Руханият • 02 Қараша, 2024

Жазушының шығармашылық зертханасы

399 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мұндай ғажап та тарихи сәтті қолына қалам ұстаған кез келген қаламгер армандайтын шығар. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен бір аптаға созылған суреткер шығармашылығын зерделеуге арналған мазмұнды шараның барлығы да жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Франц Кафка медалінің иегері, профессор Роза Мұқанованың 60 жас мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.

Жазушының шығармашылық зертханасы

Қазанның 28-інен бас­тап елорда театрлары мен кітап­хана­сында қарбаласқа толы қызу шы­ғар­машылық атмосфера орнаған. Бір уақытта бірнеше жерде қатарынан жүріп жатқан тағылымды іс-шараның тіпті қайсысына барарыңды білмей қиналасың. Себебі тыңғылықты ойлас­ты­рылған жобаның қай-қай­сысы да қызықты һәм мазмұнды.

Жеті күн тойланатын Мұқанова мерейтойының шымылдығы III халық­аралық «Театр аll» фес­ти­ва­лімен ашылды. Дәстүрлі өнер мерекесі биыл жазушы-дра­матург шығармашылығын арқау етті. «Мәңгілік бала бейне», «Фариза», «Бопай ханым», «Сарра», «Ешім де кінәлі емес», «Шатыр астындағы мен», тағы басқа болып жалғасып кете береді. Бүгінде Роза Мұқановадай театр үшін өндіртіп жазған қалам­герлер некен-саяқ. Ол – театр қор­жынын небір тағылымды туын­дыларымен байытқан қуатты қалам иесі.

Астанада осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып жатқан халық­аралық фестивальдың шымылдығы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры әкелген әйгілі «Мәңгі­лік бала бейне» спектаклімен түрілді. Осыдан жиырма жыл бұ­рын реформатор режиссер Болат Атабаевтың қолтаңбасында көрер­­­­меннің ыстық ықыласына бөлен­ген қойылым әлі күнге дейін көп­шілік қызығушылығын титтей де кеміткен жоқ.

Сондай-ақ айтулы театр фес­ти­валі­мен қатар Ұлттық акаде­мия­­лық кітапханада Мәдениет және ақпарат министр­лігі мен Қазақ ұлттық өнер университеті­нің ұйымдастыруымен «Роза Мұқанова шығармашылығы: әдебиет, театр, кино» атты халық­аралық ғылыми-практи­калық конференция өтті.

Алқалы жиынға шетелдік ғалымдар, әдебиет және өнер қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Асуан университеті Шет тілдер факультетіндегі орыс тілі кафедрасының меңгерушісі Мұхаммед Рияд (Мысыр), жазушы, драматург, Өзбекстан Жазушы­лар одағының мүшесі Жавлон Жовлиев (Өзбекстан), аудармашы, PhD, Қажы Байрам Уали университетінің профессоры Жемиле Қынажы (Түр­кия), Хаджет­тепе университеті­нің Әдебиет факультетіндегі Қазір­­­гі түрік диалек­тілері мен әдебиеті кафедрасының ғылы­ми қызметкері, өнер магистрі Сабина Саид (Түркия) және өнер магистрі, Фрайбург университетінің док­торан­ты, әдебиеттанушы Верена Цабель (Германия) бар.

Конференция Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балае­ва­ның құттықтау сөзімен ашылды.

«Роза Қажығалымқызының туынды­лары терең психологиялық мәнге ие. Адам жанының нәзік қырларын ашып, өмірдің күрделі салаларына жауап іздейді. Оқыр­ман мен көрерменді асқақ арман, өрелі ойға жетелейді. Осынау қажырлы еңбек пен шығар­ма­шылық болмыстан туған тұлғаның мерейтойына арналған бүгінгі шара Роза Мұқанованың әдебиет, театр, кино және педагогика­дағы жарқын жолын тереңнен тануға мүмкіндік береді деп сенемін. Бүгінгі алқалы жиында қаламгер шығармашылығы ғылыми тұрғыда сараланып, салмақты ой-пікірлер айтылады деген ойдамын», деп жылы лебіз білдірілген құттықтау хатты Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Руслан Әли оқып берді.

