Аталған сабақтар мұғалімдердің білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар ұстаздардың біліктілігі арқылы жастардың патриоттық сезімін оятып, әскери қызметке деген қызығушылығын тудырады. Ұйымдастырушылар іс-шараның басты мақсаты саптық және денешынықтыру даярлығын пысықтау екенін айтты. Әрі осы оқуларда қатысушылар теориялық пен практикалық дағдыны бір-бірімен ұштастырды. Сондай-ақ ұстаздар жалпыәскери жарғылардың ережелеріндегі негізгі өзгерістермен де танысты. Бұған қоса еліміздің Қарулы күштерінің қару-жарағы мен әскери техникасын тамашалады.
Ал дәрісте оқытушылар құрамы әртүрлі болды. Ұстаздарға кеңес одағында қызмет еткендер де, бірнеше жыл бұрын әскери қызметін аяқтағандар да сабақ берді. Бір қызығы, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің арасында қыздар да болды. Оларға бұл пән өте ұнайтын болғандықтан осы мамандықты таңдапты. Сол үшін арнайы педагогикалық жоғары оқу орнында білім алған.
Дәріске қатысушыларға оқу-материалдық базадан орын берілсе, алдын ала дайындалған жеке құрам да соларға бөлінді. Өз кезегінде 35748 әскери бөлімінің тәжірибелі нұсқаушылары оқытушыларды әскери дайындық негіздеріне қалай дұрыс әрі сауатты оқыту керектігін баяндап, мұғалімдердің қызықтырған сұрақтарына жауап берді.
– Бүгінде алғашқы әскери дайындықтың әрбір мұғалімі мектептің әскери-патриоттық клубының басшысы десек болады. Осы орайда қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мәліметіне сүйенсек, Шымкент қаласының аумағында 137 мектепте алғашқы әскери және технологиялық дайындық бойынша сабақ өткізіледі. Әрбір оқушы армия туралы мағлұматты бірінші мұғалімінен алатыны белгілі. Сондықтан біз олардың қызметіне ерекше назар аударуымыз керек. Әскери бөлімде өткен әдістемелік сабақтар – ұстаздардың білімі мен тәжірибесін байытудағы алғашқы қадамдар, – деді бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары подполковник Қуаныш Айдынғалиев.
Қорғаныс саласы мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда оқушыларды жауынгерлік дайындық негіздеріне үйретудің маңызы ерекше. Себебі сол арқылы болашақ әскерге шақырылушылардың бойында Отан алдындағы борышын өтеуге деген сезімі оянады әрі жасөспірімдердің соған іштей дайындалып жүруіне мүмкіндік туады. Жалпы, әскерилер мұндай сабақтар қала мен елді мекендегі білім беру ұйымдарында әскери дайындық пәнін оқытуда оң өзгерістерге жол ашады деп үміттенеді. Бұл дәрісте мұғалімдер өзара тәжірибе алмасуға, сабақ барысында туындаған қиындықтарды ортаға салып бірге талқылауға, сондай-ақ білім беру үдерісін жақсарту бойынша ұсыныстарын әзірлеуге мүмкіндік алды.
– Мұндай іс-шаралар педагогтердің біліктілігін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың санасын сілкіндіріп, патриоттық рухын күшейтумен де маңызды. Бөлім басшылығы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде ұстаздармен бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан да дайын. Осы орайда әскери мен білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастық одан әрі арта береді деген үміттемін, – деді подполковник Қ.Айдынғалиев.