Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру дегеніміз – өнертабысты өндіріске енгізіп, оны қоғам мен экономиканың кәдесіне жарату, игілігін көру. Әзірге алдымызға таудай мақсат қойғанымызбен, өнертабыстың көпшілігі қағаз бетінде қалып жатыр.
Жақында ғылымды коммерцияландырудың І Еуразиялық форумында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки ғылыми-инновациялық дамуды алдыңғы қатарға шығарып, ғылым мен бизнесті өнімді ету үшін тиімді экожүйе құруға күш салып жатқанын жеткізді. Бұл үрдісте «Ғылым қорының» маңызын атап өткен ведомство өкілі жылына 70 жобаның қолдау табатынын атап өтті. Мұнымен қоса ғалымдарды кәсіпкерлер, ірі өнеркәсіппен ықпалдастыруда әртүрлі кеңес жүйесі қалыптасып келеді. Келесі қадам Ғылым мен технология туралы заңның қабылдануымен жаңа қаржылық және қаржылай емес құралдарды енгізу мүмкіндігі нығаймақ. Жаңа құқықтық құралдар мен қолдау бағдарламалары, қаржы механизмдері енді-енді нәтижесін беріп келеді.
– Ғылымды қолдаудың мемлекеттік шаралары мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу институттары әзірлеген бағдарламалар, ғылыми-техникалық қызмет нәтижесін коммерцияландыруға бөлінген грант есебінен жүзеге асып келеді. Бірақ осыған қарамастан, әлі күнге дейін ғылыми зерттеуден бастап, оның нәтижесін коммерцияландыруға дейінгі толыққанды экожүйе қалыптаспай отыр, – деді осы форумда ҰҒА президенті, академик Ақылбек Күрішбаев.
Академиктің пікіріне сүйенсек, әзірлемелер мен зерттеулерге кететін шығындар, сондай-ақ техникалық жетістіктер технологиялық дайындық деңгейімен байланысты. Ғылыми зерттеулерге негізделген технологиялық дайындық деңгейінің ерте кезеңі аса қымбатқа түспейді. Ол гранттық және бағдарламалық мақсатты және коммерциялық қаржыландырумен жабылып, оның барысында жаңадан әзірленген технологиялық жобалар да сынақтан өтеді. Ал зерттеулер мен толықтай коммерциялық қаржыландыру арасындағы алшақтық салдарынан коммерциялық жетістікке жету айтарлықтай шығынға ұшырайды. Қолдау механизмдерінің жоқтығынан, ғылыми қызмет нәтижесіне осы алшақтық кедергі келтіріп отыр. Осылайша, жаңалықтар мен әзірлемелердің 90 пайыздан астамы инновацияда, елдің экономикасы, қоғамның байлығы мен құндылығына айналдыра алмай отырмыз.
– Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды іске асыру стратегиясында салынған қаржының әр тиынын тиімді жарату керек. Ол үшін ғылыми жобаларды іске асыру тұрақтылығы мен соңғы мақсатқа жетудің механизмдері мен үрдістерін түзу қажет. Ғылымды қаржыландыру сараптамасы көрсеткендей, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар ІЖӨ-нің 0,14 пайызын құрап отыр. Бірақ толыққанды даму үшін мұның өзі аздық етеді. Осыған байланысты қаржыны әділетті бөлуде де мәселе туындайды. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырудың негізгі бөлігі Астана және Алматы қалаларында шоғырланғандықтан (76,8 пайыз), айтарлықтай сәйкессіздіктерге жол беріліп отыр. Сонымен қатар ғылыми инфрақұрылым да көңіл көншітпейді. Ғалымдардың 44 пайызының заманауи құрылғыларға қолы жетпей жүр, – дейді академик.
Ал көтерілген мәселені шешу үшін ғылым мен коммерцияландырудың тұрақты экожүйесін қалыптастыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, үздік әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, қажетті инфрақұрылым мен жағдайлар жасау жөніндегі бастамаларды батыл дамытып, іске асыру қажет.
