Қоғам • Бүгін, 08:50

Әлем әлеуметтік қорғауға мұқтаж

19 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әмбебап әлеуметтік қорғау әділ қоғам мен тұрақты экономиканы құруға, жұмыс орындарын қайта құрылымдау мен халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге зор үлес қосады. Бұл жерде Халықаралық еңбек ұйымы жаһандық Орнықты даму мақсаттарының орындалу сипатын сарапқа салып, әлеуметтік қорғаудың климаттық өзгеріске бейімделу саясатымен үйлесіміне баса назар аударды.

Әлем әлеуметтік қорғауға мұқтаж

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) жуырдағы ауқымды зерттеуінде 2030 жылға қарай барлық адамға әлеуметтік қорғау мен денсаулық сақтаудың ең болмағанда бір бағдарламасын толыққанды қолжетімді етудегі елдердің іс-қимылын бағалаған. Әрине, экономиканың даму деңгейіне қарай әр елде бұл көрсеткіш айтарлықтай ерекшеленеді. Ең жоғары әлеуметтік қамтамасыз ету табысты мемлекеттерге тән. Оларда халықтың 85,9 пайызы қандай да бір жәрдемақы алады. Қарттардың 96,8 пайы­зы, балалардың 80,5 пайызы, мүгедектіктің ауыр түрімен ауыратындардың 85,6 пайызы, өндірістік жарақат алған қызметкерлердің 85,1 пайызы әлеуметтік қорғаумен қамтылған. Табыс деңгейі орташа немесе төмен мемлекеттерде жағдай әлдеқайда нашар. Елдер ара­сындағы көзге ұрып тұрған әлеуметтік айырмашылық 3,8 млрд адамның толық қорғаусыз қалуынан көрінеді. Ұйым дере­гінше, былтыр қолдаудың кем дегенде бір түрін әлем халқының 52,4 пайызы ғана ала алған (2015 жылы 42,8%). Егер алдағы жылдары даму осылай баяу жылжитын болса, жалпыға бірдей көмекке тек 2073 жылы, яғни 49 жылдан кейін ғана қол жетеді екен.

ХЕҰ баяндамасын жасау­шы­лардың пікірінше, көптеген елдерде әлеуметтік қорғаудың бас­ты проблемасы – халықтың әлсіз топтарына жаппай қолдаудың болмауы. Мәселен, барлық мемлекетте бірдей кәмелетке толмаған балалар жәрдемақы ала бермейді. Әлемде балалардың тек 23,9%-ы­­ ғана қаржылай қолдаумен қам­­тылған. Егде жастағы тиісті қор­ғау әсiресе әйелдер, жалақысы төмен қызметкерлер, тұрақ­сыз жұмыспен қамтылғандар, цифр­лық платформалар қыз­мет­­керлерi мен көшiп-қону­шылар үшiн әлі де күрделi. Әсiресе бейресми жұмыс кең тараған елдерде жинақтаушы зейнетақыларды қамтуды кеңейту қарттықта жеткiлiктi табыс табуға кепiлдiк беретін қарқында емес. Нәтижесінде, әлемде 165 млн-нан аса адам әлеуметтік қорғаудың ең кең таралған түрі – зейнетақыдан құр алақан қалған. Сол секілді денсаулықты әлеуметтік қорғау құқығы да әмбебап шындыққа айнала қой­ған жоқ. Денсаулық сақтаудың аясын кеңейту 2020 жылдан бас­тап тежеліп келеді, қазір оны 3,3 млрд адам пайдаланбайды. Бұл осындай қорғауды қамтуды қайта бастаудан бөлек, сапалы медициналық қызметке әр кез инвестициялар қажеттігін қаперге салады. Үй шаруашылықтарының өз қаражатынан тиісті шығыс­тары 2019 жылы 1,3 млрд адамды кедей­шілікке ұшыратқан. Оған қоса медициналық қызмет­кер­лер мен персоналдың жетіс­пеу­шілігіне, біркелкі бөлінбеуіне байланысты ұзақ күту, жұмыс уақыты мен табысын жоғалту сияқты шығындардың кері әсері тағы бар.

Елімізде әлеуметтік қамсыз­дандыру шығыстарының өсуіне қарамастан, халықтың түрлі топтарына көмек көрсету шараларын қайта қарау, жақсарту қажеттілігі барған сайын байқалып отыр. Біз кіретін орташа деңгейден жо­ғары елдер тобында балалар­дың 27,8%-ы, егде адамдардың 90,4%-ы, жұмыссыздардың ­17%-ы, мүгедектігі бар адамдар­­­дың 50%-ы ғана қандай да бір ­жәр­демақы алады.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 4,5 млн адам (бұл халықтың 20%-дан сәл астамы) әлеуметтік қолдау алады. Жәрдемақы алушылардың негізгі тобын құрайтын зейнеткерлер саны соңғы он жылдағы арту үрдісімен бүгінде 2,3 млн-нан асқан. 857,2 мыңнан аса адамға мү­­гедектігі, асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы беріледі. Былтыр 598,4 мың азамат атаулы әлеуметтік көмекке, 20,3 мың адам тұрғын үй көмегіне үміт арта алды. Яғни халықты әлеуметтік қорғаумен толық қамтудың халықаралық өлшем­дері бойынша салада назарға алар мәселе баршылық.

