Аймақтар • 05 Қараша, 2024

Өнім мол түсті

67 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көктемде жерге түскен дәннің шығымын таразыға тартатын кездің де уақыты өтіп барады. Қамбаға қанша астық түсті? Қанша дәнді дақыл жиналды? Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ақбаян Сексенбаеваның айтуынша, Ұлытау облысы бойынша егістік алқабы биыл 31,0 мың гектарды құрады.

Өнім мол түсті

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Соның ішінде, бидай – 19,4 мың, арпа – 3,6 мың, сұлы – 0,1 мың, азықтық дақылдар – 6,9 мың, көкөніс және бақша дақылдары 1,0 мың гектар болды. Қазір облыста дәнді дақылдар толық жиналған.

Облыс бойынша 23,1 мың гектар егістік алқабы толықтай жиналып алынды. Бастырылған астықтың өнімділігі әр гектарға 11 центнерден келіп жатқан көрінеді. Егін жинау науқанына 50-ге жуық комбайншы, 80-нен аса автокөлік қатысты.

«Комбайндардың 13-і «ДжонДир», «Есіл», «Вектор» тәрізді шетелдік маркалар болды. Бұларда комбайншылар үшін жұмыс істеуге қолайлы жағдайлар жасалған. Осындай заманауи техникаларды игеру диқандарымыздың дәулетін де аңғартады. Сондай-ақ олардың еңбекке деген жаңаша көзқарасы қалыптаса бастағанын да айғақтайды. Өйткені еңбек адамына қалыпты жағдай тудыру – қазір басты талаптардың бірі. Науқан барысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне литрі орташа 250 теңгені құраған 227,587 тонна арзандатылған дизель отынының бөлінуі де оң әсерін тигізді», деді басқарма өкілі.

 

Ұлытау облысы