Президент • Бүгін, 16:36

Мемлекет басшысы Үкіметке жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырды

33 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумындағы сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Үкіметке жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырды

Фото: Ақорда

Президенттің айтуынша қазір жаһандық азық-түлік нарығында бәсеке күшейіп келеді. Оған төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беру керек. Соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндеттің бірі.

«Картоп пен қант қызылшасы бойынша отандық тұқымның үлесі 10 пайызға да жетпейді. Осындай мәселелерді шұғыл шешу қажет. Биыл Дәнді-дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту туралы кешенді жоспар қабылданды. Нақты міндеттер қойылды. Үкіметке диқандарды елімізде өндірілген тұқыммен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл көрсеткішті 2028 жылы 80 пайызға жеткізу қажет. Ал жоғары сапалы (яғни, элиталық) тұқымның үлесі кемінде 15 пайыз болуы керек. Ол үшін шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн. Мен жақында француз кәсіпкерлерін осы саладағы инвестициялық жобаларды бірге жүзеге асыруға шақырдым», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Моңғолияға мемлекеттік сапармен барған кезде аталған елдің басшысымен екі көшпенді халықтың ұрпағы ретінде жылқы туралы да айтқанын тілге тиек етті.

«Біз «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп, арғымақты айрықша қадірлеген елміз. Тұтас тарихымыз тұлпардың тұяғымен жазылған. Жалпы, қазақтың мінер көлігі де, ішер асы да жылқымен тығыз байланысты. Саумал мен қымыздың сан түрлі дертке шипа екені баршаға мәлім», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс.

«Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн. Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, небәрі 280 бас қалды. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет» деді Президент.

Мемлекет басшысы биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылданғанын атап өтті.

«Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын. Білікті мамандар мұны көптен бері айтып жүр. Құзырлы органдар қысқа мерзім ішінде осы мәселені пысықтап, қаржы көздерін нақтылауы керек», деді Президент.