Ең қысқа әңгіме • 16 Қараша, 2024

«Бар екен ғой, бар екен жақсы адамдар»

259 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өзім тікелей куә болған осы бір оқиға туралы кімге айтпадым десеңізші... Талайлармен өзара әңгімелесулерде тақырып ауаны жол көлік оқиғасы немесе қайырымдылық бағытына ойысса мен жұмбақтап отырған сол бір көрініс есіме түсе кетеді.

«Бар екен ғой, бар екен жақсы адамдар»

Ойға оралған соң ол туралы қалай сөз қозғамай тыныш отырасың?.. Алайда естіген адамдарға бұл оқиға қалай әсер етті, бәлкім сол заматта есінен шығып та кетті ме, білмейсің. Айтқаныңды жан-жүрегімен ұғып, есіне мықтап сақтап алғандар да бар шығар, бірақ орайы келген де ол да мен секілді екінші біреулерге ынты-шынтысымен әңгімелеп берді ме, әлде жоқ па, оны да білу қиын. Осы жағдаяттарды ескере келіп, әлгі оқиғаны көпшілік назарына газет арқылы ұсынуды жөн көрдім. Бәлкім осы мақалада баяндалатын жайт біреулерге соншалықты әсер ете де қоймас, «не болса соны әспеттеп әңгімелеп немесе мыжып отырғаны несі?» деп жазғыруы да мүмкін. Бірақ бұдан қатты әсерленген мен оған жеңіл-желпі қарай алмаймын. Төменде баяндалатын оқиға-көрініс ішкі әлемі әрі-сәрі, адами қатынас азыңқыраған бүгінгі қоғамымыздағы ең құрығанда бір адамға ой салса, мақаланы жазудағы мақсатымыз әйтеуір орындалды-ау деп есептер едік. Қош, сонымен...

Андыздаған аш таксишілердің бірі алдыма көлігін азыната келіп кілт тоқтады. Керіліп-созылып жүруді бәсекелестік жағдай көтермейді. Олай етсе тағы бірі алдында тұрған нәпақасын заматта бүркітше «іліп» не «бүріп» әкетеді.

«Опель вектра». Ескі. Сыртқы көрінісі ұсқынсыздау. Қожайын көлігін тақымдап-ақ келеді. Таксиші жігіттің ақ араласқан қалың шашы майланып кетіпті, өңі түтігіңкі, оң жақ бетіне қара май, бәлкім күйе жағылыпты. Оны астындағы арбасын ықтиярына көндірем деп арпалысып жүріп жұқтырғаны сөзсіз. Екі қолы күс-күс, тырнақтары қара майға қанып алған. Көзі жалтақ. Көзі жалтақтың өзі де жалтақ. Бастапқыда жол ақысына саудаласқан сәтте-ақ оның кездескен клиенттен айырылмау, не берсе де көну принципін ұстанған жігіт екенін, дүниеқоңыздықтан емес аса қажеттіліктен ақша қуалап, ақырында жалтақ, көнбіс жанға айналып кеткенін түсіне қойғанмын.

Рөлге жабысып алған. Маневр жасағыш. Моторы пырқылап-сырқылдаса да көнін сүйреткен ескі машина иесінің тоқпағымен жігерлене ешкімнен қалар емес. Таксиші жігіт алдында баяу кетіп бара жатқан машиналардың иелерін аямай тілдеп, жолдың біресе бұ жағына, біресе о жағына шығып, талайдан озып асығыс жүріп келеді. Ұшқалақтық желкесіне мықтап мініп алғандай.

– Ағасы, тым асығыссыз ғой, абайлаңқырап жүрсеңізші, – дедім.

– Асықпасқа лажым жоқ інім, сені тез жеткізіп салып тағы бір клиент алуым керек. Бүгін кешке дейін қалайда жиырма мың теңге табуға тиіспін, әрине Құдай бұйыртса, – деді.

– Оһ-о, жоспарыңыз «майлы» екен. Жүрегіңізді айнытып жүрмесін, – дедім әзілдегенсіп.

