Жаңа зертхана 3D принтерлермен, сандық бағдарламалық басқару станоктары, жобалау мен модель жасауға арналған бағдарламалармен қамтамасыз етілген. Массачусетс технологиялық институтының стандарттарына негізделіп жасалған жаһандық «FabLab» зертханалар қауымдастығының бір бөлшегі саналады. Бұл қауымдастық дүниежүзінде 2 мыңнан астам инновациялық орталықты біріктіреді. Танымалдылығы жоғары ұйымға кіру туралы келісімге Сәтбаев университеті делегациясы MIT университетіне жасаған сапары барысында қол жеткізді.
Зертхананың ашылу салтанатына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, университеттерді тек мемлекет қаржысына ғана емес, сондай-ақ бизнес есебінен де қолдау көрсетіп, түрлендіру қажеттігін жеткізді.
– Елімізде қаржыландырудың 80 пайыздан астамы мемлекет есебінен, яғни министрлік бюджеті, гранттық және мақсаттық бағдарламалар тарапынан жүзеге асып келеді. Мысалы, Америка елінде бұл бағыттың 70 пайыздан астамы жекеменшік корпорациялар есебінен қаржыландырылады. Егер де бұрын жабық ғылыми зерттеу институттарына көбірек көңіл бөлінген болса, қазір әлемдік тәжірибеге сәйкес университеттер ғылыми ой-пікірдің орталығына айналып отыр, – деді министр.
«MIT FabLab» зертханасының басшысы Руслан Мұқановтың айтуынша, студенттер мұнда жобалар әзірлеумен ғана емес, қосымша біліктілікті, яғни цифрлық жобалаушы-инженер, реверс-инженер және сандық бағдарламалық басқару станоктары операторы кәсіби біліктілігін қатар меңгереді. Зертхана оқу-жаттығуға қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтылған.
«Fab Labs» зертханалары көбіне жобалау және практикалық Stem-білім беру платформасы ретінде жиі пайдаланылады. Желі бүкіл әлемде инженерлер мен өнертапқыштар арасында өзара білім алмасуды қолдау арқылы инклюзивті дамуға ықпал етеді. Студенттер өздерін қызықтыратын идеядан бастап, іске асыруға дейінгі барлық өндірістік циклды іске асырады.
Қ.Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев MIT-пен арадағы ынтымақтастық «зерттеу жүргізе отырып оқыту» қағидатын толықтай жүзеге асыруға ықпал ететінін атап өтті. Ал тұрақты болашақты қамтамасыз ету үшін зерттеушілер мен өнертапқыштардың күш-жігерін біріктіру нәтижесінде студенттердің іс-тәжірибедегі заманауи дағдылары қалыптасады.
Зертхананың ашылуына Қазақстанда бірегей техникалық кеңістік құрған «Lenovo», «KazTechInnovations», «Best Vision Technologies» секілді көптеген жетекші компания атсалысты. Оған еліміздегі ең ірі 3D-принтері, үш өлшемді сканер жасауға арналған жабдық, прототип жасауға арналған толық технологиялық желі және «Dmg mori» компаниясының өңдеу орталығы орнатылған. Осының барлығы зертхананы тек оқу мақсатында ғана емес, нақты өндірістік тапсырмалар мен коммерциялық жобаларды іске асыру мақсатында қолдануды мақсат етеді. Сондай-ақ бұл зертхана шетелдік университеттер зертханаларымен ықпалдастығы аясында қол жеткізген білім, инновациялық жетістіктерімен алмасуға мүмкіндік береді.
Қ.Сәтбаев университетіндегі «FabLab» зертханасының келем деушілерге есігі әр кез ашық. Еліміздегі дарынды жас инженерлерге зертханада жұмыс істеуге мүмкіндік көп. Осыған байланысты «FabLab» алаңында оқушыларды оқыту мақсатында Алматы мектептерімен келісім жасалды.
АЛМАТЫ