Зерде • 13 Қараша, 2024

Көшелі Көшкінов

149 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ол екі ғасырдың небір қатерлі өткелінен сүрінбей өткен, ойға алғанын орындап, мақсат жолында тайғақтамаған кісі. Бұл сөздерді сексеннен асып бақиға жол тартқан Көшкіновті жетік білген соң, тасқайнар қайсарлығы, сөзге тоқтап, айтқанын бұлжытпай орындайтыны сабақ болса екен деп айтып отырмыз. Сүлеймен Көшкінов кім еді дегізбес үшін, кешкен тірлігін, қара жұмыстан зорығып, қапыда жан тапсырған әкеден төрт жасында жетім қалып, әже мен шешенің, әкесінің ағасы Сейдахметтің қамқорлығында ширағанын алға тартпақпыз.

Көшелі Көшкінов

Жығылғанға жұдырық деп, өткен ғасыр­дың отызыншы жылдарындағы ойран­да кеңес жұмысында жүрген Сейдах­мет «қара тізімге» ілінеді. Ол Ораз Жан­досовпен бірге, қызылдар­дың қысымы­нан босқынға айналған, тау сағалаған жұртқа: «Алдыңдағы малың­ның сүтін іш, төлі сенікі, басы үкіметтікі», деп ара түсіп жү­ріпті. Артынан бұл қамқорлық бас­та­рына шоқпар болып тиіп, жандары жаһаннамға кетіпті. Төрт баланы же­телеген ана мен ене жұмысқа таң қараң­ғысында кетіп, түндей түнеріп қас қа­райғанда келеді. Төртеуі біріне-бірі қара бо­лып отырады. «Соның бәрін көз алдым­нан өткізіп, көкейіме түйіп өстім. Жаныма бататыны, қос анамның күнде үрейде жүретіні еді. Бейсауат әңгіме айтпайтын. Сондай көрініс мені тас қайраққа жанығандай ширатты» дейтін Сүлеймен Көшкінов.

1954 жылы қазіргі Кеген ауданы Жалаңаш ауылындағы онжылдық орта мектепті бітірген Сүлеймен Көшкінұлы Талдықорған қаласындағы зооветтехникумына оқуға түсіп, оны жақсы бітіріп шығады. Жолдамамен Жаркент өңірінде еңбек жолын бастайды. Қартайған әжесі, ұжымшар жұмысына жегілген анасы есінен шықпайды. Ол кезде маман тапшы. Сүлейменді ферма зоотехнигі, ферма бастығы қызметіне жоғарылата­ды. «Тоғызбұлақ» ұжымшарына басшы болып келген Жартыбай Қожашұлы 1964 жылы Орта Меркі мен Кеңсудың ортасындағы кең алаптан ауыл тұрғызып, орталықты төңіректеп жатқан жылқы мен сиырды сонда көшіруді қолға алады. Бұл жұмыс бірден 28 жастағы, үш ұл, бір қыздың әкесі Сүлейменге жүктеледі. Өзіндей азаматтармен Көшкінов наурыз­да басталған жұмысты жаз бойы тыным­сыз атқарып, жетпіс үй тұрғызады. Баста­уыш мектеп те бой көтеріп, малшылар­дың балалары сынып табалдырығын аттайды. Үй санын келесі жылы жүзден асырып, 1 800 бас ірі қараға, 600 бас жылқыға қора салады. Үш жыл ішінде сауын сиырдың саны 3 мыңға жетіп, жылқы 1 мыңнан асады. Қой өсіру де қолға алынады. Жайдақбұлақта ақшаңқан үйлер бой көтеріп, тұрғындарға қажет барлық жағдай жасалады. Жайылым мен шабындық реттеліп, қыстағы мал азығына сүрлем салынады.

