Қоғам • 07 Қараша, 2024

Жетімдер үйінен шыққандар баспана ала алмай жүр – сенатор

129 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Геннадий Шиповских ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы туралы мәселе қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жетімдер үйінен шыққандар баспана ала алмай жүр – сенатор

Фото: Instagram / gennadiishipovskikh

Оның айтуынша, балалар үйінен шыққан жасөспірімдер өмірде өз орнын тауып, аяққа тұрып кеткенше мемлекет тарапынан қолдау тиісті дәрежеде көрсетілу керек. Сондай-ақ депутат елімізде жетім балалардың басым бөлігі баспаналы бола алмай жүргенін атап өтті.

«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға баспана алуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалармен жеңілдіктер қарастырылғаны туралы ақпарат беріп жатыр. Алайда, 2022 жылы шекті жасқа толған жетім балалардың 61 471-і мемлекеттік тұрғын үй қорында кезекте тұрса, оның 852-сі ғана баспаналы болған. Дәл солай, 2023 жылы кезекте тұрған 62 290 азаматтың 809-ы ғана баспанаға қол жеткізген», дейді депутат. 

Сонымен қатар Геннадий Шиповских жетім балалардың сапалы оқу орындарына түсу мен жұмысқа орналасу мәселесін тілге тиек етті.

«Бұл уақытта жетім балалардың колледждер мен жоғары оқу орындарына түсуі үшін бөлінетін грант квотасын көбейту манызды. Алайда, бұл арада шешуші әрі маңызды рөл атқаратын мәселе – жұмыспен қамтудың шешімін табу. Өкінішке қарай, бүгінгі күні орта мектепті бітірген жетім балалардың жұмысқа орналасу көрсеткіші көңіл көншітпейді», дейді ол.

Аталған мәселелерді ескере отырып, депутат келесі ұсыныстарын ортаға салды:

  • шекті жасқа жеткен жетім балалардың баспана кезегінің бірнеше жылдарға созылып кетуіне байланысты арнайы баспана бағдарламасын әзірлеп, жұмыс алгоритмін ұсыну;
  • жастайынан тағдырдың тәлкегіне түскен жетімдерге оқу орнынан кейінгі арнайы жұмыспен қамту бағдарламасын әзірлеу.

«Тағдыр тәлкегіне тап болған тастанды және жетім балалардың жай-күйі баршамызды бейжай қалдырмайды деп сенемін», деп сөзін түйіндеді депутат.