– Жоспарым «майлы» ма, «семіз» ба, оған қарайтын шамам жоқ. Құдамыз баласын үйлендіріп, бүгін той жасап жатыр. Шақырған. Бармасам болмайды. Өзі байшыкеш, кісімсіп қалған жан еді. Тойына кем дегенде жиырма мың теңге алып баруым керек. Әйтпесе, ұят... – деді асығыс сөйлеп, – е-е-е, інім, тау қозғалса да қозғалмайтын сабырлы, салмақты жігіт едік, мына ойсыз, тойшыл заман дедектетіп, жел қуған қаңбақтай етті ғой ағаңды. Құдайға шүкір ағайын, дос-жаран, құда-жежат, таныс-біліс көп, аман болсын, осы көптің тойы да көп, шақырады, шақырмаса ренжисің. Бармасқа тағы болмайды, ағайын, дос-жаранмен араласпай отыра алмайсың. Мұның барлығына құры қол бару қазақ үшін бет шыдатпас ұят, содан міне, осылай дедектеп жүргенің ақшаның ізіне түсіп, – деді.

Көлік аздау жүретін бір көшеге түстік. Ағызып келеді. Діттеген жерімізге жақындап қалғанбыз. Енді бір-екі бұрылыстан кейін түсіп қалуым керек. Кенет ұшқалақ таксиші Құдайға жазды да қалды... Қарсы беттен екпіндеп келе жатқан қап-қара жол талғамайтын жаңа көлік – ұмытпасам, «Ленд Крузер 100»-дің жолын кесе, ол келгенше бағдаршамсыз қиылыстан солға бұрылып үлгеремін деген таксиші жігіттің есебі дұрыс болмады. Өз жолымен ағызып келе жатқан «Ленд Крузер 100» бен біз мінген «Опель Вектра» дәл қиылыста сүзісті де қалды. Абырой болғанда екі көліктің де ішіндегі адамдар, яғни біздер аманбыз. Қауіпсіздік белдігін тағып отырғанымыз мұндай жақсы болар ма?.. Кеш болса да екі жүргізуші де тежегіштерін барынша басқан-ды. Бірақ бәрібір екі көлік әжептәуір екпінмен келіп соқтығысты.

Қатты қорқып қалдым, ал таксиші жігіт менен бетер. Көздері алақ-жұлақ. Рөлге қолымен жабысып қалған. Тізелері қатты дірілдеп тұрғанын анық байқадым. Мен тез есімді жинап алдым да, құтыдағы суымнан жүргізушінің бетіне шашып-шашып жібердім. Ол да бойын жинап алды да сол жақ тұмсығы қатты зақымданған «Ленд Крузер»-ден көзін айырмай: «Мынаны жөндеп беру – тақырға отыру ғой» деді күрсіне. Ол кезде көлікті сақтандыру қазіргідей емес, дұрыс жолға қойылмаған. Дәлірегі, көпшілікте полиция тексергенде көрсетіп құтылу үшін жасала салған жалған сақтандыру қағазы болатын. Сондықтан жол-көлік оқиғасына кім кінәлі, шығын соның мойнында.

Машинадан түстік. Адамдар жиналып қалды. Өзге машиналар соқтығысып тұрған екі көліктің о жақ, бұ жағынан өйтіп-бүйтіп өтіп жатыр.

«Опель Вектраның» оң жақ тұмсығы ішіне қарай жабысып қалған. Антифриз, бәлкім әлде бір жағар май асфальтқа молынан төгіліп жатыр. Жүруге жарамсыз. «Ленд Крузер» де әжептәуір зақымданған. Оны сипаттап жатпайын, бір білетінім, бұл жаңа машинаны қалпына келтіру аз шығын болмасы белгілі.

«Ленд Крузер»-дің жүргізушісі ірі денелі, толық, қабағы түксиген жас жігіт екен. Ол таксиші жігітке дүрсе қоя берді. «Көзіңе қарамайсың ба, жын қуды ма? – деп әкіреңдей сөйледі, – салоннан алғаныма бір ай да болған жоқ, не істедің мына машинаны? Бәрін қалпына келтіріп бересің». Басы салбырап кеткен, айтарға уәжі жоқ, кінәлі таксиші жігіт «кешір бауырым, кешір, жөндеп беремін, жөндеп беремін» деп күмілжіп тұр. Одан басқа не істесін?

