Аймақтар • 07 Қараша, 2024

Бекзат Саттархан атындағы спорт кешені чемпиондарды баптайды

167 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында «Самұрық-Қазынаның» қолдауымен спорт кешенінің құрылысы мәре сызығын кесуге жақын. Осылайша, Түркістан облыстық спорт мектебі жаңарып қана қоймай, оған Олимпиада чемпионы, қазақ боксының аңызы Бекзат Саттархановтың есімі берілмек.

Бекзат Саттархан атындағы спорт кешені чемпиондарды баптайды

Барша жергілікті тұрғындар мен спортшыларды қуантатын жаңа­лықты «Самұрық-Қазына» АҚ ком­паниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жоба­ларды дамыту қоры мен Түркістан облысы әкімдігі бірлесе жүзеге асырып жатыр. Нәтижесінде, дүбірлі додаларды өткізуге арналған спорт нысаны 320 көрерменді сыйдырып, үлкен зал мен бірнеше жаттығу алаңдары ашылмақ. Бұған дейін, аталған мекемеде 1500-ден аса спортшы жаттығып, 75 бапкер жұмыс атқарса, енді олардың қа­тары көбейе түсетіні көзделеді. Соны­мен қатар спорттық-мәде­ни шаралар санын арттырып, жетіс­тіктерге ұмтылу рухын шыңдай­тын құрылыс барысында да, кешен пайдалануға табысталғанда да құрылатын жұмыс орындары аймақтағы жұмыссыздықты қыс­қартпақ. Қордың 500 миллион теңге сомасындағы көмегі аясында әрлеу мен бояу, ою-өрнек салу, жылу мен желдету, су мен кәріз құрылымдарын жүргізу, электр қуатын тарту, аумақты көгал­­дандыру мен абат­тандыру, тех­но­логиялық құрал-жаб­дық­пен қамтамасыз ету жағдайы жақ­са­ратыны күтілуде. Бұдан тыс, үстел теннисін ойнау алаңқайы қа­растырылған.

Әбдісалан Нұрмаханов атын­дағы Олимпиада резервінің ма­ман­дан­дырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі 1999 жылғы 24 желтоқсанда іске қо­сылған. Бұқаралық спортты дамы­туда, яғни жастарды саламатты өмір салтына бейімдеу, спорт пен дене тәрбиесіне баулуда жүйелі іс-қимылдар тындырылғанмен, өңір, оның ішінде киелі шаһар­дың тынысы кеңейіп, жаңа да батыл қадамдардың қажеттілігі сезіл­ген. Тозған ғимаратты сүріп, заман талабына сай жаңғырту, озық инфрақұрылымды қалыптастыру шешімі қабылданған.

«Мектебімізде 18 бөлім тұрақ­ты жұмыс істеп тұр. Олар – бокс, дзюдо, таеквондо, еркін, грек-рим мен қазақ, самбо, белбеу күрестері, теннис, таеквондо ITF, панкратион және аралас әмбебап жекпе-жек және греплинг (AIGA нұсқасы), ушу кунг-фу, джиу джитсу, муайтай, кикбоксинг, пенчак силат, батуттық гимнастика сынды спорт түрлері. ­4 ең­бек сіңірген жаттықтырушымыз бар. Халықаралық дәрежедегі 4 спорт шебері болса, 110 спорт шебері өзгелерге үлгі-өнеге танытуда», деп әңгімелейді Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы міндетін атқарушы Алмас Нақыпбеков.

Биыл түркістандық спортшылар ел чемпионаттарында 35 алтын, 34 күміс, 63 қола медаль ен­шілеген. Әлем кубогінде 1 қола қор­жынға түссе, Әлем чемпионатында 2 жүлдегер жеңіс тұғырына көтеріліп, Азия чемпионаттарында 24 алтын, 5 күміс, 2 қола қанжығаны майлаған.

«Үлкен спорт кешені­нің тұсауы кесілетін, халық игілігіне жарайтын уақыт жақындап қалды. Бұл да бір біткен, ауыз толтырып айтарлықтай жемісті іс болатаны анық. Бекзат Саттарханов ағамыздың есімін иеленетін нысан­да талай дарынды спортшы жатты­ғып, биік белестерді бағындыра­ды, атақты жерлесіміз­дің даңқ­ты жеңісін қайталайды деп сенеміз. Қазақ спортының жанкүйерлеріне аталған оқиға құтты бол­сын дегім келеді», деп ойын білдірді бокстан әлем чем­пионы, спорт клубының дирек­торы Қай­рат Ералиев.

