Егемен Қазақстан • 14 Қараша, 2024

«Хат қоржын»

47 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекеттік тілдің мерейін асырайық

Қазақ халқының батыр ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы: «Тіл – елдің елдігінің, оның ғылымы мен мәдениетінің, өнеркәсібінің, қоғамдық құрылысының, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, ұлттық мұрасының қай деңгейде екенін білдіріп тұратын көрсеткіші» деп дәл тауып айтқан ғой. Елімізде қазақ тілін тұғырына қондыру бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді дегенімізбен, батпандап кіргеннің мысқалдап шығатынын да қаперде ұстаған жөн. Қазірдің өзінде қазақтардың саны бүкіл республика халқының 70 па­йы­зынан асты. Осылайша, мемлекеттік тіліміз эволюциялық жолмен-ақ бірте-бірте өз биігіне табан тірейтіні күмән туғызбаса керек.

«Хат қоржын»

 

Тұтастай алып қарағанда, қазақ тілін білу ең алдымен мемлекеттік тілді білу болғандықтан, мұны қай кезде де патриотизмді қалыптастыру мәселесімен қатар қою қажет. Ал бұл оңай атқарыла салатын шаруа емес екені белгілі. Дегенмен, мемлекеттік тілді меңгергісі келетіндерге арнайы курстар ашылып, ғылыми-әдістемелік материалдар шығарылып, белгілі бір деңгейде жұмыс жүргізіліп келеді. Осы орайда мемлекеттік тілді білу қызмет саласында тұлғаның бәсекеге қабілеттілігі мен мансаптық өсуінің факторы деген түсінік орнықтыру маңызды.

Елімізде тіл туралы заңның қабылданғаны, оның дәйектілікпен жүзеге асырылып келе жатқаны, мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалардың тіл саясатында дұрыс бағыт ұстанып, қолдау танытып отырғаны қазақ тілінің болашағы жарқын екенін айғақтай түседі. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында іс мемлекеттік тілде, атап айтқанда, ішкі құжат айналымы мен шығыс құжаттары тек қана қазақ тілінде жүргізіледі. Мұны мемлекеттік қызметте қазақ тілінің аясын кеңейтіп, дамытуға белгілі бір деңгейде үлес қосу деп бағалаған жөн.

Досым ОРЫНБАЕВ,

Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының жетекші маманы

ОРАЛ

 

 

Қайырымдылық сауапты іс десек те...

Қайырымдылық – қазақ халқының қанына ерте заманнан-ақ сіңген асыл қасиет. Соның арқасында жетімін жылатпаған, жесірін ағайын арасынан ұзатпаған. Осынау өміршең дәстүр ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатыр.

Республика күні қарсаңында «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Ашық алаң» бағдарламасы өзінің кезекті хабарын біз жоғарыда жазбамыздың тақырыбына шығарған қайырымдылық қорларына арнады. Көптен ойымызда жүрген сан түрлі сауалдардың жауабын осы хабардан тапқандай әсерде қалдық.

Баршаға белгілі, бүгінде қайырымдылық қорлары деген жетіп артылады. Олардың қайсысының ісі дұрыс, қайсысынікі бұрыс екенін біліп болмайды. Халық арасында олар туралы сан қилы пікір де естіліп қалады. Көңілге қонатын пікір айтатындар да, тым әсірелеп жіберетіндер де бар.

Қалаға келген бір жолы маршрутты автобуста отырғанбыз. Кезекті аялдаманың бірінде қолында арнайы қол жәшігі бар бойжеткен салонға енді. Өзін волонтер ретінде таныстырып, ауыр науқасқа ұшыраған әлдебір сәбиге қамқор қолын созып, қаржылай көмек көрсетуді өтінді. Мұндайда қайырымды жандар қарап қалсын ба, әркім жағдайына қарап, қалталарына қол салып, тиын-тебендерін ұсынып жатты. «Алла разы болсын» айтқан қызымыз келесі аялдамада түсіп қалды. Қайтар жолда тағы да осы көрініс қайталанды. Бұл жолы ішке енген бозбала да манағы қыздың айтқандарына ұқсас сөздерді қайталап, жолаушылар ұсынған теңгелерді алып, рахметін айтып, келесі аялдамада қалып қойды.

Қайырымдылық жасау – сауапты іс. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерінде қайырымды да сауапты істердің адамды түрлі бәле-жаладан сақтайтындығы айтылады. Қайырымдылық жасаған жақсы-ақ, әрине, алайда жиналған қордағы қаржының адалымен шын мәжбүр жандарды тапқанына не жетсін дейсің. Біздің ойымызша, адал қайырымдылық қорлары қанша болса да көптік етпейді. Дегенмен, олардың тым көбейіп кетуі де көңілге күдік ұялатпай қоймайды.

Алдан тек жақсылық күтіп, үміт жібін үзбеген ел емеспіз бе, жомарт жүректі жандарымыз азаймасын.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

еңбек ардагері

Түркістан облысы

 

 

Көше атын беруге лайықты тұлға

Біздер, ел ақсақалдары – зейнеткерлер, жазушы-журналистер ертеден аты белгілі ұлтымыздың жанашыры, еліміздің жарқын болашағы жолында ерлікпен қаза тапқан Сымағұл Токиннің 170 жылдығына орай оның атына көше беру туралы өтінішпен ел газеті «Егеменге» арнайы хат жолдап отырмыз.

Орыс-казактары еліміздің шұрайлы деген жерлерін заңсыз түрде күшпен басып алып жатқан кезде ел-жұрт олардан қатты қорқып-үріккен еді. Осы тұста С.Токин ерекше батырлық пен батылдық танытып, елден өзі жинап қолдарын қойғызған наразылық хатын патшаға жеткізу үшін Санкт-Петербургке екі рет барған. 1915 жылы бірінші барғанында сонда тұратын атақты адвокат Ф.Плеваконы, бір жылдан кейін барғанында адвокат Н.Муравьевті жанына ертіп алған көрінеді. Осының өзінен-ақ С.Токиннің орыс зиялыларының алдында үлкен беделге ие болған тұлға екені анық аңғарылады.

Кейінгі сапарының нәтижесінде патша орыс-казактарының заңсыз басып алған жерлерінің біразын қайтарып бергізеді. Дегенмен, өшіккен жау қойсын ба, Санкт-Петербургтен Орынборға отарбамен қайтып келе жатқан кезінде қастандық жасатқызады. Қасындағы серіктері денесін Орынборға жерлейді. Оның ісін жер шаруашылығын басқарған інісі Хакімбек Токин әрі қарай жалғастырып, Ресей шекарасына жақын жерлерді сақтап қалуда көп еңбек сіңіреді. Кейін баласы Махмұд Сымағұлов, інісі Хакімбек Токин патша саясатына қарсы бірнеше көтеріліс ұйымдастырып, ақыры халық батыры Амангелді Имановпен бірге атылған.

Халқымыздың бақытты болашағы жолында ерлікпен өмірін қиған Сымағұл Токинге Алматы және Қостанай қалаларынан көше атын беру әбден лайықты деп білеміз.

Тұрсынбек ТОКИН,

Қазақстан және Грузия

Жазушылар одақтарының мүшесі

АЛМАТЫ