Қоныс тойы
Мемлекеттік бағдарлама аясында мегаполистегі 304 отбасына жаңа пәтер кілті тапсырылды. Шаһар басшысы тұрғындарды мерекелерімен құттықтап, толағай табыс тіледі.
Пайдалануға берілген үйлер қаланың Бозарық шағын ауданында орналасқан. Үй кезегінде тұрған азаматтар баспананы «Отбасы банк» АҚ арқылы мемлекеттік бағдарламаның «2-10-20», «5-10-20» бағыттары аясында несие түрінде рәсімдеп алды. Жаңа үйге қоныстанғандар ішінде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған, толық емес, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйым қызметкерлері бар.
Осы баспаналарды алуға 304 пәтерден тұратын 8 көпқабатты тұрғын үйге конкурс жүргізілді. Қазір үйлі болған азаматтармен сатып алу-сату келісімшарты жасалып жатыр. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарлама аясында «Отбасы банк» АҚ арқылы 400 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үйге конкурс жүргізілу үстінде.
Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар тұрғындардың жайлы өмір сүруіне көмегін тигізеді. Кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру, табысы аз азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 311 отбасына тұрғын үй сертификаты берілді. Бұл маңызды құжат қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмек есебінде жүреді. Осы сертификатты алған азаматтар кейін несиелік баспанаға қол жеткізе алады. Биыл мегаполисте жыл соңына дейін тағы да 4 мыңнан астам пәтер тапсырылады.
Жаңғырту бағдарламасының тиімділігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын сапалы баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын кешенді жаңғырту жөнінде нақтылы мақсат-міндеттер белгіледі. 2029 жылға қарай ел көлемінде апатты жағдайдағы 1500 тұрғын үй иесін жаңа пәтерлерге қоныстандыру жөнінде тапсырма берді.
Осыған байланысты Шымкентте тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырыла бастады. Қазір мегаполисте 2 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар, оның 70 пайыздан астамы жарты ғасыр бұрын салынған, көпшілігі апатты жағдайда. 134 тұрғын үй әбден ескірген. Дегенмен үйлерді сүріп тастамас бұрын тұрғындардан толық келісім алу қажет екен.
Міне, осы бағдарлама шеңберінде қала әкімі «Shymkent City» шағын ауданындағы тұрғындарға пәтер кілтін табыстады. Айналма өткеліндегі тұрғын үйлердің бірі сүрілуге жататын нысандар тізіміне енген. Ғимарат 60 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Қауіпсіздік пен энергияны тиімді жұмсау талаптарына мүлде сәйкес келмейді. Мұндай үйлер тұрғындарға ғана ғана емес, айналадағы инфрақұрылымға да қауіпті. Сондықтан оларды бұзып, орнына жаңасын салған жөн.
Бағдарлама шартына сәйкес апатты үйлердің иелері жаңа ғимараттан көлемі мен бөлмелері бірдей пәтер алады. Жаңа баспана бұрынғымен салыстырғанда 20 шаршы метрге кең. Сондай-ақ қоныстанушылар есептегіштерге қосымша ақы төлемейді. Тұрғын үй заманауи талапқа сай салынған. Қорыта айтқанда, мемлекеттік тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы азаматтарды сапалы үймен қамтамасыз етуге, қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға, экологиялық жағдайды түзеуге, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Балалар жаңа мектепке барады
Қала әкімі шаһардағы алғашқы екі жайлы мектептің ашылуына қатысты. Нұршуақ шағын ауданындағы жаңа білім беру ғимараты 2000 орынға шақталған, ал Қарабастау тұрғын алабындағы мектеп 1200 орынға есептелген. Бұл мектептерде оқушылар оқу жылының ІІ тоқсанынан бастап оқиды.
Мектеп тапшылығы жылдар бойы шаһарда өзекті мәселе болып келді. Осы проблеманы шешуге «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы септігін тигізіп отыр. Қазір елімізде апатты, үш ауысымды мектептер мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді.
«Жайлы мектепте» бастауыш пен жоғары сынып оқушыларының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай қарастырылған. Білім ұялары заманауи пәндік кабинеттермен, STEM-зертханалармен, роботтехника сыныптарымен жабдықталған. Мүгедектігі бар балаларға кедергісіз орта қалыптастырылған. Қауіпсіздік шараларына да ерекше назар аударылып, сандық бейнекамералар мен турникеттер орнатылған. Хореографиялықпен қосқанда төрт спорт залы, демалыс аймақтары мен воркаут, нетворкинг алаңдары бар. Ұлттық жоба аясында Шымкентте бұған қосымша тағы 18 «Жайлы мектеп» ашылады деп жоспарланған.
Көк тудың желбірегені...
Мегаполисте ең биік тутұғыры қаланып, мемлекеттік ту көтерілді. Тутұғырдың биіктігі – 100 метр. Аталған нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, атақты спортшылар мен жастар қатысты. Тұрғындарды айтулы іс-шарамен құттықтаған шаһар басшысы «Tulip Hall» концерттік сарайының маңындағы бұл биік тутұғыр қаланың мақтанышы ғана емес, мәдени-сәулеттік нысан ретінде қонақтар мен туристерді өзіне тартатын орын боларына сенім білдірді. Ұзындығы 30, ені 15 метрлік көк байрақты мегаполистің әр нүктесінен көруге болады. Салтанатты іс-шараға жиналған көпшілік қауым туымыз көкке көтерілгенде бойларын мақтаныш сезімі кернеп, патриоттық рухты оятқан керемет әсерде қалғандарын айтады.
ШЫМКЕНТ