«Ленд Крузер»-дің иесі үдей түсті: «Қане, документтеріңнің барлығын әкел, қолыма бер, қазір полиция шақырамын». Ол сөзін аяқтар, аяқтамас, шақырмай-ақ полицейлер өздері-ақ жетіп келді. Сол сәтте «Ленд Крузер»-дің артқы есігінен сықия қара костюм-шалбар киінген, галстугын бостау байлаған, егде тартқан, еңселі, етжеңді бір кісі түсті. Қабағы ашық, өңі аппақ. Үлкен лауазым иесі немесе қалталы азамат екені көрініп тұр. Жүзі әкіреңдеген әлгі жас жігіттен аумай қалған. Екеуі ағалы-інілі не әкелі-балалы. Әлгі кісі аяғын маңғаздан басып біз тұрған жерге келді. Іске мына кісі араласса таксиші жігіттің жағдайы қиындай түсетіні анық. Мен солай ойлап тұрмын. Бірақ жағдай мүлде басқаша өрбіді. Әлгі кісі полицейлерге қарап сабырлы түрде: «Сендер өз жолдарыңмен кете беріңдер, біздің еш шағымымыз жоқ, – деді де баласы не інісіне бұрылып, – сен ашуланба, одан да машинаны алып кетуге әрекет қыл». Полицейлер өз жөндерімен кетті. Қызық көре жиналып қалған адамдар да сиреп қалған.

Содан, егде жастағы кісі таксиші жігітке өзіне жақын келуіне ишарат жасады. Анау елпең қаға жетіп барды бір игіліктің иісін сезгендей. Егде кісі: «Қалқам, таксист болып нәпақа тауып жүрген жансың ба?» деді. «Иә» деді жігіт жұмсақ үнмен. Үлкен кісі сәл кідіріп тұрды да: «Машинаң қатты бүлінді-ау, ә. Абайлап жүрсеңші қалқам, – деп төс қалтасына қолын салды да бір бума ақша алып шығып таксиші жігітке ұсынды, – біз өз машинамызды реттеп аламыз, оған сен шығындамайсың, ал мына ақшаға көлігіңді жақсылап жөндеп ал». Таксиші жігіт не жыларын, не күлерін, ақшаны не аларын, не алмасын білмей сасқалақтап қалды. Әлгі кісі дауысын қатайта: «Беріп тұрғанда ал, саған бұл ақша керек», деді. Оның бұл сөзі бұйрықтай естілді әрі осымен іс тәмам дегендей болды.

Үлкен кісіні баласы не інісі таксиге отырғызып жіберді. Алғашқыда әкіреңдей сөйлеген жас жігіт жұмсарып қалған, «біздің батя бүгін жомарттық тантты. Сенің жолың болды, аман бол» деді де өз көлігін алып кетудің қамымен болып кетті.

Мына көрініс мені тебірентіп жіберді. Ал таксиші жігіттің қандай көңіл-күйде қалғанын айтып жатудың өзі артық шығар. Ол бір бума ақшаны ұстаған күйі жарамсыз, бірақ жөндесе әлі талай шақырым жүріп беретін көлігіне отырды да мені өзіне шақырды. Қасына жайғастым. Жігіттің сөйлеуге аузы икемге келмеді де қыстыға жылап жіберді...

Талай жол-көлік оқиғасына куә болдық. Кінәліні жазғыру, жағасынан алу, ұрсып, балағаттау, оған қираған не зақымданған көлігін жөндеткізіп алу әдеттегі жағдай. Бұл баршаға белгілі. Ал мына көрініс өмірде өте сирек кездесетін жайт. Бәлкім, енді қайтып кездеспеуі мүмкін оқиға болар. Ерекше қайырымдылық, ерекше адами қатынас.

«Бар екен ғой, бар екен жақсы адамдар! Жақсы жоқ деп айтпаңдар, бəтшағарлар!» (Мұқағали) деп өлеңдете өз жолыммен кеттім.

Соңғы жаңалықтар