Аймақтар • 02 Қараша, 2024

Талантты балалар тасада қалмайды

152 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бастаған топ әуелі «Мыңбұлақ» шағын ауданында орналасқан өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына ат басын бұрып, мұнда тәлім алып жатқан жасөспірімдердің жай-күйімен, орталықтың жұмысымен танысты.

Талантты балалар тасада қалмайды

Дерекке жүгінсек, мұнда 102 бала тәрбиеленіп жатыр екен. Басқосу барысында Ғани Бектенұлы буыны бекіп, қанаты қатаймай жатып тағдырдың түрлі сынағына тап болған жасөспірімдермен тілдесіп, олардың қажеттіліктеріне назар аудар­ды. Министр өз сөзін­де әр баланың құқығын қорғау­дың маңыздылығын атап өтіп, қауіп­сіз орта қалыптастыру қажет­тігін тіл­ге тиек етті. Сондай-ақ жер­гі­лік­ті атқарушы билік өкілдеріне әдіс­темелік қызметтер мен өңір­лік пе­дагогикалық қол­дау орталық­тары­ның қыз­метін күшей­туді тапсырды.

«Балалардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету және олардың құқы­ғын қорғау – мемлекет саясатының басты бағыты. Еліміздегі әрбір бала өзін ересек адамдардың қамқор­лығында екенін сезінуі керек. Ол үшін барлық уәкілетті органдар өз міндетін мінсіз атқарып, жергілікті жерде жұмысты дұрыс үйлестіргені ләзім.

Президент тапсырмасы бойын­ша осы жылдан бастап, бар­лық өңірде психологиялық қол­дау орта­лығы ашылды. Психо­лог маман­дардың жұмысын кү­шей­­те отырып, балалар құқы­ғы­н­ың бұзылуына қатысты жайт­тар­дың алдын алған жөн деп бі­лемін. Осы тұста балаларды жал­пы­­ұлттық құндылық рухында тәр­биелеуге бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізгі рөл атқаратынын ұмытпаған абзал», деді министр өз ойын ортаға салып.

Кейіннен «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында өткен кездесуде министр білім алушылармен еркін форматта әңгіме-дүкен құрды. Білім саласында қолға алынған жаңашыл бастамалар мен оқушыларды қолдау бағытында қолға алынған жұмыстар туралы әңгімеледі. Ғ.Бейсембаевтың айтуынша, болашақта білім бәсекелерінде топ жарған оқушыларға құрмет көрсетіліп, қаржылай сыйақы тағайындалады.

«Білімді ұрпақ – ел ертеңінің кепілі. Билік білімді оқушыларды әрқашан қолдауға да­йын. Енді халықаралық олимпиадада топ жар­ған жеңімпаздар мен жүлдегер­лер қомақты қаржылай сыйақы алады. Бұл – білім жарыстарына қызығушылықты арттырып, үздіктерді ынталандыру мақсатында қолға алынған жұмыс. Мәселен, халықаралық олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларға біржолғы сыйақы ретінде 5,5 миллион теңгеге дейін қарастырылған. Сонымен қатар жеңімпаздарға отандық жоғары оқу орындарының гранттары табысталады. Осылайша, дарынды жастарға үлкен қолдау көрсетіліп, олардың білімі мен жетістіктері лайықты деңгейде бағаланады. Жеңімпаздарды дайын­даған педагогтердің де еңбегі елеусіз қалмайды», деді министр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, білімді әрі бәсекеге қабілетті жастардың қатарын артты­ру мақсатында республика бойынша ілкімді іс­тер қолға алынған. Айталық, соңғы 5 жылдың ішін­де елімізде 1 миллион оқушыға арналған бір мың­нан аса мектептің құрылысы қарқын алды. Бұ­дан бөлек, барлық білім ошағын «Жайлы мектеп» дең­гейіне жеткізу бойынша жүйелі жұ­мыс­­тар ат­қарылып жатыр. Нәтижесінде, 2027-2028 жылға дейін еліміздегі барлық мектептің инф­ра­құрылымы жақсарып, оқушылар жоғары жыл­дам­дықты интернет пен заманауи үлгіде пәндік ка­бинеттерге қол жеткізбек. Осындай мәліметтер­мен бөліскен Ғани Бейсембаев әрбір пе­­дагог өз мамандығына адалдық танытып, ұрпақ тәр­бие­леу ісіне үлестерін қосуы қажеттігін жеткізді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловтың қатысуымен өткен кездесуге қатысушылар спикерлерге көкейде жүрген сауалдарын қойып, ұтымды жауаптар алды.

 

Жамбыл облысы