Еңселі бір ауылды тік тұрғызуға ұйт­қы болған Сүлеймен Көшкінұлын жаңа­дан бой көтерген «Жылысай» кеңшары­на бас зоотехник етіп тағайындайды. Бұл кезде ол жоғары оқу орнын сырттай үздік бітіріп, оның аспирантурасына қабылданып, «Сантагер» асыл тұқымды сиырды қазақ топырағына жерсіндіру туралы тақырыпты жетекшісі, атақты профессор Анатолий Росляков бекітіп береді. Асыл тұқымды сиыр ол кезде Талдықорған облысының «Көктал» кеңшарында өсіріліп жатқан. Ғылыми тақырыбына мән берген бірінші хатшы Ә. Алыбаев болашағына жол ашуды ойластырып, кеңшарға қызметке шақы­ра­ды. «Көктал» кеңшарында ғылыми жұмысының тақырыбына айналған «Сантагер» асыл тұқымын жерсіндіру жүріп жатқан кез еді. Қазақ мал шаруа­шылығы ғылыми зерттеу институты ғалымдарымен бірлікте жұмыс жасауды бір сәт естен шығармайды. Аталған кеңшарға Д.Қонаевтың ұсынысымен жеткізілген «Сантагер» асыл тұқымды сиырды көбейту мақсатында ғалымдар­ды шақырып, олардың тәжірибелерін сарапқа салып, баяндамалар жасайды. «Сантагер» бұқаның салмағы 900 кило екен. Қазақ мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының айтулы ғалымдары Қ.Қасымов, М.Жұмабаев, селекционер-зоотехниктер В.Малышева, С.Прохоров, кеңшар директоры Құрбан Қасымовтармен бірлікте асыл тұқым­ды бұқалар мен жергілікті сиырларды шағылыстыру нәтижесінде алынған төлдер зор жетістікке бастайды. Бұған дейінгі «Марс» атты бұқаның салмағы 960 кило тартса, отандық ғалымдардың зерттеп, зерделеуінің нәтижесінде алынған «Көктал» деген бұқаның 5 жылдан кейінгі салмағы 1 100 кило тартады. Қазақ елінің «Көктал-Сантагер» асыл тұқымды сиыры біраз жұртқа танылып, ғалымдардың абыройы асады.

Сүлеймен Көшкінұлын бұрынғы Гвардия ауданындағы Ленин атындағы асыл тұқымды мал зауытына басшы етіп жібереді. Бұл шаруашылық тікелей ми­нистрлікке бағынатын болғандықтан, біраз жұмыс дұрыс жолға қойылады. Жылдан-жылға сүт өндіру оң көрсеткішке ие болады. Әр сиырдан бұрын 3 200 литр­ден сүт сауылып келсе, екі жылдан кейін бұл көрсеткіш 4 мың литрге жетеді.

Мұның кілті «Алатау» деп аталатын сүтті, асыл тұқымды сиырды өсіру арқылы жеткен жетістік болатын. Қолдағы бар сиыр тұқымынан мол сүт өндіруге болмай­тынын түсінген Сүлеймен Көшкінұлы қыр­ғыз ағайындармен байланыс жасап, өзі­нің ұстазы Анатолий Росляковтың кө­мегімен, «Алатау» тұқымының 100 құна­жынын, бес бұқасын сатып алуға қол жет­кізеді. Бұл іске сол кездегі облыс басшысы Ә. Алыбаев жан-жақты көмек көрсетеді.

Ол шаруашылықты ілгері жылжытумен қатар, рухани мәселеге де ерекше ден қояды. Өйткені Қаспан ауылында қазақ мектебі жоқ. Санаулы болмаса, ауыл­дың негізін өзге ұлт өкілдері құрайды. Алдымен үй салуды қолға алады. Оған бөлімшелерде тұрып жатқан зейнеткер үлкендердің келіп кіруіне мүмкіндік жасайды. Сыртта қалып қойған малшы балаларын атасы мен әжесінің қолында білім алуына мүмкіндік туғызады. Қазақ көшесі сап түзейді. Бұл үлкен әңгімеге айналып, Сүлеймен Көшкінұлына «ұлт­шыл» деген айып тағылады. Ауданды қойып, обкомның бюросында іс болып қарала­ды. Бірақ обкомның бірінші хатшысы Сақан Құсайыновтың табандылығы­ның арқасында шешім оң жағына бұрылады. Қазақ тілінде бірінші сынып ашылады. Жаңа мектеп салынады. 96 орынды балабақша бой көтереді. Сон­дай жұмыстардың нәтижесінде бүгінде Қаспан аталатын ауылда қазақ мектебі қалыптасады.