Б.Саттарханов даңғылында орна­лас­қан чемпиондар мектебі­нің шәкірттері мен түлектері ретінде дзюдошылар Дидар Хамза, 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анжелес қа­ласында өтетін Олимпиадаға бапта­лып, үкіленіп отырған Айдар Арапов, самбодан Қазақстанның бір­не­ше дүркін чемпиондары, әлемдік жарыстардың жүлдегерлері, ба­луан қыздар Айжан Жылқыбаева мен Ұлбосын Әділова, әйелдер күресі­нен Нюлифар Раимова мен Мәдина Аман, басқа да болашақ талантты жарқын жұлдыздардың аттары аталады. Кәсіпқой бокс­шы, Бек Нұрмағанбетті де Түркістан облыстық спорт мектебі мақтан тұтады. Мәселен, тек бокстан әлем чемпионы, Олимпиада ойы­н­да­рының жүлдегері, халықаралық са­йыс­­тар­дың 25, ел чемпио­натта­рының 20 жеңімпазы шыққан.

Жалпы, дереккөзге сүйенсек, Түркіс­тан қаласында 220 мыңнан астам адам тұрса, олардың 20 па­йызы тұрақты спорт­пен шұ­ғылданады. Бұл ретте спорт орындарына зәруліктің жоғары екені байқалады. Мемлекет бюджеті­нен қаржы­лан­дырылатын мектепте ха­лықтың бар­лық тобы бос уақытын тиімді өткізе алмақ.

Атап өткен абзал, ұлт денсау­лығының сапасын арттыру мен спорт саласының өркендеуіне үлес қосу – «Самұрық-Қазына» қоры­ның әлеуметтік саясаты мен қайы­­рымдылық қызметінің бас­­ты бағыттарының бірі. Оған дәлел, бұқаралық спорт инфрақұрылымын дамытуда, Қор демеушілігімен, биыл қазан айында Қызылорда облысында Сыр­дарияның сол жағалауында үстел теннисінің орталығы салынды. Шығыс Қазақстан облысында­ғы Қатонқарағай, Зайсан аудандарында тұсауы кесілген спорт алаңдары «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен соңғы үш жылда еліміз бойынша бой көтерген тиісті нысандардың санын 30-ға жуықтатып отыр. Қор бұқаралық спортты дамыту, балаларға спорт инфрақұрылымын қолжетімді ету бағытында ауылдарда спорт алаңдарынан бөлек, ел бойынша 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен көпсалалы спорт кешенін іске қосты.

Қор тарапынан ерекше балаларды оңалту мен білім алуы үшін жағдай жасаудан бөлек, оларды бейімделген спорт түрлеріне баулу мәселесі қолға алынған. Қазіргі таңда 23 қала мен елді мекенде түрлі спорт түрлері бойынша 1100 ерекше балаға арналған 89 секция тегін жұмыс істеп тұр. Қатысушылардың бір­қатары республикалық қана емес, халық­­аралық сайыстардың жүлдегері атануда.

Түркістан облысында «Samruk-Kazyna Trust» қорының қар­жы­ландыруымен денсаулық сақтау, бұқаралық спорт пен инклю­зия­ны дамыту, білім беру, әлеуметтік кәсіпкерлік және ха­лықтың әлеу­меттік осал топтарын қор­ғау ба­ғыттарында 2020-2024 жылдар аралығында 1,5 млрд теңгеге 18 жоба мақұлданды. Оның ішінде оңал­ту орталықтары, «Мектепке жол» акция­сы аясында әлеуметтік осал топтағы оқу­шыларға мектеп құралдарын алып беру, мек­тепішілік санитарлық тораптар орнату және ауылдық медицина нысандарына жаңа жедел жәр­дем көліктерін табыстау сияқ­ты қадамдар бар. Мысалы, Қор қол­дауымен Кентау қаласында алғаш рет бейімделген спорт бойынша бочча секция­сы ашылды. Нә­тижесінде, еліміздегі Қор лифт орнатып беріп, көптен бері шешімін таппай келе жатқан түйткілді тарқатқан жалғыз арнаулы кәсіптік колледждегі тірек-қимыл жүйесі бұзылған I, II және III топтағы ерек­ше балалар өздеріне ың­ғайлы пара­олимпиадалық спорт түрімен айна­лыса алады.