Халықаралық форум түркі елдерінің медиа кеңістігіндегі салалық журналистиканың сапасын арттыруды көздейді. Көпшілік санасында журналистика кез келген саланы қамти беруге тиіс деген жалпы және жадағай түсінік бар. Алайда дүние дидарына дүрбімен үңілсек, оның күн өткен сайын күрделеніп бара жатқанын байқаймыз. Бұл үдерістің негізінде біліктілігі жоғары маманды талап ететін салалар дамып келеді. Жалпылама тақырыппен жұмыс істейтін тілшінің дағдысы енді аздық етеді. Сондықтан дүниеге салалық журналистика келгені белгілі. Олар маманданған саласын аудиторияға түсінікті тілмен жеткізуге тиіс.
Ақпарат айдынындағы осындай саланың бірі – экономикалық журналистика. Алматыдағы медиа форумның басты жаңалығы – қаржы тақырыбында халықты ақпараттандырып жүрген журналистер арасында өткен «Еркін сөз-2024» шығармашылық байқауы. Байқау «Түркітілдес журналистер қоры» мен «Халық банк» акционерлік қоғамның ыждағат-қолдауымен өтті.
Сонымен медиа-бәйге қорытындысы бойынша «Үздік телесюжет» аталымы КТК арнасының тілшісі Ұлан Нұрахметке бұйырды. Ал «Сайттағы үздік мақала» аталымына «atrpress.kz» сайтының тілшісі Амандық Сағынтайұлы лайық деп танылды. «Басылым бетінде жарық көрген үздік мақала» жүлдесін әріптесіміз, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Елігімай Төңкер жеңіп алды. Журналист «Жеке тұлға банкроттығы: мәселенің мәнісі» тақырыбында зерттеу жасап, алаяқтық жолмен несие рәсімдейтін криминалды нарықтың кілтипанын анықтап, қаржылық қауіпсіздік жолдарын айқындаған.
Форумның қорытынды бөлімінде түркі елдеріне ортақ медиа платформа жасақтау қажеттігі талқыланып, тараптар өзара тиімді жоба әзірлеуге уағдаласты.