Мазмұнды іс-шараны әрі қарай Қазақ ұлттық өнер универ­си­теті ректорының міндетін ат­қа­рушы Раушан Нұртаза: «Қа­лам­гер бақытты қандай болу керек десе, менің көз алдыма Роза Қажығалымқызы келеді. Өзін іздейтін, шығармашылығың­дағы әр жаңалықты асыға күтетін оқырманы бар қаламгерден бақыт­ты кім бар? Бүгінгі қазақ театрын «Мәңгілік бала бейне» «Сарра», «Фариза» сынды туындылар­сыз елестету қиын. Бұл пьесалар әлемдік сахналарға да жол тартты. Ұлт әдебиеті мен мәде­ниетінің керегесін кеңей­­ту жолында қаламгердің қос­қан үлесі зор. Профессор Роза Мұқа­­нованы шәкірттері өте жақсы көреді. «Роза Мұқанова­ның шәкір­тімін!» дегенді мақ­та­ныш­пен айтады. Ұстаз ұлағаты бол­май, ұрпақ ұлағаты болмай­ды. Сіз шәкірттеріңіз­­­дің ғана емес, тұтас университетіңіз­дің мақ­та­ны­шысыз», деген жылы лебізі­мен жалғады. Ал Ұлттық ғылым ака­демиясының акаде­мигі, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры, филология ғы­лым­­дарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы «Қазақ газеттері» ұжымы атынан жүрекжарды құттықтауын былайша жет­кізді: «Азат Қазақстанның бү­гінгі әдебиетіндегі қайталанбас шығармашылығыңызды тал­ғам­ды жұрт ізденістің, ізгіліктің рәмі­зіндей көреді. «Жарық дүние­ден» «Сарраға» дейін, «Құдірет-Киеден» «Бопай ханым­ға» дейін қос жанрдағы қадау-қадау ең­бегіңіз – ұлт руха­ния­ты­ның олжасы. Дара болмы­сыңыз бен қолтаң­баңыз өзіңізді әрда­йым биік абыройға бөлеп, руха­ниятты орнынан көтергені – замандастарымыз үшін де, жас­тар үшін де айрықша өнеге. «Егемен Қазақстаннан» бас­тап «Ұлан» газетімізге дейінгі тарихи басылымдардың авторы ретінде де орныңыз бөлек. Заңғар жазушы, Еңбек Ері Әкім Тарази аға­­мызбен бірге ұл-қыз өсіріп, Ұлт­тық өнер универ­ситетінде шә­кірт тәрбиелеп, талантты буын қалыптастырдыңыз. Бұл да – еңбек­­тің жемісі».

Театртанушы маман, М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлі­мінің меңгерушісі Аманкелді Мұқан тізгіндеген конференцияда шетелдік қонақ­тармен қатар Алматыдан арнайы келген әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Ермек Ханкей, өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акаде­мия­сының профессоры, Театр өне­рінің тарихы мен теориясы кафедра­сының меңгерушісі Анар Еркебай мазмұнды баяндама жасады. Сондай-ақ ақын, филоло­гия ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің профес­соры Оңайгүл Тұржан Роза Мұ­қа­нова драматургиясындағы басты ерекшеліктерді тереңінен талдаса, жазушы-журналист, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенова Роза Мұқанованың прозасы турасында тұщымды пікір білдіріп, шығармашыл тұлғаның таланты мен талғамына жоғары баға берді.

Риясыз тілек төгілген маз­мұнды мерейтойлық жиын аясында жазушының «Муза» атты таңдамалы шығармалар жинағы, театртанушы Нартай Ескендіров құрастырған «Драматургия сардары» атауымен ұжымдық монография, түрік ғалымы Сабина Саидтың «Қазақ жазушысы Роза Мұқанова және оның таңдамалы пьесалары» атты түрік тіліндегі кітабының тұсауы кесілді.

Екі күнге созылған ғылыми-тәжі­рибелік конференция театр­танушы мамандар, өнертану кан­дидаты Аманкелді Мұқан мен Анар Еркебайдың, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Гүлсина Мірға­лиеваның, әдебиеттанушы, филоло­гия ғылымдарының кандидаты Ермек Ханкейдің және шетелден келген меймандардың шеберлік дәрістерімен мазмұн байытты. Мерейтойлық меже жазушы, драматург Роза Мұқа­нованың «Жарық дүние» атты шығармашылық кешімен түйін­делді. Жиынға қаламгердің өмір­лік серігі Әкім Тарази баста­ған қаламгерлер қауымы мен Пар­ламент Сенатының төрағасы Мәу­лен Әшімбаев қатысты. Мәулен Сағатханұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың құт­тықтау хатын оқып берді. Сал­танатты іс-шара әрі қарай сурет­кер әлемінен жан-жақты сыр шерт­кен һәм драматургтің сахна­лық қойылымдарынан үзінділер көр­с­етумен жалғасын тауып, кешке жиналған көрерменін айрықша әсерге бөледі.

«Мерейлі жастың асуына келген шақта сіздермен жүздесудің осындай бір мезетті сәті туды. Мен ең әуелі әдебиетке, содан ке­йін досым, жарым – менің Әкім Тара­зиыма рахмет айтамын. Жазу тазалықтан, ақиқаттан туады. Қалам шын мәнінде жалған айтпайды. Жазу үстінде Алланың алдында отырғандай сезінетінім де рас. Сондықтан көңілдеріңізден шыққан шығармаларым болса, қадірлі оқырман, патша кө­ңіл­ді көрермен, мен ең алдымен өздеріңізге зор алғысымды біл­ді­ре­мін», деп кеш соңында сахна төріне көтерілген қалам иесі шырайлы іс-шараны қоры­тындылады.

Иә, адалдық! Әдебиетке адал­дық, жазуға адалдық. Міне, жаны жарық жазушының бойындағы осы бір асыл қасиеті оны бүгінгі биігіне жеткізді. Бәсіресіне бұйыр­ған қаламның қасиетіне қылау­дай қиянат келтірмеуі көңіл сана­сын сұлу суреткерлік шыңына шы­ғар­ды. Бұл біздің емес, қаламгер шы­ғар­машылығын қадір тұтқан оқырманы мен көрерменінің рия­сыз пейілі екендігіне осы кеште тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық.

P.S.: Салтанатты жиын мәресіне жеткенімен, той әлі тарқаған жоқ. III халықаралық «Театр аll» фестивалі аясында өтіп жатқан Роза Мұқанова драматургиясына арналған спектакльдер шеруі 3 қарашаға дейін жалғасады.