Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Астанадағы «Ерекше мүмкіндіктер орталығында» «Шоудаун» зағип жандар федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен спортшыларды додаға аттандыру салтанаты өтті. Көз жанарынан айырылған спортшылардың халықаралық турнирі 19 қарашада мәресіне жетпек. Sport Qory елімізден баратын қатысушыларға қаржылай қолдау көрсетіп отыр.
Ел сенімін арқалап, халықаралық тартысқа аттанған спортшыларды шығарып салу іс-шарасына Астана қалалық спорт басқармасынан, «Астана» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан, Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спортты даярлау орталығынан, «Amanat» партиясының филиалынан өкілдер қатысып, сәттілік тіледі.
«Шоудаун» зағиптар үстел теннис федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2022 жылы құрылған. Екі жылдың ішінде федерация жұмысы жанданып, бүгінде 200-ден аса көру қабілетінен айырылған жандар шоудаун үстел теннисімен тұрақты шұғылданады. Зағип жандар арасында саламатты өмір салтын қалыптастырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына жол ашуға күш салып келеміз. Швейцарияда өтетін халықаралық турнирге спортшыларымыз қатысып бағын сынаса, біз турнирді ұйымдастыру, дамыту барысы жайында тәжірибе алмасамыз. Бұл спорт түрін дамыту арқылы еліміздегі көру қабілетінен айырылған жандардың бір ауық сергуіне, қимыл-қозғалысын жақсартуына серпін береміз», дейді федерация президенті Серік Жүзбай.
Швейцарияда өтетін «Zurich Open» халықаралық турниріне қатысушылар былтырғы ел чемпионатында іріктелген. Құраманың бас бапкері Азамат Баймағамбетов елімізде енді өркен жайған спорт түрі әлемде қарқынды дамығанын алға тартты. Сондықтан да жүлде олжалау оңай болмайтынын ескертті. «Ел біріншілігінде шеберлігін көрсетіп, үздік шыққан Гүлсара Қаттабекова, Айдар Саташев, Влада Бартусеевич, Керім Бексырғаұлына сенім артамыз. Команданың капитаны Керім бастаған шәкірттеріміз барын салып, үмітті ақтайды деп білеміз», деді бапкер.
Канадалық Джо Льюис пен Патрик Йорк ойлап тапқан, үстел теннисі мен хоккей элементтерін біріктіретін үстел ойыны 1960 жылдан бастап қарқынды дамып келеді. Бұл ойын түрінің ерекшелігі – көзге арнайы таңғыш киеді. Яғни көзі көрмейтін жандар да, көру қабілеті нашар зағиптарға да тең мүмкіндік беріледі. Есту қабілеті арқылы тартысқа түсетін жандар еркін қимыл-қозғалысты да нығайтады. Шоудаун спорты елімізде кең қанат жайып, 16 облыста филиалы ашылып, қатысушылар қатары да арта түсті. Зағип жандар спортта өзінің мықтылығын, шексіз мүмкіндікке ие екенін шоудаун спорт түрімен шұғылдану арқылы да әйгілейді. Келешекте бұл спорт түрі жазғы Паралимпия ойындарының бағдарламасына енуі мүмкін.