Сүлеймен Көшкінұлының барлық жұмысына әр кез ілтипат танытып жү­ре­тін қайраткер, Социалистік Еңбек Ері Сақан Құсайынов «Талдықорған қаласын сүтпен қамтамасыз ету үшін Талдықорған ауданына келуің керек» дейді. Талдықорған аудандық ауыл ша­руа­шылығы басқармасының бастығы, аудан­дық атқару комитеті төрағасының бірінші орын­басары етіп тағайындайды.

Бұл жерде де ол сүт өндіруді жақсы жолға қойып, мемлекетке бұрын 13 мың тонна сүт өткізіп келсе, санаулы жыл­да 20 мың тоннаға жеткізеді. Осы қыз­меттерде жүргенде аудан үш мәрте Бүкіл­одақтық жарыста жеңімпаз атанып, жалау көтереді. «Ерен еңбегі үшін» медалін өңіріне тағып, Республиканың Құрмет грамотасымен марапатталады.

Облыс ісі ілгері баспаған Панфилов ауданындағы бұрынғы «Октябрь» кең­шарына Көшкіновті директор етіп жібе­реді. Келсе кеңшар қарызға белше­сі­нен батқан. Жеті жыл жан алып, жан беріп жұмыс істейді. Сол тұсты еске ал­ғанда ол: «Қойдың санын 60 мың­нан, 90 мыңға жеткіздік. Жастар мал шаруа­шылығында жұмыс істейтін кешен ұйымдастырып, оған оларды тарттық. Соның нәтижесінде 5 азамат жар тауып, барлық шығынды өзіміз көтеріп, үлкен той өткіздік. Ол республикалық теледидардан көрсетілді. Бірге жұмыс істеп жүрген жігерлі жігіттердің бағын байламай, жоғары қызметке көтерілуіне де мүмкіндік бердім. Партия ұйымының хатшысы, кейін елге танымал болған Ермек Келімсейіт кеңшарға директор болса, бас зоотехник Тоқтарбай Керімқұлов өзге шаруашылыққа парторг болып кетті.

Тері илейтін цех ашып, оны іске қоса­ды. Өндірген өнімді алдымен тұрғын­дар алады. Олар қамтамасыз етіліп бол­ған соң, артығын қысы қаһарлы Сібірге, Свердловскіге апарып мәшинеге, қосалқы бөлшектерге айырбас жасайды. Үлкен үш «ЗИЛ» машинасын алады. Қой терісімен шектеліп қалмай, бағалы аңдар: түлкі мен құндыз терілерін илеуге бет бұрады. Ондай аңдарды өсіретін солтүстіктегі ұжымдармен келісім жасай отырып, жүздеген қара түлкі, құндыз әкеліп, арнайы ферма ұйымдастырады. Бұрын мал өлекселері әр жерде шашылып жатса, енді құндыз бен түлкілерге шауып беру арқылы қалдық қалмайтын дәрежеге жетеді. Күзде әкелген құндыздар мен түлкілер көктемде көбейді. Сөйтіп, ауылдың қыз-келіншектері мен жігіттері бас киім, сырт киімдеріне жаға сала бас­тайды. Қызығушылар көбейіп, сұрау­шылар артады.

Кеңес өкіметі құлағанда, ауданның абыройлы азаматтары Ы.Қожахметов, Н.Головацкий, С.Көшкінов үшеуі билік өкілдеріне хат жазып, шаруашылық­тар­ды ұстап қалуға ұсыныс жасайды. Ешкім құлағына ілмейді. Қайта бұлар кеңшарларды иемденіп, жұртты құлға айналдырмақ деген қаңқу сөз өрттей өршиді. Таратылған ұжымшарлар мен кеңшарлардың тоз-тозын шығарады. Өмір бойы еткен еңбегі зая кетіп, шаруа­шылықты оңалтам деп жүріп, ғылымнан алыстап қалған, зейнет жасына жетпеген Көшкіновті аудан әкімінің орынбасары етіп жібереді. 

