Ақылды көзілдірік
Атырау қаласындағы «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушылары Хайдар Атагулла мен Қайырхан Лұқпанов әзірлеген «Ақылды көзілдірік» стартабы әлемнің үздік 100 жобасы қатарына енді.
Жоба «Jasscience-2024» байқауында жеңімпаз атанып, дүниежүзіндегі ең беделді бағдарламалардың бірі «100 Rise Global Winners 2024» тізіміне енді. Нәтижесінде, жоба авторларының бірі Хайдар Атагулла әлемнің кез келген университетінде тегін оқу мүмкіндігіне ие болды.
«Көзілдірік RikaAI атты жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Бұл – саусақпен басу арқылы іске қосылатын ақылды бағдарлама. Аталған жүйе қолданушыға құлаққап көмегімен дауыстық тапсырмалар береді әрі сол арқылы құрылғымен өзара әрекеттесуге мүмкіндігі туындайды. Біз өнімді жасау барысында 3D принтерді қолдандық, ал камера, құлаққаптар мен микрофонды арнайы тапсырыс арқылы алдық», дейді Х. Атагулла.
Қайырхан Лұқпановтың айтуынша, көзілдіріктер төрт негізгі функцияны атқарады.
«Біріншіден, олар ChatGPT немесе Wikipedia сияқты қойылған сұрақтарға жауап береді. Екіншіден, мәтінді сканерлеп, дыбыстап оқиды. Үшіншіден, көзілдірік қозғалыс кезінде кедергілер туралы ескертіп отырады, бұл көру қабілеті нашар адамдарға көмектеседі. Төртіншіден, көзілдіріктер бөлмеде болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат беріп, сипаттай алады. Болашақта біз құрылғының қызметін кеңейтуді жоспарлап отырмыз», дейді Қ.Лұқпанов.
Инновациялық жоба
Семейде 11-сынып оқушысы қалалық инфрақұрылым мен туризмді жақсартуға көмектесетін AR-веб қосымшасын әзірледі. Инновациялық жоба «Ақылды қала» бағдарламасы аясында жүзеге асып, шаһар инфрақұрылымының жобасын жасауға мүмкіндік береді.
Жоба авторы Нұрлыхан Маратов қанатқақты нұсқаны кешікпей қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, AR технологиясына негізделген қосымша арқылы кез келген жұмыстың 3D-моделін көруге болады. Яғни мобильді қосымшаны жүктеп, QR-кодты сканерлеу жеткілікті. Осылайша, құрылысы жоспарланған нысан белгіленген орында пайда болады.
«Бұл қосымшаның қолданыс аясы өте кең. Тек қала құрылысында ғана емес білім саласында да пайдалануға болады. Мәселен, тарих кітаптарында қолданып, әр жылдарда болған оқиғаларды графика арқылы көрсетуге мүмкіндік бар. Ал егер биология сабағында пайдалансақ, QR-кодты сканерлеу арқылы адамның анатомиясын көрсетеді», дейді Н.Маратов.
Озат оқушының жетекшісі Алма Шүкежанова Нұрлыханды 9-сыныптан бері баулып келеді. Үш жылда шәкірті облыстық, республикалық және халықаралық сайыстардан жүлдесіз қайтпаған.
«Дарынды оқушымыз AR-веб қосымшасын облыс тұрғындары үшін қолжетімді етуді көздейді. Осы арқылы халық қала құрылысына қатыса алады. Белгілі бір нысанның салынуына қатысты пікір қалдырып, тіпті дауыс береді», дейді математика пәнінің мұғалімі А.Шүкежанова.
Құтқарушы құрылғы
Жетінші сыныпта оқитын ақтаулық Әлішер Асқардың құралы суға батқан адамға жедел көмек жібереді. Жоба макеті шағын білезік пен құтқару қайығынан тұрады.
Дарынды оқушының роботтехникаға деген қызығушылығы екінші сыныптан басталған.
«Адам суға батқан кезде қолындағы білезік белгі береді. Осылайша, Құтқарушы құрылғымыз батып бара жатқан адамның қай маңда екенін жедел анықтап, микротолқындар арқылы оны тауып, өміріне араша түседі. Былтыр Ақшұқырда 3 баланың ашық теңізге кетіп қалғаны мені бейжай қалдырмады. Сондай оқиға қайталанбас үшін осы жобаны қолға алдым. Бұл құрылғы төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Алдағы уақытта Каспий жағасындағы демалыс базасында сынақтан өткізіп, өзге өңірлердегі туристік орындарда қолдануды жоспарлап отырмыз», дейді ол.