Медицина • 06 Қараша, 2024

Қарағандыда ауыл тұрғындары үшін медицина қолжетімді бола бастады

69 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысына қарасты ауылдарда биыл 14 жаңа медициналық нысан ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағандыда ауыл тұрғындары үшін медицина қолжетімді бола бастады

Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев баяндады.

«Президент медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып, әр науқасқа ерекше көңіл бөліп, денсаулық сақтау жүйесін қайта құру міндетін қойды. Жыл соңына дейін ауылдық жерлерде тағы 27 медициналық нысан ашылады. Ал келесі жылы 51 денсаулық сақтау мекемесі бой көтереді. Теміртау мен Балқаш қалаларындағы екі аурухана қайта жаңғыртылғаннан кейін ауданаралық ауруханаға айналады. Бұл облыс тұрғындарына медициналық көмек қолжетімді болады деген сөз», деді аймақ басшысы.

Аймақтағы білікті медициналық кадрларға қолдау көрсетіліп жатыр. Соңғы екі жылда 236 медицина қызметкері баспаналы болды. Мемлекет тарапынан берілген жәрдемақы көмегінің мөлшері 1,5 миллионнан 8,5 миллион теңгеге дейін артты. Бүгінде 63 маманға қолдау көрсетілді. Жыл соңына дейін тағы 20 медицина қызметкеріне көмек көрсету жоспарланып отыр.

Пульмонология, комбустиология және кардиологияға арналған құрал жабдықтар сатып алуды «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырады.