр­мандарға жол тарт­қандығы жөнінде әңгі­меледі.

«Облыстық «Ortalyq Qaza­stan» газетінің тоқсан жылдығы қарсаңында сатиралық әңгіме­лерім баспадан кітап болып жа­рық көрді. Кітаптың таныстыры­лымын жасадық. Ұстазым Кө­пен Әмірбек келіп, батасын берді. Көпен ағамен «Айқын» газетінде бірге қызмет етіп, «Ара» апталығын шығардық. «Мырс-Мырс» кітабыма енген шығармаларым сол кезде жа­зылған. Қазір «Түнделік» айдарымен шағын сатира жазып жатырмын», деді кеш қонағы.

Кездесуге келген мейман­дар қаламгердің болмысы бала секілді екенін, жүріс-тұ­рысының өзі сатирик екенін аңғартатынын айтты.

Сатира саңлағы Көпен Әмір­бектен: «Әдебиеттің ше­бер­лігіне шек қоймаймын. Адыр-бұдырлы ағаштың ажарын ашып, темір­ден түйін түйгендей ұлы сати­раның ұстасына айналсын деп тілей­мін», деп бата алған сати­рик-жа­зушыға жиналған жұрт қоғамның қор­даланған мәселе­лерін ащы мыс­қылмен жеткізе беруі үшін қа­ламына қуат тіледі.

 

Қарағанды облысы