Чемпионат Қарағанды қаласының Пришахтинск бөлігінде орналасқан №33 мектепте өтті. Қаладағы 40 мектептен қатысқан 74 команда 8 санат бойынша бақ сынасты. Олардың роботтары «Қыз қуу», «Асық ату», «Көкпар», «Жамбы ату», «Бәйге», «Теңге алу», «Ханталапай», «Арқан тарту» ойындарында бәсекеге түсті. Мұнымен қоса, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін шеберлік сыныптары өтті. Балдырғандардың рухты флешмобы да көпшіліктің көңілінен шықты.
– Ұлы дала құндылықтары біздің қоғамды біріктіреді. Бұл жарыс қазақ мәдениеті мен дәстүрін заманауи технологияларымен ұштастырып отыр. Оқушылардың танымын кеңейтеді. Қарағанды қаласының мектептерінде техникаға бейім оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Білім ордаларында роботтехника кабинеттері бар. Жабдықтар жаңартылып жатыр. Болашақ инженерлерге арналған көптеген үйірме, Steam зертханалары қосымша білім деңгейінде жұмыс істейді, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім.
9-дан 16 жасқа дейінгі оқушылар роботтарды жинау және бағдарламалау дағдыларын көрсетті.
– Мен роботтехникамен айналысқаныма 2 жыл болды. Көкпар туралы мол мәлімет жинадым. Бірақ мұнда бірінші барлық ерекшелікті түсініп алу керек. Алдымен Робот шабандозды жылдам жинап, содан кейін оны смартфондағы «Bluetooth» арқылы сауатты басқару қажет, – деп бөлісті №33 мектеп-бөбекжай кешенінің 6-сынып оқушысы Ярослав Землянский.
Жарыс ұйымдастырушылардың бірі Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның роботтехника пәнінің оқытушысы Әділбек Бердіходжаев чемпионаттың алдында авторлық ережелер алдын ала жазылып, арнайы ойын алаңдары жасақталғанын айтады.
– «Көкпар» санаты үшін электронды табло жасалды. Мұнда нағыз ойын атмосферасы сезіледі. Яғни онлайн режімінде барлық қатысушы мен жанкүйер жарысқа куә бола алады. «Ханталапай» жаңа санаты: робот әртүрлі жерлерде шашыраңқы асықтарды жинауы керек. Тапсырма оңай емес – объектінің қай жерде екенін есептеуге тиіс. Қажетті сызықты жоғалтпау да маңызды, – дейді Ә.Бердіходжаев. Ұйымдастырушы мұнымен қоса ұлттық нақыштағы роботтехника чемпионатының екінші мәрте өткенін атап өтті.
Алдағы уақытта да дәстүрлі түрде, республикалық, тіпті халықаралық деңгейде өткізгісі келетінін жеткізді. Бұған да қомақты қолдау қажеттігін де жасырмады.
Жарыс жеңімпаздары кубок, медальдармен марапатталды. «Аlihanrobotics» онлайн орталығында тегін оқу мүмкіндігін де сыйлық етіп табыстады. «Ұлы дала ойындарының» абсолютті чемпионы атағын Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның командасы жеңіп алды.
Қарағанды облысы