Президент • 13 Қараша, 2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Македония Президентімен кездесті

64 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік климат саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давковамен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Македония Президентімен кездесті

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Солтүстік Македонияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктесі ретінде атап өтіп, басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Гордана Силяновска-Давкова екіжақты байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, өзара ықпалдастықты жандандыруға мүмкіндік мол екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Солтүстік Македония Президенті Қазақстанның Орта держава ретінде халықаралық аренадағы рөліне жоғары баға берді.

Әңгімелесу барысында сауда-экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастық аясын кеңейту перспективасына, екі ел азаматтары үшін виза режимін оңтайландыру мәселесіне айрықша мән берілді. Тараптар Қазақстан мен Солтүстік Македонияның іскерлік топтары арасындағы қарым-қатынасты дамыту жөнінде уағдаласты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Гордана Силяновска-Давкованы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.