Талбесік • 07 Қараша, 2024

Сұңқарды самғатқан орталық

53 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бірегей жануарлар мен өсімдіктерді сақтап қалу мәселесі әлі де өзекті екенін алға тарта отырып, бұл бағытта қажетті шаралар қабылдауды тапсырған еді. Расы керек, ел аумағындағы жыртқыш құстардың саны бір кездері күрт кеміп кетті. Қызыл кітапқа енгені бар, енбегені бар, қаскөйлер қызығын көріп бақты. Қазірде мұндай құстар мемлекет қарауына алынған. Сарышаған теміржол стансасынан 8 шақырым жердегі «Самұрық» жыртқыш құстарды өсіру, мониторингілеу және оңалту орталығы Арқа көгіндегі жыртқыш құстың түр-түрін аман сақтап, самғатып тұр.

Сұңқарды самғатқан орталық

«Самұрық» жыртқыш құс­тарды өсіру, мониторингілеу және оңалту орталығы ұйымы­ның бастамашысы – «Мидя» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі. 2019 жылы құрылған ұйым­ның жалпы аумағы – 10 га. Бұл аймақта бірнеше блок бар. Алғашқы блогінде құстардың балапандарына арналған қоршау орнатылған. Сұңқар құстардың жұмыртқасын қалыпты температурада сақтайтын ғимарат, азық сақтайтын қойма өз жұмысын жүйелі атқарып тұр. Орталықта қызмет ететін мамандарға арнайы үй де салынған.

Бүгінде орталықтың қара­уында 105 сұңқар, 6 ақсұңқар құс бар. Олар 2021 жылы «Cites» ұлт­тық әкімшілік мекемесінің рұқ­сатымен Қатар мемлекеті­нен аталық сұңқардың 37 балапанын, аналықтың 20 балапанын әкелген еді. Сонымен қоса сол жылы Алматының зообағы­нан 5 сұң­­қар балапанды қатарға қос­қан. Ор­талық қызметкерлері биыл тағы да Қатардан 43 сұңқар, 6 ақ­сұңқар құс алыпты.

Мұндай жаратылысы аса нә­зік құстардың күтіміне ерекше білік­тілік керек. Орталық­тың бұл бағытындағы шаруа­лары олжасыз емес. Екі маман Ре­сей­дегі «Холзан» атты жырт­қыш құс­тар ор­талығында бір ай тағы­лым­дамадан өтіп кел­ді. Тағы бір маман Біріккен Араб Әмір­лігін­дегі жыртқыш құстардың бас вете­ринарлық госпиталінде тәжіри­бесін жетілдірді. Қазір құстарды қадағалаумен тікелей осы мамандар айналысады.

Орталық қызметкерлері жа­раланған жыртқыш құстарды емдеп алады. Мұнда текті құстар­дың гене­тикасын зерттейтін арнайы зертхана жұмыс істейді. Зерт­ха­на­дан жыртқыштардың популяциясына қатысты өзгерістер мен құбылыстарды анықтауға әб­ден болады. Сөйтіп, Арқадағы жабайы табиғатты зерттейтін мамандар шоғыры қалыптасып келеді.

Сұңқарлардың азығына келе­тін болсақ, көбіне тауық, бөдене, қоян етін жейді. Олардың ас мәзі­рінде 4-5 айлық жас тауық та бар. Орталық директорының ғылым және мониторинг орынбасары Шамиль Шәріпов жыртқыш құстарға көбіне бөде­ненің етін береміз дейді.

– Құстарды фабрикадан тірі­дей де, мұздатылған қал­пын­да да жеткіземіз. Оларды арнайы герметикалық қапта­ма­лар­ға салып тасымалдаймыз. Не­гізі құстар бөдене етімен қорек­тенгені жөн. Бөдене етін бермес бұрын қанаты мен аяқтарын алып тастаймыз. Ал балапан құс­тарға міндетті түрде ішегін таза­лап береміз. Бауыр, жүрек, тері мен қауырсынын жейді. Сұң­қарлардың өзіне тері, бауыр, аздап құс майы қажет. Бұл қорек құстардың терілері мен қауырсындарын қатайтуға сеп. Күнде олардың азығына дәрумен себеміз. Сұңқарлардың азығына бір тамшы балық майын қосамыз. Әр сұңқарға аптасына үш рет жұмыртқаның сарысын береміз. Текті құстарға берілетін азық түрі міне, осындай. Сапалы азықтың құстардың ағзасына жақсы әсері бар, – дейді Ш.Шәріпов.

Тауық еті айына екі рет Қа­ра­ғанды құс фабрикасынан, бө­дене еті Алматы қаласындағы құс фабрикасынан жеткізіледі. Қарағанды­дан айына 500-600 кило ет әкелінеді. Азықтың бар­лығы тоңазытқышы бар камерада сақталады. Қояндар жеке фермалардан сатып алына­ды. Келер жылы орталық аумағын­да тышқан тәрізді кеміргіштер­ді өсіруге арналған виварийлік ғимарат іске қосылады.

Орталық директоры орын­басарының мәлімдеуінше, кейінгі 70 жылда әлемде сұңқар құсқа деген сұраныс жоғары. Әсіре­се Парсы шығанағы елдеріндегі құс аукциондарында жақсы ба­ғаланады. Кувейт, Бахрейн, Сауд Арабиясы елдерінде, еліміздегі құсбегілер тарапынан да бап­талған сұңқарларға сұраныс бай­қалады.

– Орталық атадан балаға мұра бо­лып келе жатқан аңшылық дәс­түрді жандандыруға да сеп­ті­гін тигізеді. Қазақ халқының саят­шылыққа жаны құмар. Астындағы атына, баптаған тазы иті мен сұңқарына ерекше ықыласпен қараған. Аң­ның соңынан тазы жүгіртіп, төбе­сінен сұңқар ұшырған ел­міз. Орталықтағы жыртқыш құс­тардың саны көбейген соң саят­шыларға сату мүмкіндігі де пайда болады. Бұл шаруа қаржы­дан бұрын саятшылыққа дем береді, – дейді Ш.Шәріпов.

Ия, сұңқар құсты сақтаған, күтіміне барын салып баптаған орталықтың атқарып жатқан ша­р­уасы мақтауға тұрарлық. То­ғы­зыншы территория аспанында ақсұңқар құстар саң­қылдап, сам­ғап ұшар күн туса, оны қыз­ғыш­тай қорып, қырағылық ­танытып отыр­ған ұйымның есепсіз еңбегінің еш кетпегені болып шығады.

 

Қарағанды облысы,

Ақтоғай ауданы,

Сарышаған кенті