Ғылым мен инновацияның дамуына кері әсер етіп отырған бірқатар сын-қатерлерді атап өткен ҰҒА вице-президенті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Абай Серікқанов біріншіден, қаржының жеткіліксіздігін, екіншіден, ғылыми зерттеулерді коммерцияландырудағы инфрақұрылым мен механизмдердің кемшіндігін алға тартты.
– Елімізде ғылымды дамыту мен ғылыми-техникалық қызмет нәтижесін коммерцияландырудағы басты мәселе – ғылым, бизнес, өндірістің өзара байланысының әлсіздігі. Бизнестің ғылымды инвестициялауға құлықсыздығы, ғылымға деген сенімсіздігі. Салдарынан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың көптеген нәтижелері қажетсіз болып, өндіріске енбей қалып жатыр. Салыстырмалы түрде алғанда, экономикасы дамыған елдерде зерттеулер мен әзірлемелерді 60-75 пайыз кәсіпкерлік сектор қаржыландырса, мемлекеттік бюджет шығындардың 40 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Егер де Израильде мемлекеттік қор 8,9 пайызды құраса, кәсіпкерлік қолдау – 40,0 пайыз, Кореяда – 22,8 – 76,1, АҚШ-та – 19,9 – 68,9 пайыз, – деді А.Серікқанов.
Республикада ҒЗТКЖ-ны ынталандыру мен қолдауда мемлекеттік қаржыландыру маңызды рөл атқарады. Бұл бәрінен бұрын жаңа ғылыми білімді жолға қою ауқымды инвестицияны талап ететіндігін көрсетсе, ал оның коммерциалануы мен табыс беруіне кепілдік мүлде жоқтың қасы. Бұл кәсіпкерлік сектордың ғылыми зерттеулер саласына инвестиция салуға белсенділігіне кедергі келтіреді. Олардың тәуекелдерге құлықсыз болып отырғаны да сондықтан болар. Нәтижесінде, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру төмен деңгейде қалып қоюда.
– Біз ғылыми инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі туралы жиі айтып жүрміз. Алайда университеттер грант алғанына қарамастан, жабдықталу деңгейі төмен, басым көпшілігінде зертханалары ескірген. Бұл сапалы зерттеулер жүргізуге кедергі келтіреді. Сондықтан осы тәсілді өзгерте отырып, университеттер аймақ экономикасы үшін қолданбалы міндеттерді шеше алатын заманауи зертханалар мен ғылыми орталықтар құруға инвестиция салуға тиіс. Бұл іске инновациялар мен жаңа технологияларға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер айтарлықтай үлес қоса алады. Өкінішке қарай, көптеген кәсіпорын отандық әзірлемелердің әлеуетін пайдаланудың орнына шешімдерді шетелден импорттап отыр. Бұдан шығудың жолы өнеркәсіптік кәсіпорындармен тығыз өзара іс-қимыл жасайтын университеттер базасында ғылыми инновациялық кластерлер құру қажет. Мұндай кластерлер металл өңдеумен, материалтанумен, экологиямен, ауыл шаруашылығы кешені және белгілі бір аймаққа қатысты басқа да өзекті бағыттарға қатысты әзірлемелерге назар аударуы тиіс, – деді ғалым.
– Бүгінде Алматыда 50-ге жуық жоғары оқу орны бар. Ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың саны 200-ге жуықтайды. Бизнестің 200 мыңға жуық түрінен кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. Яғни еліміздің ғылыми әлеуетінің 70 пайызы және ел бизнесінің 30 пайызға жуығы оңтүстік астанада орналасқан. Сондықтан ғылым мен бизнесті интеграциялаудың орасан зор әлеуеті бар, еліміздегі ғылым мен бизнестің интеграциясының локомотивіне айнала алатын Алматыда ғылыми-технологиялық, инновациялық кластер құруға еш кедергі жоқ, – дейді кәсіпкер, Ғылымды коммерцияландыру одағы төрағасының орынбасары Жұмабай Ділманов.
