Оқиға • Бүгін, 16:29

Құрық портында жаңа астық терминалы іске қосылды

22 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құрық портында жаңа астық терминалы іске қосылды

Фото: Ашық дереккөз

Президенттің айтуынша, мұнда көлік-логистика мүмкіндіктерінің шектеулі болуы кедергі келтіреді. Мысалы, еліміздегі логистика мен сақтау жүйелерінің жеткілікті болмауынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер зор шығынға ұшырап отыр. Сондықтан сақтау инфрақұрылымын, соның ішінде элеваторлар, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймаларын дамыту маңызды бағыт болуға тиіс.

«Сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салу мен жаңғыртудың кешенді жоспары қабылданды. Бұл жұмысты ұдайы бақылауда ұстау керек. Біз дәстүрлі өткізу нарықтарын сақтап қана қоймай, түрлі елдердің талаптарына бейімделген икемді жеткізу жүйесін құра отырып, экспортты әртараптандырғанымыз жөн.

Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан және Ауғанстанға жоспарлы түрде астық тасымалдау жұмысы басталды. Иран нарығына кіруге рұқсат алып, 250 мың тонна арпа жөнелттік. Сондай-ақ Қытайға, Еуропа Одағы елдеріне және Солтүстік Африкаға астық жеткізіледі. Теңізбен тасымалдауды арттыру үшін Құрық портында жаңа астық терминалы іске қосылды», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа нарықтардың азық-түлікке сұраныс көлемі ұлғайып келе жатқанын ескерсек, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий бағыты сияқты халықаралық дәліздердің рөлі арта түсетінін тілге тиек етті.

«Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік-логистикалық орталығы ретінде құру жөніндегі стратегиялық міндет – менің кейінгі жылдардағы халықаралық деңгейде жүргізіп жатқан келіссөздерімнің басты тақырыбына айналды.Бұл мәселеде аталған дәліздерге ыңғайлы жол табу және ішкі логистиканы жақсарту өте маңызды. Сондықтан алдағы алты жылда (2030 жылға дейін) біз теміржол желісін ауқымды түрде жаңғыртуды көздеп отырмыз. Он бір мың шақырым темір жолды жөндеп, бес мың шақырымнан астам жаңа темір жол салу жоспарланып жатыр», деді Президент.

Президенттің айтуынша, қазірдің өзінде «Дарбаза – Мақтаарал», «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз» және «Алматы қаласының айналма жолы» сияқты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл Орталық Азия мен Қытай бағытындағы жүк тасымалының артуына жол ашады. Автокөлік жолдарының желісін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін «Астана – Балқаш – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» автомобиль жолдарының құрылысы аяқталатыны айтылды.