Кейінгі кезде азаматтардың жеке деректерінің жария болып кету жағдайы жиіледі. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, алаяқтар да жасанды интеллектіні өз мақсатына ыңғайлап алды. Олардың жіберген хаттары мен сілтемелері сондай сенімді. Мұны фишинг дейді. Яғни кибер шабуыл жасайтындар құпия ақпараттарды алдап жинау мақсатында жалған веб-сайттар мен электрондық хаттарды пайдаланады. Бұл хабарламалар елең еткізбей қоймайды. Сондықтан жалған мәліметке сеніп, сан соғып қалатындар көп. Осы мәселені шешу мақсатында Т.Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицейінің жас зерттеушісі Жәнібек бір жыл көлемінде жаңа инновациялық жоба жасады. Жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Жанар Құрымбекованың айтуынша, жалған ақпаратты жасанды зерденің көмегімен анықтау өте тиімді әрі сенімді.
– Біздің бұл жобамыз «Киберқауіпсіздік жүйелерін дамыту үшін жасанды интеллектіні қолдану» деп аталады. Мақсатымыз – қазір қарқын алған интернет алаяқтыққа тосқауыл қою. Осындай қиын да қызықты тақырыпты Жәнібек жан-тәнімен зерттеді. Берілген тапсырмаларды дер кезінде орындап отырды. Жобаның практикалық бөлігін компьютерде жасадық. Нақтырақ айтсақ, «openAI» сайты арқылы қосымшамызды енгіздік. Жалпы, желідегі хаттардың фишинг екендігін дер кезінде анықтағанда, жасанды интеллектіні қолданған өте ыңғайлы. Бұл технология ақпараттық қауіпті дер кезінде мәлімдеп отырады, – дейді Ж.Құрымбекова.
Статистикаға сүйенсек, елімізде биыл интернеттегі кибершабуылдың 17 838 фактісі тіркелген. Күн сайын қаншама адам «Менің атымнан ақша сұраса, мән бермеңіздер, алаяқтар алқымымнан алып жатыр» деп дегбірсізденеді. Сондықтан сарапшылар жеке мәліметтерді бөлісер кезде сауысқаннан да сақ болуды ескертеді. Өйткені дипфейкті шынайы мәліметтен ажырату өте қиын. Ашып айтсақ, дипфейк – жасанды интеллект көмегімен өңделген фото, бейне немесе аудиожазбалар. Бұл технология адамдардың бейнелерін пайдаланып, оларды сөйлетіп, кез келген дауысты салады, сонымен қатар ешқашан айтпаған сөздерді айтқызуы мүмкін. Дипфейк 2016 жылы пайда болды, бірақ қарапайым қолданушыларға қолжетімсіз еді. Алайда былтырдан бастап, дипфейк жасайтын бағдарламалар барлық интернет қолданушыға қолжетімді, кеңінен таралып жатыр. Сол үшін де ғаламтордағы дүниелерді саралай білуге балаларды ғана үйретіп қоймай, ересектерді де тарту керек.
– Кейінгі кезде алаяқтарға алданған таныстарымның көптігіне көзім жетті. Бұл мәселе мені бейжай қалдырмады. Содан киберқауіпсіздікке өз үлесімді қосқым келді. Осылайша, жасанды интеллект арқылы кибершабуылдардың бұрынғы түрлерін талдай отырып, жаңа қауіптерді анықтауға болатынына көзім жетті. Сонымен қатар «OpenAi GPT-3» бағдарламасын қолдана отырып, ұялы телефонға келетін хаттарды талдау нәтижесінде оның рас-өтірігін анықтайтын қосымша құрдым. Осы құрылғының көмегімен кез келген адам өзін алаяқтардан қорғай алады. Мен бұл жобаны одан әрі жетілдіремін. Оқуды аяқтаған соң Назарбаев университетінің инженерия мамандығына түскім келеді, – дейді жас зерттеуші.
Мемлекет басшысының киберқылмысқа қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Ішкі істер министрлігінде жаңа бейінді департамент құрылды. Бұл бастама азаматтарды заманауи қауіп – киберқылмыстан қорғауға бағытталған. Департамент киберқылмыстарды анықтаумен, оларға қарсы күресте стратегиялық қадамдарды әзірлеумен айналысады. «Технологиялардың қарқынды дамуы және интернет-қатерлер санының артуына байланысты мамандандырылған арнайы бөлініс құру қазіргі заманауи қауіпке неғұрлым тиімді жауап беруге мүмкіндік береді», дейді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Азаматтар ең бастысы кибергигиена ұғымын түсінсе абзал дейді қауіпсіздік мамандары. Бұл – тым қарапайым ережелер. Яғни күмәнді қосымша мен сайтқа дерегін тіркемесе, кез келген сілтемеге өтпесе дейді. Құпиясөзге де мұқият болған абзал екен. Мысалы, «Password», «123456», «111111», «123123» секілді құпиясөздер ең жиі қолданылады. Осылайша, хакерлер мен алаяқтардың жұмысын өзіміз жеңілдетіп береді екенбіз. Сонымен қатар өз жеке деректеріңізді, соның ішінде банк реквизиттеріңізді интернет немесе телефон арқылы ешқашан бермеңіз. Құрылғыңызға екі факторлы аутентификацияны орнатып, мессенджерлерде қосылып, құрылғыларды үнемі тексеріп отырыңыз. Ресми көрінгенімен, күдікті хабарламалар немесе хаттардағы сілтемелерге өтпеңіз. Антивирустық бағдарламаларды ұмытпаңыз оларды үнемі жаңартып отырыңыз. Ақша туралы әңгіме бастаған бейтаныс адамдарға сенбеңіз, олар өздерін кім ретінде танытса да, оларға SMS-кодтар мен басқа құпия ақпаратты хабарламаңыз.