Тәрбие • 12 Қараша, 2024

Тәрбие – талбесіктен

65 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылордадағы Достық үйінде IХ республикалық әкелер форумы өтті. Отбасы мәселелерімен айналысатын сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен республикалық әкелер одағының өңірлік жетекшілері, жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысқан жиын­да бала тәрбиесінде әке жауапкершілігін арттыру төңірегінде келелі ой-пікірлер айтылды.

Тәрбие – талбесіктен

Он төрт жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Әкелер одағы­ның негізін қоғам қайраткері Қуаныш Жұматаев құрған еді. Бұл күнде дүниеден өтіп кеткен азамат әкелер қауымын мектепке жақындатып, әр отбасында елін сүйетін, ұлтына жаны ашитын еңбекқор азаматтың тәрбиеленіп шығуында ерлердің орны ерекше екенін ісімен көрсетті. Кейін жұмыс ауқымы ұлғайып, мектеп жанындағы кеңес көптеген облыс­та филиалы бар одаққа айналды.

Жиында Мәдениет және ақ­парат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төра­ға­сының орынбасары Біржан Әлімжанов биыл­ғы форумның «Тәрбие – тал­бе­сік­тен» деп аталуының себебіне тоқталды.

«Отбасындағы тәрбие мемле­кеттің әл-ауқаты мен тұрақ­тылығына тікелей әсер етеді.  Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жол­дауында «Мек­тепке дейінгі тәр­бие беру және оқыту ісіне мем­лекетпен қатар ата-аналар да жауапты» деп атап өтті. Отбасы – өскелең ұрпақ құн­дылықтарының қалып­тасуының негізгі көзі. Министрлік жүргіз­ген әлеуметтік зерттеулер қоры­тындысы халықтың 82 па­йыздан астамы ерлі-зайыптылар бала тәрбиесімен бірдей айналысуы керек деген тұжырым жасағанын көрсетіп отыр», деді Б.Әлімжанов.

Форум қатысушыларына бас­пагер Бақытжан Бұқарбайдың бала тәрбиесі туралы бүгінгі әкелердің әңгімелері мен ойлары топтастырылған «Заманмен санасқан 30 әкенің хикаясы» атты кітабы таратылды. 

«Ер адамның бейнесін қалып­тастырудағы әкенің рөлі: жауап­кершілік, батылдық, құрмет» тақырыбына модераторлық еткен отбасылық психолог Ержан Мырзабаев қазіргі қоғамдағы көп келеңсіздік бала тәрбиесіндегі әкелер ықпалының әлсіреп кетуі­нен екендігін айтты. Бір үйел­меннің жауапкершілігін ар­қа­лай алмайтын әке өсіп келе жатқан ұлына қандай үлгі көр­сетеді? 

Осы тақырып аясында Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, П.Чайковский атын­дағы Алматы музыкалық кол­леджінің директоры Біржан Хасан­ғалиев әкеге құрмет турасында ой өрбітті. Әкесі, даңқ­ты компози­тор, әйгілі әнші Ескен­дір Хасанғалиевтің жаны­нан тас­та­­май ертіп жүретіні көп қа­тар­­­­ластары секілді ұлттық құн­­­ды­­­­­лықтардан қағыс қалудан, «ас­фальт баласы» атанудан сақ­тап­ты.

«Әкем бала тәрбиесіне барын салған азамат болды. Сол тұста қазақшасы кемшін Алматы көшесінде қатар серуендеп жүріп менімен тек қазақша сөйлесетін. Қазір біз үйге қонақ келе қалса, балаларды сыртқа қуып жатамыз ғой. Ал мен әкемнің жа­нында жүріп, қазақ өнері мен мәдениетінің қабырғалы қайрат­керлерінің біразының әңгімесін тыңдадым. Соның бәрі азамат ретінде қалып­тасуыма негіз қала­ды», деді ол.

Қазақстан халқы Ассамб­лея­сы жа­нындағы респуб­лика­лық Ана­лар кеңесі жетекшісінің орын­ба­са­ры Камал Әлпейісова ұл тәр­бие­сі­не көбірек көңіл бөлу ке­рек­ті­гін айт­ты.

Сессиядағы «Отбасы және қауіпсіздік», «Саналы ата-ана», «Ерлер үшін спорт пен денсау­лықтың маңызы» атты тал­қы­лаулар аясында қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицидтің алдын алу мәселесі, саналы түрде отбасын құру, бала тәрбиелеудегі әкенің рөлі мен жауапкершілігі, баланың бойындағы қабілеттерді арттыру төңірегінде пікір алмасты.

«Тәрбие – талбесіктен» атты IX республикалық әкелер форумы барысында айтылған ұсыныс-пікірлердің дені бала тәрбиесіне баршаның жұмылуы керектігі тура­­сында болды. Сонда ғана бү­гін­гі қоғам талабына сай өске­лең ұрпақ қалыптастыра аламыз.

 

ҚЫЗЫЛОРДА