Шымкент • 13 Қараша, 2024

Шағын аудандарға газ жетті

51 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Шымкенттің Қаратау ауданына қарасты 10 мың тұрғыны бар Бозарық тұрғын алабына табиғи газ берілді. Бұл маңызды инфрақұрылымдық жобаның құрылысы былтыр басталып еді. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те арнайы келді.

Шағын аудандарға газ жетті

Сурет: ru.freepik.com

Бозарық шағын ауда­нының халқымен кездесуде газдандыру ісі кез келген шаһардың дамуы мен тұрғындардың өмір сапа­сын арттыруға өлшеусіз үлес қоса­тынын атап өтті. Сондай-ақ табиғи газдың қала экологиясын жақсартуға тигізер септігін де тілге тиек етті. Сонымен бірге тұр­ғындарға «көгілдір отынды» пайдалану кезінде қауіпсіздік ере­желерін қатаң сақтауға қатысты өтініш те білдірді.

Қазір газдандырудың екінші кезеңі аясында шамамен 700-дей абонент табиғи газға қол жеткізіп отыр. Жыл соңына қарай үшінші кезең аяқталғаннан кейін, қосымша тағы да 700-ден астам отбасы таби­ғи газбен қамтамасыз етіледі. Сон­дай-ақ осы жылдың аяғына дейін шаһардағы Ынтымақ-2, Тассай, Қаратөбе шағын аудандарын да көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осы ретте газ желісіне қосылуды жылдамдату үшін тұрғындар «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ға өтініш білдіріп, құ­жаттарды тапсыруы қажет.

Қала әкімі жуырда ғана 60 мың­нан аса халқы бар Қайнар­бұлақ тұрғын алабын газ құбыры желісі­не қосуға арналған салтанатты іс-шараға да қатысқан еді. Айта кеткен жөн, аталған алаптың халқы осыған дейін күнделікті тұрмыста сұйытылған газды қолданып келген. Бұл елді мекенде газ құбырының құрылысы 2022 жылы басталған. Шаһар басшысы халықтың коммуналдық қызметке байланысты қажеттілігін дер кезінде өтеу үшін жауапты сала мамандарына газ құбырын кестедегі мерзімді күтпей ерте кезден бастап пайдалануға бере беру туралы тапсырма жүктеген болатын.

Бұл орайда аталған елді мекен абоненттерінің 60 пайызы «көгілдір отынға» қол жеткізді, ал 40 пайызы биыл қараша айының соңына дейін қосылады деген жоспар бар. Қайнарбұлақтық тұрғындары қазірден бастап табиғи газ құбырын үйлеріне тартуға өтініш білдіре алады.

Жыл соңына дейін жоғарыда аталған елді мекендерден бө­лек, Көктөбе шағын ауданы тұр­ғындарын да «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Келешекте мегаполистің барлық шағын ауданы табиғи газбен қамтылады.

Жалпы, республикада елді мекендерді газдандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша елдегі ауыл-қалаларды газдандыру деңгейін 61,8 пайызға жеткізу мақсаты қойылған. Мақсат орындалса, 369 мыңнан аса адам «көгілдір отын» игілігін көреді немесе 140 елді мекен газбен қамтылады.