Шаруашылық • 04 Қараша, 2024

Алакөлдік диқандардың өнімі мол

92 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір шаруалардың жаз бойы күтіп-баптап өсіргендерін жинап, еңбек жемісіне кенелетін берекелі де мерекелі шақтарының бірі. Сондықтан қант қызылшасын өсіруге ден қойған Алакөл диқандары да күздің әр күнін қалт жібермей, науқандық жұмыстарға қауырт іске кіріскен.

Алакөлдік диқандардың өнімі мол

Аудандағы 7 ауылдық округтегі 14 шаруа қожалығы қант қызылшасын өсірумен айналысады. Биыл аудан бойынша 644 гектар алқапқа тәтті түбір егілді. Бүгінде 366 гектардан 15829,7 тонна өнім жиналып, әр гектарынан 432,5 центрден айналды. 6689 тонна өнім Ақсу ауданындағы қант зауытына өткізілді. Бүгінде тәтті түбір жинауды 14 шаруашылықтың 5 шаруашылығы аяқтап, 9 шаруашылық құрылымдары науқанды жүргізіп жатыр.

Өнім жинау науқанына қызу кіріскен «Bolat group LTD» ЖШС-нің қант қызылшасы алқабына барып қайтты. Шаруа иесі биыл заманауи тамшылатып суару технологиясын пайдалана отырып 275 гектар алқапқа тәтті түбір өнімін сеуіп, бүгінде 135 гектар алқаптан 8100 тонна өнім алды. Түсім көз қуантады. Жиым-терім оң нәтиже берсе, келесі жылы 1000 гектар алқапқа сеуіп, өнім көлемін молайтуды көздеп отыр.

Жалпы қант қызылшасы - бабы мен күтімі келіссе мол өнім беретін өсімтал әрі табысты дақыл. Мұны қызылша өсіруден мол тәжірибе жинақтаған Көлбай ауылындағы «Самет агро» шаруа қожалығы да жақсы біледі. Қожалық ауданымыздың негізгі басымдықтарының бірі қант қызылшасын 118 гектар алқапқа сепкен. Бүгінде, 100 гектардан 3200 тонна өнім жинап алды.

Аудан шаруалары үшін ауа-райының көмегі, егістікті жаңбырлатып, тамшылатып суару арқылы суды үнемді пайдаланудың арқасында қызылшаның шығымы жақсы болды. Ендігі мақсат - алажаздай күтіп-баптаған өнімді күздің қара суығына, жауын-шашынға ұрындырмай сапалы жинап алып, тиісті қант зауыттарына өткізу болып отыр. Бұл жұмыстарға 5 комбайн жұмылдырылды.

Диқандар қызыл қырманның қызған шағында мол өнім алатынына сеніміміз мол.