Президент Әділетті Қазақстанды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алатынын айта келіп: «Адал азаматқа» тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену сынды асыл қасиеттің бәрі шынайы еңбек адамының бойынан табылады. Сондықтан өз ісінің майталмандары қашанда қоғамның назарында болуға тиіс. Ал жастарымыз соларға қарап бой түзеуі керек. Халқымыз «Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, адал еңбек – бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті», деген еді Еңбек күнімен құттықтауында.
Ақ адал еңбегімен отбасының ұйытқысы болып, елдің ілгерілеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген жандардың бірі – Тұрдалы Тілеулесов. Ол 1970 жылы Ташкент облысы Бостандық ауданы Абай ауылында туған. 1988–1990 жылдары әскери борышын өтеп келген соң, автослесарь болып еңбекке араласады. 1991 жылы кеңес одағы ыдырағанда ауылдан «екі қолға – бір күрек» табу мақсатымен Шыршық қаласына көшеді. Міне, содан бері қоғамдық көлікті тізгіндеп келеді. Әуеліде ауылда күзгі жиын-терім кезінде астық, шөп, қыста елдің қажетіне отын-суын тасып еңбек етті.
Атамекенге қоныс аударғанда алдымен табан тіреген жері Қарағанды қаласы еді. Кеншілер қаласында №3 автобус паркіне жүргізуші болып қабылданды. Көп ұзамай Астана қаласына қоныс аударды. 30 жылдан астам уақыт қоғамдық көлік жүргізушісі болып жемісті еңбек етіп келе жатқан атпал азаматтан: «Ережені өрескел бұзған, жол-көлік оқиғасына ұшыраған кезіңіз болды ма?» деп сұраған едік, «Бағдаршамның қызыл жарығына тоқтаған сәтте бір-екі рет жолақты басып кеткенім болмаса, жол-көлік оқиғасы тіркелген емес», деп жауап берді.
Тұрдалы елордада 20 жыл табан аудармай №4 автобус паркіне тиесілі қоғамдық көліктерді жүргізді. Биыл мамыр айынан бастап №1 мемлекеттік автобус паркіне ауысып, жұмысын жалғастырып келеді.
Үш ұл тәрбиелеп өсірген өнегелі әкенің жолын тұңғышы жалғап, өзімен бірге қоғамдық көлік жүргізушісі болып істейді. Үлкен ұлы Үсен жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, төрт жыл еңбек етіпті. Отбасын құрғаннан кейін, жалақысы аз болған соң, қоғамдық көлік жүргізушілігіне ауысыпты. Қазір әкесімен бірге бір мекемеде жүргізуші.
Күнделікті таңғы 04:30-да оянып, көлік тізгінін таңғы 05:30-да ұстайтын Тұрдалы үйіне түнгі 23:30-дан аса келетінін айтады. Жалақы мөлшері қомақты болғанына сай, жұмыс та жеңіл емес. Ең әуелі таңмен таласа жұмысына асыққан азаматтардың, оқуына үлгеруге ұмтылған студенттер мен оқушылардың, өзге де жолаушылардың бас амандығы, қауіпсіздігі қымбат. Жұмыс тәртібі қатаң сақталады: екі күн көлік тізгіндеп, екі күн тынығады. Демалыс алған күндері ой сергітіп, ұйқысын қандырып тыңайып алады.
Көпшіліктің демалыс күндері ас пен тойсыз болмайтыны белгілі. Бұл жөнінде Тұрдалы: «Әрине, ағайын-туыс, дос-жаран жақсылығына шақырса, қалмауға, баруға тырысамын. Бірақ аса тойшыл емеспін. Тойға не болмаса басқа қалаға сапарға шығар болсам, ертеңіне атқаратын жұмысымды өзге жүргізушіге аманаттап, кезегімді алмастырамын. Себебі ұйқыны қандырмай, санаңды сергітпей көлік жүргізу – өзіңе, өзгенің өміріне де қауіпті, қалғып кетуің мүмкін, басқа жағдай орын алуы ықтимал», дейді.
Қоғам өміріндегі әлеуметтік қысымға сай жүргізушінің жолаушыны ғайбаттауы, тіпті жұдырық ала жүгіруі немесе керісінше, жолаушының көлік басқарушыға тап беріп, жағасынан алуы секілді оқиға да орын алып жататыны жасырын емес. «Мұның барлығы адамдардың ішкі мәдениетіне байланысты. Бізге де дауыс көтеріп, тіпті балағаттап кететін жолаушылар болады. Өзің жылы сөйлесең, сұрағына байыпты жауап қатсаң, көпшілік те жылы қабақ танытады. Ал тоңтеріс мінез көрсетсең, олардың да шамына тиесің», дейді кейіпкеріміз.
Тәжірибелі жүргізуші жаз мезгіліндегі аңқа кептірер аптапта жүрегі қысып, жайсыз сезінген жолаушыға алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған оқиға жөнінде де баян етті.
Тұрдалы Тілеулесов табан ақы, маңдай терімен тапқан қаржысын жинап, балаларының жоғары білім алуына мүмкіндік жасады. Екі ұлын аяқтандырып, немерелерінің қызығына кенеліп отырған азамат демалыс күндері соларды қыдыртып, бірге сейілдеп алатынын айтады. «Қазірде елімізде жұмысшы мамандықтарына, қара жұмыс істейтін қажыр-қайрат иелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Адал еңбек абыройға бөлейді, табысқа кенелтеді. Жұмыс істеймін деп талаптанған жан ешуақытта елеусіз қалмайды», дейді білікті маман.