Суицид • 08 Қараша, 2024

Өрімдей жас өз өміріне неге балта шабады?

232 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жыл сайын әлемде 720 мыңнан аса жан өз-өзіне қол жұмсайды, 15-29 жас аралығындағы азаматтардың үш қазасы тіркелсе, оның бірі суицид сал­дарынан болады екен. Биыл Қазақстандағы өз-өзіне қол жұмсау фактілері өткен жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға азайған. Осы оң нәтижені сақтап қалу, балалар арасын­дағы суицидті бұдан да әрі азайту үшін не істемек керек?

Өрімдей жас өз өміріне неге балта шабады?

Сурет: ашық дереккөз

Бас прокуратураның  Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 2024 жылдың алғашқы алты айын­да суицид оқиғаларының саны 2,1 мыңға жуықтап, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,2 пайызға азайғанын мәлімдеді. Комитет деректеріне сүйенсек, өз-өзіне қол жұмсайтындардың басым бөлігін 30 жастан асқан азаматтар құрайды, олардың 81 пайызы бұл қадамға ішімдік ішіп, есірткі қолдану салдарынан барған. 2024 жылдың алғашқы алты айындағы 2,1 мың оқиғаның 112-і жасөспірім балаларға тиесілі. Яғни бұл тарапта да өлім саны едәуір азайып, оң өзгерістер байқалған.

Сарапшы мамандар елдегі суицид саны кемігенімен, қоғам үшін бұл мәселенің өзектілігі жойылмайтынын ескертеді. Бұл орайда бізді «жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау мәселелесінің алдын алу жұмыстары өңірлерде қалай жүргізіліп жатыр?» деген сұрақ мазалайды? Мәселен, Оқу ағарту министрлігінің Бала құқығы жөніндегі Атырау облысындағы өңірлік уәкілі Айжан Сәрсембаевамен сұхбат­тас­қанымызда балалар ара­сын­дағы суицид қазіргі қоғамның өте ауыр проблемасы екенін, оның алдын алу мақсатында әлем мемлекеттері кешенді жұмыстар атқарып жатқанын, бірақ ол шаралардың тиімділігі әр елде, әр қоғамда әртүрлі болуы мүмкін екенін сөз етті.

«Менің ойымша, біріншіден, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алудың бас­ты жолы – мектептер мен бала­лар ұйымдарында жалпы тәрбие­лік мәні бар іс-шараларды көбірек ұйымдастыру. Бұл орайда жасөспірімдердің санасына ситуациялық ойындар арқылы мейірім мен жылулық сыйлауға болады. Екіншіден, біз осы дерттің қауіпті белгілерін балалар мен ата-аналардың өздері де саралай алатындай білім бе­ріп, олардың таным көкжиегін кеңейтуге көңіл бөлеміз. Бала кез келген депрессиялық жағ­дай­ға түскенде көмек сұрауға ар­ланбауға тиіс. Қиналған сәтте кімге, қайда жүгіну керек екені туралы ақпараттарды да білгені дұрыс. Үшіншіден, мектептердегі психологтердің және түрлі кризис орталықтарының жұ­мы­сын күшейту мәселесін күн тәр­тібінен түсірмеу қажет. Балалар өтпелі кезеңде түрлі пси­­хо­логиялық қысымдарға оңай беріледі. Психологтер жас­өс­пі­рім­дердің ішкі эмоциясы мен көңіл күйін басқаруды үйретіп, олармен ұдайы жақын қарым-қатынаста болуға тиіс. Бұл орайда ұрпақтың күйзеліспен күресу дағдыларын қалыптастырып, көңіл күй интеллектісін дамыту секілді мәселелер назарда болса, мамандар «баланы не толғандырады, оның қалауы қандай?» деген сұрақтарға дер кезінде жауап бере алса, өзін-өзіне қол салу деректері де азаяр еді. Төртіншіден, жас ұрпақтың суицид жасауға тәуекел етуіне бірден-бір себеп – әлеуметтік қолдаудың болмауы. Әлеуметтік әлеуеті төмен отбасылардың бала­ларына қол ұшын созып, олар­дың бос уақытын тиімді өткізуі­не жағдай жасау сияқты жұ­мыс­тарды тоқтатпаған дұрыс», дейді Айжан Мақсұтқызы.

Сарапшылар ата-аналар мен балалары бір-бірімен ашық әңгі­мелеспейтініне де алаңдайды. Сондықтан да әке мен шеше бала тәрбиесіне қатысты барлық жауапкершілікті ұстаздарға арта салып, қайғылы жағдай туа қалса, мектепті, оқу орындарындағы тәрбиені кінәлау белең алып бара жатыр.