Инвестицияның жеткі­лік­сіздігі жалпыға бірдей, жан-жақты қорғауды қамтамасыз ету жолында тұрған жалғыз кедергі емес. Өзгермелі климат мәжбүрлі көші-қонға, фрагментарлы мансапқа, климаттан туындаған жалпы эко­номикалық жүктемеге байланысты қаржы тұрақтылығына, зейнетақы схемаларына қауіп төндіреді. ХЕҰ мәлімдеуінше, таяу жылдары әлемде климаттық дағдарыс пісіп-жетілген кезде, оның салдарынан бірінші кезекте халық­тың осал топтары зардап шегуі мүмкін. Азаматтардың табыс дең­­гейiнiң төмендеуiнен түсетiн жүктеме, олардың кедейлер санатына көшуi, денсаулық сақтау мен бiлiм беру салаларындағы тиiстi проблемалар мемлекеттiк бюджетке салмақ түсіреді. Сондықтан ХЕҰ бенефициарлардың ұзақ­мерзімді орнықтылығы мен өмір сүру сапасын қолдау мақсатында мұндай схемаларды климаттық тәуекелдерге бейімдеуге шақы­рады. Зейнетақы қорлары ор­нықты, төмен көміртекті активтерге стратегиялық инвестиция­лар жасай отырып, климаттық өзгерістердің салдарына қарсы күресте де көмек көрсете алады.

Климаттық дағдарыс қажет­тіліктің, оның ішінде баға­ның өсуіне әкелуі мүмкін. Бұл халықтың тиісті жәрдемақыға деген үмітін мөлшерлес арттыруды қажет етеді. Мұндай жағдайда кедейлер мен табысы орташадан төмен елдерге неғұрлым қамтамасыз етілген елдердің қаржылай көмегі қажет болады. ХЕҰ зерттеуінде климаттық дағдарысты ортақ күш-жігермен, мүмкіндіктерге пропорционалды жауапкершілікпен еңсеруге болатыны айтылған. Жағдайды түзеуде жауапкершілік негізі­нен осы дағдарысқа жауапты адамдарға жүктелетінін ашық айту керек. Яғни дағдарысқа қатысы аз болса да оның ауырт­палығын көтеріп жатқан эко­номикалық, қаржылық әлеуеті жеткіліксіз елдер халықаралық қауымдастықтан қолдау табуға тиіс.

Ұйым мемлекеттердің тиісті саясатын әзірлеп, іске асы­руға жа­уапты тұлғаларға қа­тысты бірнеше ықтимал ба­сымдықты бөліп көрсеткен. Мысалы, әлеуметтік, климаттық тәуекелдерді бір мезгілде тө­мен­детуге бағытталған әлеу­меттік қорғаудың тең құқы­лы әмбебап жүйесін құру, тәуекелдерді өнімді қабыл­дау мен әлеуетті жос­парлау халықтың неғұрлым осал топта­рының климаттық өзгеріске бейімделу шараларынан пайда көретініне кепілдік бере алады. Сонымен қатар әлеуметтік келісімшартты жандандыру мемлекеттерге ел тұрғындарын қорғау ниетін білдіруге мүм­кіндік беріп, халықтың әл-ауқатын, тұтастығын арттырады, әділеттікке ұмтылысын ынталандырады. Күшті әлеуметтік қорғау мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді. Әлеуметтік қорғау жүйелерін басқару дағдарыстар сал­дарын болдырмауға, тежеу­ге, жұмсартуға, адамдардың күй­зелістер мен күнделікті қатер­лер­мен күресу әлеуетін тез қал­пына келтіруге көмектесуде стра­те­гиялық мазмұнда болуға тиіс.

Әлеуметтiк қорғау жүйе­лерi сондай-ақ халық пен кәсiпорындарды климаттық өзгеріс салдарынан, ықтимал экологиялық терiс әсерлерден қорғауда, өтемақыда шешушi рөл атқарады. Еңбек нарығындағы белсенді саясатпен бірге олар азаматтарға неғұрлым эко­ло­гиялық таза жұмыс орындарына, орнықты экономикалық тәжірибеге көшуге көмектесе алады. Шығарындыларды азайтуды қолдау нұсқаларының қатарында баяндама авторлары мемлекеттік зейнетақы қорларын экологияландыруды, қазба отынға субсидияларды әлеуметтік жәрдемақыларға қайта бағыттауды, сондай-ақ климат пен экологияға зиянды белсенділікті төмендету мақ­сатында адамдардың табыс­тарын қолдауды атап көрсеткен. 

Соңғы жаңалықтар

Серіктестік құқы қорғалды

Инвестиция • Кеше

Тұмаудан амансыз ба?

Денсаулық • Кеше

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Құқық • Кеше