Аймақтар • 12 Қараша, 2024

Ерлігі ел есінде

51 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызмет бабында жүріп қаза тапқан қарағандылық құтқарушы Хайрат Хали Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Мәртебелі марапатты облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қаза тапқан өрт сөндірушінің туған-туыстарына табыс етті.

Ерлігі ел есінде

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарқаралы ауданындағы дала өртін сөндіру кезінде Саран қаласындағы №24 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Хайрат қаза болған еді. 1991 жылы туған сержант азаматтық қорғау органында 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келген.

«Хайрат Халидың өртті сөндіру ке­зінде көрсеткен ерлігі – нағыз батылдық пен жанқиярлықтың үлгісі. Ол өз өмірін адам­дарға қызмет етуге және туған же­рін қорғауға арнады. Халидың жақын­да­рының қайғыларына ортақпыз. Әлбетте, біздің сөзіміз бен қолдауымыз отбасына ардақты ұлды, аяулы әкені қайтара алмайды. Тілсіз жаумен күрес кезінде табанды қызмет қылып, қыршын кеткен батырдың есімі ешқашан ұмытылмайды»,  деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Мемлекеттік награданы табыс ету рәсі­міне құтқарушының әріптестері қа­тысты.

– Ел Президентіне біздің батыр әріп­тесімізді марапаттағаны үшін алғыс айтамыз. Хали Хайрат өзінің онжылдық қызметі барысында қашанда мамандыққа адалдығын көрсетті. Оның жүректілігінің арқасында бірнеше жан қатерден арашаланып қалды, – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев.

Саран қаласындағы өрт сөндіру бө­лімінің бастығы Марғұлан Ысқақов Хайрат қаза тапқан қайғылы оқиғаның қалай өрбігені туралы баяндады. Хайрат пен тағы үш құтқарушы сол күні дала аумағын күзетуге шығады. Далада өрт ошағын кезіктірген олар оны дереу сөн­діруге кіріседі. Болжам бойынша, сол сәтте желдің бағыты өзгерген.

– Жігіттер оқиға орнына жетіп, бізге не болып жатқанын хабарлап отырды. Хайраттың соңғы айтқан сөзі: «Бәрі дұрыс, уайымдамаңыздар» еді... Бірақ тосын табиғаттың кесірінен есіл ер қызметтік міндетін атқару барысында қапияда мерт болды, – деді М.Ысқақов.

Марқұмның жақындары «қайғылы сәтте қасымыздан табылып, есімін құр­меттеп, «Ерлігі үшін» медалін тарту етіп жатқандарыңызға ерекше алғысымызды білдіреміз», деді.

«Отбасында төрт баланың екіншісі еді. Бала күнінен құтқарушы болуды мақсат тұтты, адамдарға көмектесіп, қоғамға пай­дасын тигізгенді жақсы көретін. Өрт сөн­діру бөлімінде 10 жылға жуық жұмыс іс­теді. Оның ерлігі – өмірдегі қалған ізі», дейді марқұмның әпкесі Бибігүл Хамитқызы.

 

Қарағанды облысы