Оның пікірінше, дүниежүзіндегі кез келген инновациялық кластердің өзегі – әлемдік тәжірибеде сыналған, экожүйеге сәйкес ғылымды коммерцияландыруды жүзеге асыратын ғылыми-технологиялық парктер, технологиялар, трансферт орталықтары, бизнес-инкубаторлар, акселераторлар. Өкінішке қарай, елімізде мұндай экожүйені құрумен айналысып жатқан ешкім жоқ. Ғылымды коммерцияландыруға, гранттық қаржыландыруға жыл сайын бөлінетін мемлекет қаржысы мардымсыз. Ал ғылымды коммерцияландыруға берілетін мемлекеттік гранттар ғылым мен бизнесті интеграциялау мәселесін толықтай шеше алмайтыны анық. Ол үшін бізге инвесторлар мен жеке бизнестің қаражаты қажет. Ал стартаптарды жасамай, тек қана ғалымдар жасаған ғылыми жобалардың мағынасыз көрмесінен, кейбір басшылардың стандартталған есеп берулерінен, конференциялардан еш нәтиже шықпайды. Жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында, әкімшіліктердегі пленарлық отырыстарда ғылымды коммерцияландырудың экожүйесі туралы болжанған емес, жасалған жұмыстың нәтижесі егжей-тегжейлі талдануға тиіс. Бізге экожүйені жасауға, қалыптастыруға, ғылыми идеяны, ғылыми әзірлемелерді операциялық бизнеске айналдыруды нақты білетін мамандар қажет. Әлем желдей есіп емес, сәуледей жүйткіп, дамып барады. Осыған орай ғылым мен бизнес интеграциясының экожүйесін құруға шұғыл түрде кіріспесек, еліміз ғылыми технологиялық тұрғыда артта қалуы мүмкін.
Осы орайда шетел тәжірибесінен мысалдарды алға тартқан Ж.Ділманов «2011 жылы ресейлік «Сколково» қорының сарапшылары АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия және Қытайдағы дүние жүзіндегі отыз инновациялық орталықтың тәжірибесін зерттеп, «Инновациялық орталықтарды құру және дамыту бойынша нұсқаулықты» жариялады. Соның негізінде бүгінде Ресейде тиімді шетелдік тәжірибе негізінде құрылған 100-ден астам ғылыми-технологиялық технопарк пен инновациялық орталық табысты жұмыс істеп жатыр», дейді ол.
Кәсіпкер шетелдік тәжірибеге сүйеніп, жергілікті атқарушы билік инновациялық орталықтар құруды өз мойнына алған деректерді назарға алды. Мысалы, Францияда – Монпельеде, Финляндияда – Оулуда, Белоруссияда – Бресте. Аталған қалалар негізінен өнеркәсіптік дамудан артта қалған шалғай аймақтар еді. Бұл қалалардың басшылары жергілікті атқарушы органдардың қаржысына инновациялық орталықтар құруды өз міндетіне алып, өз аймақтарын дамудың жоғары технологиялық деңгейіне жеткізе алды. Елімізде құрылып жатқан хабтар, өкінішке қарай, фармация, биотехнология, нанотехнология, тағы да басқа саладағы ғалымдардың ғылыми әзірлемелерін өнеркәсіптік көлемде шығаратын ғылыми-технологиялық парктер емес. АҚШ елдің жоғары технологиялық, инновациялық дамуын ұлттық идеяға айналдырып үлгерді. Оның жарқын мысалы әлемге аян. Ендеше, еліміз дәл сондай жоғары технологиялық мемлекетке айналуы үшін үкіметтің, министрліктердің, әкімдердің, ғылыми орталықтардың ғана емес, бүкіл қоғамның күш-жігері қажет. Дамыған елдерде оған кемінде 15 жыл кетті. Сондықтан шыдамдықпен, дамыған елдердің үздік тәжірибесін пайдалана отырып, елімізді жоғары технологиялық елге айналдыруға шұғыл кірісу қажет.
АЛМАТЫ