Әйгілі Көкқасқаның иесі – Қуаныш Советов. Ол бала кезінен бері ит жүгіртіп, аң аулайды.
– Шыны керек, мұндай жарысқа қатысып қана қоймай, одан олжалы болу – біз үшін зор мақтаныш! Қуанышымда шек жоқ! Кілең жүйрік тазылардың арасында Көкқасқам сұлулығымен көзге түсті. Жүйрігім тіл-көзден аман болсын, – дейді Қуаныш Советов.
«Asyl qazyna» федерацияның бас төрешісі Елдос Кәрімжанов халқымыз үшін аса қастерлі асыл тұқымды иттерге зор көңіл бөлініп жатқаны үлкен қуаныш дейді.
– Осындай жарыстар жоғары деңгейде өтіп жатқаны қуантады. Басқа облыстарда тек аймақтық деңгейде жарыстар ұйымдастырылады. Оған тек 30-40 тазы ғана қатысады. Ал Қарағанды облысында әуелі аудандық деңгейде іріктеу өткізеді. Сосын барып облыстық деңгейде үздіктер анықталады. Мұнда тазы иттердің саны жүз елуден асады. Сол себепті де қарағандылық саятшылардың еңбегін жоғары бағалайтынымды атап өткім келеді, – дейді бас төрешісі.
Елдос Кәрімжанов «Asyl qazyna» федерациясымен бірге халықаралық кинология федерациясының (FCI) бас комитетіне қазақтың тазы итін (Kazakh Tazy) ресми ит тұқымы етіп тіркету үшін күш салып жүр.
«Қарағанды облысының құмай тазы және төбет иттер федерациясы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанболат Омар мұндай турнирлер арқылы басқа өңірдің саятшыларымен тығыз байланыс орната аламыз дейді.
– Біз биыл жүлделі орынға іліге алмадық. Дегенмен, мол тәжірибе алдық. Аймағымыздың тазысы «Ең сұлу тазы» деп мойындалып жатыр. Осының өзі біз үшін үлкен жетістік. Нұрдәулет Мырзақановпен бірге 2018 жылдан бері «Asyl qazyna» республикалық тазы федерациясының түрлі турнирлеріне қатысып келеміз. Біз үшін ең бастысы – еліміздің тәжірибелі итбегілерімен қарым-қатынас орнату, – дейді ол.
Бұл додаға Қарқаралының Басар деген тазысы да қатысқан еді. Өкінішке қарай, доданың бұл жүлдесі тек біреуіне ғана бұйыру керек деген шарты бар екен.
2018 жылы өткен «Asyl qazyna» тазы федерациясының республикалық алғашқы жарысында Қарағандыдан барған Сарықасқа атты тазы бірінші орынды иеленген еді.
Қарағанды облысы