Ғылым • 08 Қараша, 2024

Бактерияға қарсы наножабынды жіп

290 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі химия және химиялық технология факультетінің ғалымдары хирургиялық жіптердің бетіне мультиқабатты наноөлшемді жабын енгізіп, оларды бактерияға қарсы қолдану әдісін жетілдірді.

Бактерияға қарсы наножабынды жіп

Операциядан кейінгі асқыну­лар, әсіресе ин­фекциялар, қазір­гі медицина­да­ғы­ маңызды мәселе­лердің бірі. Хи­рур­гиялық жіптер операция кезінде жараны тігу үшін қол­да­нылғанымен, олар­дың бетіне бактериялардың қо­нуы нәтижесінде инфекция қаупі артады.

– Бұл жағдай кейде ауыр асқы­нуларға әкеп соғып, қайта операция жа­сау қажеттілігін тудырады, ал мұн­дай жағдай науқастың өміріне үлкен қауіп төндіреді. Хирургиялық жіптердің бактерияларға қарсы қорғаныс механизмінің әлсіздігі осы мәселені одан әрі күшейтеді.  Біздің ғылыми топ ұсынған жаңа шешім – хирургиялық жіптердің бетіне мультиқабатты наноөлшемді жабын орнату арқылы бактерияларға қарсы қорғаныс жасау. Бұл мәселені тиімді шешуге бағытталған маңызды қадам. Соның ішінде антибактериалды агенттерді енгізу арқылы инфекциялардың алдын алу әдісін жетілдіру  медицинада аса өзекті әрі қажетті жаңалық. Осыған орай, бұл зерттеу медициналық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, хирургиялық әрекеттерден кейінгі асқынуларды азайтуға, сондай-ақ науқастардың өмірін сақтап қалуға ықпал ететіні сөзсіз, – дейді жоба жетекшісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Әлия Оспанова.

Модификацияланған жіптер тек жо­ғары механикалық берік­ті­гі­мен ғана емес, сонымен қа­тар адам тіндерімен биосәйкестігімен де ерекшеленеді. Профессор Әлия Ос­панова атап өткендей, бұл қасиеттер олардың қолданылуын қауіпсіз әрі тиім­ді етеді. Антибактериалды агент­термен жабдықталған жіп­тер бактериялардың көбеюі­не жол бермеуімен қатар, науқас­тың сауығуын тездетеді. Соны­мен қатар арзан әрі ұзақ мерзім­ге жететіндігімен медицина­лық тә­жі­рибеде үлкен артықшылықтарға ие.

Әлемде антибактериалды жіп­­тер­дің аналогтері бар болса да, бұл жоба елімізде алғаш рет қолға алынып отыр. Қазіргі кезде операция  кезінде хи­рургтер жіптерді спирт немесе хлор­гексидин ерітіндісіне салып, залал­сыздандырады. Алай­да бұл әдіс адам өмі­ріне қауіп төн­ді­руі мүмкін. Ал на­ножабынмен қап­талған жіптер бак­терияға қарсы қа­жетті уақытта әсер етіп, антибакте­риал­ды агент бірне­ше ай бойы бак­те­рия­лармен тиімді күресуге қабілетті.

Университет ғалымдары ғы­лыми жоба аясында жоғары импакт-факторлы журналдарда ма­қалалар жариялап, өнертабысқа патент алды. Қазіргі таңда «Chem­Med­Lab» ғалымдарының жаса­ған инновациялық жобасына хирургиялық жіптерді шығаратын «RuMa Farm» компаниясы қызығу­шы­лық танытып отыр. Ғалымдар бұл жобаны бірлесіп жүзеге асыруға дайын. Ендігі кезекте жи­нақталған тәжірибеге негізделе отырып, отандық хирургияда қол­данылатын жіптерге антибактериалды жабындар алу шарттарын әзірлеу және жаңа типтегі жіптерді жасап, олардың химиялық және биологиялық қасиеттерін «in vitro» жағдайында зерттеп, халықаралық нарыққа шығуды жоспарлап отыр.

 

АЛМАТЫ