Медицина • 13 Қараша, 2024

Вакциналау саласынан тәжірибе алмасты

37 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Шымкентке Тәжікстан Республикасының денсаулық сақтау саласының өкілдері арнайы іссапармен келіп кетті. Шетелдік қонақтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерімен бірге қаладағы медицина мекемелері мен мектептердегі егу қабинеттерінің жұмыстарымен танысып, адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакциналау бойынша тәжірибе алмасты.

Вакциналау саласынан тәжірибе алмасты

«Бірінші кезекте қазақ елі­нің қонақжай, дарқан мінезіне, екіншіден бүгінгі алған білім мен тәжірибе үшін алғыс айтамын. Иммундау күнтізбесіндегі жаңа вакциналарды қолдану халық арасында көптеген сұрақ туғызатыны рас. Осы орайда біз Қазақстанға әріптестеріміз­ден тәжірибе үйренуге, сөйтіп, атал­ған вакциналауды өз елімізде қолдану үшін келдік. Қазақстан ТМД мемлекеттері ішінде медицина саласы ең дамыған ел болып саналады. Көптеген күрделі ауруды емдеу үшін бұрын шетелге шықсақ, қазір кейбір дерт түрлерін Қазақстанда да емдеуге болатынына көзіміз жетіп жүр. Соның ішінде қатерлі ісікпен күресуде Қазақстаннан үйренер нәрсе көп. Әсіресе Шымкент қаласы соңғы жылдары медицинада алға қарай қарышты қадам жасады. Үлкен мегаполистің бұл саладағы табыстары бізді де қуантып отыр. Тәжікстан Республикасы 2025 жылдан бас­тап адам папиллома вирусына қарсы вакцина салуды бастайды. Осыған байланысты қазірден бастап дайындық жасап жатырмыз», деді Тәжікстандағы иммунопрофилактика орталығы­ның бас директоры Файзали
Барот.

Шымкент қаласында адам па­пиллома вирусына қарсы екпе егу жұмыстары әлі тоқтаған жоқ. Жоспар бойынша екпе алуға тиіс жасөспірім қыздардың 50 пайыз­дан астамына вакцина салынды. Бұл көрсеткішпен Шымкент республикада алдыңғы қатарда келеді. Бүгінге дейін вакцина алғандар қатарында жанама әсерге тап болғандар кездеспеді.

Айта кету керек, тәжікстан­дық медицина мамандарының қатысуымен өткен тәжірибе алмасу іс-шарасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі, сондай-ақ қалалық Денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған. Халықаралық деңгейдегі бұл кездесу мегапо­листен бөлек, Түркістан облысында да жалғасын тапты.

Қазан айынан бері елімізде жатыр мойны обырының негіз­гі себебі болып саналатын адам папиллома вирусына қарсы қыздарды жаппай вакциналау жұмысы жүріп жатыр. Ден­саулық сақтау министрлігі­нің мәліметінше, қазір респуб­лика көлемінде 57 мыңнан аса қыз бала АПВ-ға қарсы вак­цина алған. Соның ішінде Шымкентте 5,3 мың қыз бала екпе қабылдаған. Министрлік бір айлық бұл статистиканы жоғары көрсеткіш ретінде бағалап отыр. Дегенмен мамандардың айтуынша, елімізде жатыр мойны обырынан болатын қайғылы оқиғаларды азайту үшін әлі де ауыл-аймақтарда насихат жұмыстарын жалғастыра түсу керек. Осы ретте, министрлік өкілдері мектептер мен ден­саулық сақтау мекемелерінде түсіндірме жұмысын тұрақты жүргізуге кеңес беріп отыр. Соның аясында шаһардағы №52 мектеп-лицейінде жо­ға­рыда аталған тәжікстандық ма­мандардың қатысуымен арнайы жиын өтті.

Жалпы, АПВ шырышты қабықтар мен теріні за­қымдайтын вирустардың ең көп тараған топтарының біріне жатады. Бұл вирус шынында да адам үшін өте қауіпті, өйт­кені ол ағзаға тез таралып, жа­сушалардың қатерлі ісігінің қоз­дырғышына айналады және қатерлі ісіктің пайда болуы бастапқы кезде білінбейді. Соның салдарынан ағзадағы ауру тудырған өзгерістер көп жағдайда симптомсыз жүреді. Өз кезегінде жатыр мойны обыры онкологиялық ауру болып саналады. Статистика көрсеткендей жыл сайын әйел­дердің 7,5 пайызы осы адам па­пиллома вирусынан қатерлі ісікке шалдығып, көз жұмады. Айта кететін жайт, адам папиллома вирусына қарсы вакцина алу үшін ең әуелі ата-ананың келісімі қажет. Сондықтан білім беру ұйымдарында өтетін осы тақырыптағы жиындардың басым көпшілігіне ата-аналар арнайы шақырылады. Бұдан бөлек, АПВ-ға қарсы екпені ата-аналардың қалауымен қыз балалар өздері тіркелген емханалар арқылы да ала алады.