Банк • 14 Қараша, 2024

Ірі банктердің келгені тиімді

150 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда елімізде шетелдік банктердің отандық нарыққа кіруін жеңілдететін талаптар бекітілді. Жалпы, бұл мәселе Президенттің нарыққа үш шетелдік банктің келуі туралы айтқанынан басталды. Қаржы нарығының сарапшылары жергілікті нарыққа жаңа шетелдік банктердің келуін оң бағалайды.

Ірі банктердің келгені тиімді

Сурет: businessmir.kz

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова отандық қаржы нарығында жаңа шетелдік ойыншылардың пайда болуы отандық бизнесті қаржыландырудың қосымша мүмкіндіктерін ашады деп есептейді.

«Жаңа банктердің келуі қаржы нарығындағы бәсекелес­тікті күшейтеді. Бұл банктерді жаңа, неғұрлым ыңғайлы және тиімді қаржылық шешімдер­ді, өнімдерді, қызметтер мен сервистерді әзірлеуге инвес­тиция салуға ынталандырады. Қаржылық қызметтерді тұ­тынушылар, жеке және заң­ды тұлғалар бәсекелестікті күшей­туден тек пайда көреді. Себебі олар өздері үшін ең тиімді ұсыныстарды таңдау мүмкіндігіне ие болады», дейді қауымдастық басшысы.

Экономист Марат Абдурах­мановтың пікірінше, ірі банк­терге үшін біздің нарық тар. Дамыған нарықтардан бірнеше шағын қаржы ұйымы ғана келуге ықылас танытып отырған көрінеді.

«Олардың елде болуының ішкі нарыққа әсері аз. Жалпы, дәл қазір елге аты бар банк­тер келсе де несие саясатына әсер ете алмайды, тек қыз­мет көрсету сегментінде ғана өзгерістер енгізуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк шетелдік банктерді елге тарту мақсатында барынша компромистік шешімдерге барып отыр. Осыған дейінгі талаптар жеңілдеді, кейбірі алып тасталды. Шетелдік банктерді елге тарту оңай емес екенін осы­дан білуге болады», дейді М.Абдурахманов.

Осыған дейін елге сырттан келген банк біздің қаржы институттарын жұтып қояды деген пікір басым болатын. Сарапшы бұл көзқарас қазір ескіргенін айтады.

«Бізде әлеуеті ішкі нарықтан асып кеткен банктер жетеді. Олардың біразы қырғыз бен өзбек нарығында өзінің еншілес компаниясын ашып жатыр. Демек, өз банктеріміз қаржы сегментінің беталысын басқа бағытқа ауыстырып жіберуге жол бермейді. Тек алпауыт банктер біздің нарықтағы банктерді ығыстырып шығара алады. Бірақ ондайлар қазір бізге келуге асығып отырған жоқ. Бізге ұсақ банктер емес, ірі банктердің келгені тиімді. Тек солар ғана осы сегментте ашық бәсекелестікті қалыптастырар еді», дейді экономист.

Үкімет пен Ұлттық банк­тің шетелдік инвесторларды елге тарту мақсатымен инвести­циялық климатты сауықтыруға қатысты қабылдаған шешімдері банктеріміз үшін тиімді дейді сала мамандары. Сарапшылар бәсеке тек банктер арасында емес, онда жұмыс істейтін білікті қызметкерлер арасында да жүрсе құба-құп деген пікірде.