1985 жылы орталығы Қоңырөлең аталатын «Октябрь» кеңшарында басшы бо­лып жүргенде профессор С. Мұқамеджа­нов өңірдегі жер асты суларын зерт­теп, кеңшар аумағында ыстық судың қоры бар екенін партия ұйымының хатшысы Ермек Келімсейіт алға тартады. Мұн­дай жаңалықты қалт жібермейтін Көшкі­нов жер бұрғылаушыларға барлық жағдай­ды жасайды. Бұрғы салған Керімағаш бөлімшесінің аумағында он-он бес отбасы тұратын. Сегіз айдан кейін 3 мың метр тереңдіктен 95 градустағы ыстық су атқылайды. Ыстық сумен жуған мәшине, трактордың бояулары оңа бастағанда барып, бұл суды арнайы лабораторияға жібереді. Талдау қорытындысы бойынша құрамында барлық элементтің бар екені көрсетіліп, мемлекеттік стандартқа сай екені дәлелденеді. Шетелдік ғалымдар да оны растаған. Осының бәрінің ұйым­дастырушысы Көшкінов болады.

Шағын «Керімағаш» шипажайы бой көтеріп, ұжымшар мүшелерінің демалыс орнына айналады. Санаторийдің алғашқы іргетасын қалағандардың бірі, дәрігер Тұрар Дуанбеков деген азамат аурушаң болып, шипажай иесіз қалады. Осы кезде Сүлеймен Көшкінов аудан әкімі Әділ­шайық Ыбыраймолдаевпен ақылдаса келіп, шипажайды қайта жандандыру­ға ниеттенеді. Мәскеуден кандидат­тық диссертация қорғап келген баласы Болатқа санато­рийді дәрігер ретінде қолға алу керектігін ­айтады. Өзі басқарған кеңшардан жер үлесін алғанда Сүлеймен Көшкінұлы­на Керімағаш өңірі тиеді. Санаторийді аукционға салғанда, сатып алады. Ондағы қызметшілер ынтымақпен жүріп, жұртқа қызмет көрсетеді. Заманауи құрылыстар жүргізіліп, екі қабат емдеу кешені салынады. Балшықпен, сумен емдейтін физиоем, массаж, ішек шаю, өзге де ем жасайтын орындар іске қосылады. Кезінде 10 үйлі Керімағашта бүгінде жүзден аса түтін тұрып жатыр. Шипажай жүзге таяу адамды жұмыспен қамтып, барлық жағдайды жасағанына әр барған сайын куә болып жүрміз. Бас дәрігер Болат Сүлейменұлының бастамасымен 100 орындық мешіт салынса, ол өткен жылы қайта жөндеуден өтіп, қосымша ғимараттар қосылып, абаттандырылыпты. 2008 жылы тиісті мекемелердің қолдауымен 180 балаға арналған екі қабат мектеп пайдалануға берілген. Өзге жерлерде бала саны азайып жатса, табиғат байлығы құдіретімен от жағып, үй жылтпайтын, су ысытпайтын Керімағашқа келушілердің саны артуына орай бала саны 220-ға таяған.

Сүлеймен Көшкінұлының ісін бала­сы Болат жалғастырса, енді Болаттың ұлы тәжірибелі дәрігер Ербол Болатұлы ұш­­­­тастырып келеді. Осының бәрі өмір соқ­­­­пағын көрсе де сүрінбей жол тапқан Сү­­лей­мендей асыл азаматтың қажыр-қай­­­­ратымен салынған даңғыл жолы деп білеміз.

Сүлеймен Көшкінұлы кіндік қаны тамған, өзі іргетасын қалап, гүлдендір­ген Жайдақбұлақ ауылын өркендетті. Еңселі мешіт үйін салып, білім ұясының жаңаруына да септігін тигізді.

Қоғам жұмысында арды аттамай қызмет еткен, ұл өсіріп, қыз тәрбиелеген, немереден шөбере сүйген Сүлеймен Көшкінұлы фәни дүниеден бақи дүниеге аттанғалы да бес жылдың жүзі зулап өте шығыпты. Адал сүт емген балалары әке сеніміне селкеу түсірмей, өсиетін орындап, аналары Мэлс Ысқаққызының айналасына үйіріледі. Ана асыл жарының, ел азаматының: «Дүниені қусаң да жетпейсің, жисаң да жетпейсің. Халқыңа қызмет ет, ұлтыңның үдесінен шық, өзімшіл болма, көпшіл бол!», деген аталы сөзін әр күні ұл-қыздары мен немере шөберелерінің есіне салып, «Осы күніме, осы сәтіме, Аллаға шүкіршілік етемін!» дейді көшелі Көшкінов алтын ұясының алтын арқауы.

 

Сүлеймен Мәмет,

«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері