Жәдігер • 13 Қараша, 2024

Римдіктердің әйнек ыдысы

79 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуразия аумағында ғұн дәуіріне тиесілі 14 кешен бар. Осылардың 10-ы Моңғолия жерінде. Атап айтар болсақ, «Ноин Ула», «Гол мод», «Гол мод – 2», «Дуурлиг нарс», «Бор бұлақ», «Бэлх сайы», «Тақылтты шұңқыры», «Оба қара», «Қиялғынты», «Ямаан уса» деп аталады.

Римдіктердің әйнек ыдысы

Жоғарыдағы оншақты кешен аумағынан 15 мыңға жуық әртүрлі (қоныс, қорған, оба, қорым, көм­бе, қабір, т.б.) ескерткіштер анық­талса, осылардың 2000-ы ақ­сүйектер немесе көсем-бек­за­да­лар қорымы есебінде екен. Ақ сү­йек­­тер қорымының ерекшелігі – басқаларына қарағанда  шағын һәм көлемі шаршы пішіндес, кі­реберісінде қақпашасы бар. Сыр­тынан қарағанда сопақ ромбик пошымды төбешік сияқты көрінеді. Қорымның көлденең радиусы 10 метрден 60 метрге дейінгі аумақты қамтиды.

Бұндай кешендер ішіндегі ең атақтысы – Ноин Ула. Мұнда 100-ден астам қорған-оба бар. Алғаш рет аталған кешенді осыдан жүз жыл бұрын (1924) орыс оқымыстысы П.К.Козлов қазған болатын. Міне, бір ғасыр болды, әлі зерттеліп біткен жоқ. Ескертетін дүние, әлемдегі ғұн қорғандарының барлығы дерлік тоналған. Алғашқы тонау тіпті өте ерте сянбилер заманында басталған дейді археолог мамандар.

Осындағы кешендерге жүр­гізілген қазба жұмыстары барысында бұл жерден ғұн мұрасынан басқа, Ром, Мысыр, Персия, Хан им­периясына тиесілі жәдігерлер де қоса табылуда. Соның бірі – 2010 жылы моңғол даласындағы «Гол мод – 2» ғұн қорғанының 30-қо­рымынан б.з. І ғасырында Рим империясының ақсүйектері қол­данған әйнек ыдыс табылды.

Қазіргі таңда дәл осы жә­дігер (Римнің әйнек кесесі) әлем музей­лерінде, атап айтсақ: Эр­митажда, Германияның Бонн му­зейінде, АҚШ-тағы Нью-Йорк му­зейінде, Италияның Ром му­зейінде, т.б. жерлерде барлығы отыз шақтысы ғана сақталған екен. Де­мек, бұл жәдігер – осыдан екі мың жыл бұрын Ор­талық Азияда билік құрған ғұн­дар Еуропадағы римдіктермен қарым-қатынаста болғанына дәлел. Бұл нені біл­діреді. Ғұндар өз заманында күллі еуразиялық кеңістікке сауда-сат­тық, тауар алмасу, сондай-ақ, дип­ломатиялық қатынас орнатты деген сөз. Тіпті қолөнері дамыған шет мемлекеттер ғұндардың тапсыры­сымен әртүрлі бұйымдар жасап беретін болған.