«Ата-ана өтпелі кезеңге аяқ басқан әр жасөспірімнің пікі­­рін тыңдап, олармен дос секілді сырласуға тиіс. Осы орайда Атырау облысы Білім басқармасы тарапынан зерделеу тобы құрылғанын айта кеткен жөн. Бұл топ суицид оқиғалары орын алған мектептерге барып, зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер де ата-аналар баласының мінез-құлқының құбылуын бай­қаса, уақыт өткізбей тиісті органдарға хабарласып, арнайы мамандардың қызметіне жүгіну керектігін ескерткім келеді», дейді А.Сәрсембаева.

Ал Қостанай облыстық білім басқармасының Психологиялық қол­даудың өңірлік оқу-әдісте­мелік орталығы директоры Елена Петренко өзі басшы­лық ететін өңірлік мекеменің алты жылдан бері жұмыс істейтінін, осы алты жылда орталық жасөспірімдердің тәрбие және профилактикалық жұмыстарымен айналысып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Біріншіден, жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұм­сау деректерін азайтудың жолы – интер­нетті дұрыс пайдалану. Біздің орталық осы бағыт­та кешенді іс-шаралар атқа­рып, әлеуметтік желілердің мони­торингін жасап отырады. Осы қадам арқылы ерекше назар аударуға тиіс оқу­шы­­ларды анықтап, оларға барынша психологиялық жәр­дем көрсетіп жатырмыз. Менің­ше, бұл проблеманың алдын алу үшін әлеуметтік желідегі парақшаларымызды барынша дамытуға тиіспіз. Екіншіден, суи­цид оқиғаларының 80 пайызы ата-ана мен бала арасындағы жанжал себебінен туындайды. Сондықтан да біз балалармен ғана емес, ата-аналармен де жұмысты күшейтуді қолға алдық. Орталықтың психологтері кез келген азаматқа тәулік бойы тегін ақыл кеңес беріп, психологиялық тұрғыда жәрдемдесуге дайын. Тіпті бізде анонимді сенім телефоны да жұмыс істейді. Сенім телефонында білікті психологтер жасөспірім мен ата-ана арасындағы жанжалдан туын­да­ған кез келген проблеманы шешуге көмектеседі. Сенім телефонына хабарласқан жеткін­шек­тің психологиясы толық қа­лыпқа келгенге дейін оны на­за­рымызда ұстаймыз», дейді Е.Петренко.

Маманның айтуынша, аталған орталық Қостанай облысындағы мектеп, колледж және балабақ­ша­лардың жайын да жіті қадаға­лап, пси­хологтер тоқсан сайын оқу­шы­лардың эмоционалды көңіл күйіне диагностика жасап, ерекше көңіл бөлу керек топтарды анықтайды екен. Бұған қоса өңірде былтырдан бері қанатқақты режімде авторлық «Сигнал» атты автомат­тан­ды­рыл­ған жоба іске қосылған. Бұл жоба аясында студенттермен анонимді сауалдама жүргізіліп, оны компьютер арқылы өңдеп, психологтердің қауіптің алдын алып, жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Сондай-ақ аталған бағдарлама буллинг, кибербуллинг бойынша зерттеу жүргізуге де қабілетті.

Е.Петренко облыстағы білім беру ордаларында қызмет етіп жатқан 1-2 жылдық қана жұмыс өтілі бар мамандарды оқытатын «Педагог-психологтардың бастауыш мектебі» атты жобаның іске қосылғанын, бұл қадам пси­хо­лог­тер­дің жауапкершілігін арттырып, кәсіби білігін шың­дай­тынын айтты.

Сонымен қатар ол Психо­ло­гия­лық қолдаудың өңірлік оқу-әдістемелік орталығы жұмыс істей бастаған алты жылдың ішінде буллинг, кибербуллинг, аутодеструктивті және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәсе­лелеріне қатысты 200-ден аса семинар өткізіп, 10 мыңнан аса профилактикалық көрнекі ма­териалдар дайындалғанын, он­даған авторлық, әлеуметтік тас­палар жарық көріп, сенім телефоны мыңдаған қоңырауларды қабылдағанын, қазіргі уақытта орталық мамандары 600 психо­ло­гиялық қызметке әдістемелік сүйемелдеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары мен еліміздегі осы салаға жауапты мамандар қазір қоғамға қасыңда жүрген адамды тыңдау, жақындарыңа рухани демеу болу және оларға әрдайым қолдау көрсету арқылы да қызмет етуге болатынын айтады. Демек бәріміз суицидтің алдын алуда сергектік танытып, жеткіншектеріміздің балалықтың балдәурені мен қызыққа толы шуақты сәттерін алаңсыз өткізуі­не жауапты екенімізді ұмытпасақ екен.