Суретті түсірген – Александр МАРЧЕНКО
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне жергілікті билік, зиялы қауым өкілдері арнайы келіп, қайраткердің есімін зор құрметпен еске алды. Балапан Зипатоллаұлы саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнады. Қарапайым тергеушіден Теміртау қаласы прокурорының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Әр жылдары облыстық прокуратурада, әділет департаменті бастығының орынбасары, кейінірек облыста соттар әкімшісі болып қызмет істеді. Облыс әкімінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды.
– Турнирдің лайықты деңгейде өтуіне лепті үлес қосқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен жастар футбол мектебінің басшылығына, қайраткер азамат, руханият жанашыры Ерғазы Қадашұлына алғыс айтамыз. Жылда Б.Әбеновтің көзкөрген замандастары да демеушілік көрсетіп жатады. Жүлде қоры қомақты. Өңірде шағын футболды дамыту қашанда маңызды. Биыл іріктеуден өткен үздік командалар келді. Мектеп жасындағы жасөспірімдерге бұл – тың мүмкіндік, – деді еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рамазан Сәттібай.
Екі күнге созылған жарыста Қарағандының «Қыран» командасы турнир жеңімпазы атанды. Екінші орынды Абай ауданынан келген футболшылар иеленді. Үшінші орын қарағандылық «Скаут» командасына бұйырды.
– Жарыстың деңгейі жыл өткен сайын жоғарылап, қатысушылар қатары көбейіп келеді. Бұл жолы Ақмола, Қарағанды, Ұлытау облыстарының футболшылары қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дене шынықтыру және спорт басқармасының кубоктары, медальдары, грамоталарымен марапатталды. Бұған қоса Балапан Әбеновтің туған-туыстарының, дос-жарандарының демеушілігімен ақшалай сертификаттар табысталды. Келесі жылы бұл турнирді республикалық деңгейде өткіземіз деп отырмыз, – деді жарыстың бас төрешісі Балғабай Нұрланов.
Турнир Б.Әбеновті еске алу ғана емес, ең алдымен, жас спортшыларды қолдаудың өзгеше үлгісі. Дәстүрлі доп додасы балалардың футболға деген қызығушылығын арттырып, жас жеткіншектерге ынта-жігер сыйлайды.
Қарағанды облысы