60 кг салмақта бізде бәсекелестік өте жоғары. Бұл жолы 55 балуан жүлдеге таласты. Көпшілік жастар арасында әлем чемпионы, гран-при, гранд-слэм сайыстарында олжа салған Мағжан Шамшадин, халықаралық додаларға түсіп, ысылған Нұрқанат Серікбаев, жастар арасында әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Талғат Орынбасар сынды саңлақтар топ жарады деп сенген. Бірақ бірінші айналымда Нұрқанат пен Талғаттың жолы түйісіп, жастық жігермен Талғат басым түсті. Талғат екінші айналымда күтпеген жерден Данияр Қылышевке есе жіберді. Бұл салмақта финалға қызылордалық Мағжан Шамшадин мен қостанайлық Нұрәділ Әлжан шығып, қылғындыру әдісімен Нұрәділ ел чемпионы атанды. Қола медальді Алдияр Қарғұлов (Қарағанды облысы), Нұргелді Қанат (Маңғыстау облысы) еншіледі.
66 кг салмақ дәрежесінде астаналық Ержан Еренқайыпов финалда қызылордалық Ердәулет Бозжаны жығып, ел чемпионы атанды. Қола медаль Бауыржан Нарбаев (Маңғыстау облысы), Мирас Жонысовқа (Ақтөбе облысы) бұйырды. Ержанды жанкүйерлер қазақ күресінің шебері ретінде де жақсы таниды. Төл күрестен де байрақты додаларда топ жарған балуан.
Жастар қарымды екенін 73 кг салмақта да көрсетті. Париж жазғы Олимпиадасына қатысушы Данияр Шамшаевты іріктеуде ығыстырған Барыс Қуан (Абай облысы) финалдық белдесуде Есет Қуановқа (Ақтөбе облысы) есе жіберіп, күміс медальді місе тұтты. Қола жүлдені Саят Сейітқалиев (БҚО), Ислам Тоқтасын (Алматы облысы) иеленді.
81 кг салмақ дәрежесінде Мәди Амангелді (Астана) финалдық тартыста қызылордалық Айғали Қалдыбекті жеңді. Досхан Жолжақсынов (Жетісу облысы), Азат Күмісбай (Маңғыстау облысы) қола жүлдегер атанды.
Биылғы чемпионатта да салмақ дәрежесі ауырлаған сайын қатысушылар саны кеміп отырды. Мысалы, 90 килода 40 балуан татамиге шықты. Ұзақ мерзімдік үзілістен кейін спортқа қайта оралған Дидар Хамза (Түркістан облысы) өзінің бағын осы салмақта сынап көруге бел буған еді. 19 жасында Рио жазғы Олимпиадасына қатысып, 2021 жылы Токио Олимпиадасында белдескен тәжірибелі балуанның жолы болмады. Жеребе сәтті түсіп, сайысты екінші айналымнан бастаған Дидар жамбылдық Нұғман Бибарысты жыққанымен, ширек финалда Абай облысының үмітін арқалап келген Ермахан Әнуарбековке есе жіберді. Ермахан финалға дейінгі қарсыластарын айқын ұтып, финалдық белдесуде маңғыстаулық Мейірлан Максимнен басым түсті. Қола медаль Құдірет Досымов (Шымкент) пен Айдар Араповқа (Түркістан облысы) бұйырды. 100 кг салмақта шымкенттік Марат Байқамыров чемпион атанды. Финалдық бәсекеде алматылық Бейбіт Мәдиевтен басым түсті. Қола медальді Ермұхан Естай (Астана), Ерсұлтан Мұзаппаров (Шымкент) еншіледі. Аса ауыр салмақта (+100 кг) Әділ Оразбаев (Абай облысы) финалдық тартыста Еламан Ерғалиевті (Қызылорда облысы) жықты. Мәди Еділбаев (Алматы облысы), Жамбыл Тұрғынғалиевке (Жамбыл облысы) қола медаль бұйырды.
Әйелдер додасында да жас таланттар жарқырай көрінді. Әсіресе 48 кг салмақтағы тартыс қарқынды өтті. Жетісу облысының балуаны Диана Бүркеева финалда шымкенттік Сабина Юлдашбекованы жеңіп, чемпион атанды. Аружан Данайбек (Жамбыл облысы) мен Зарина Хуснадин (Алматы қаласы) қола медаль еншіледі.
52 кг салмақ дәрежесінде де жас буын қарымын көрсетті. 23 балуанның арасынан финалдық тартысқа Толғанай Әбеуова (Ақмола облысы) мен Алматы облысының үміті Аружан Ережепова шыққан. Толғанайдың мерейі үстем түсіп, чемпион атанды. Қола жүлде Сара Шұғаева (Алматы қаласы), Құндыз Жылқыбайға (Қызылорда облысы) бұйырды. Өзге салмақтарда мына балуандар олжалы болды. 57 кг: 1. Бақыт Құсақбаева (Ақтөбе облысы), 2. Дана Әбдірова (Атырау облысы), 3. Карина Қарекенова (Абай облысы), Дина Мұханбет (Қызылорда облысы). 63 кг: 1. Эсмигүл Куюлова (Атырау облысы), 2. Самалай Ерғалиева (Қостанай облысы), 3. Ұлдана Таңжарықова, Асылжан Орынбасарова (екеуі де Жамбыл облысы). 70 кг: 1. Екатерина Токарева (Алматы облысы), 2. Кристина Сотникова (Абай облысы), 3. Диана Телбаева (Қарағанды облысы), Ажар Асхат (Абай облысы). 78 кг: 1. Аруна Жангелдина (Ақтөбе облысы), 2. Назерке Тілеуханова (Абай облысы), 3. Зәмзагүл Файзолланова (Шымкент қаласы), Анастасия Нагачевская (Алматы қаласы). +78 кг: 1. Назгүл Маратова (СҚО), 2. Айымзада Думанқызы (Атырау облысы), Аида Тойшыбекова (Қарағанды облысы), Айдана Ғазизқызы (Қызылорда облысы).
Париж жазғы Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов, олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, әлем чемпионатының жүлдегері Әбиба Әбужақынова ел чемпионатын тамашалап, жанкүйерлік етті. «Жастар өсіп келеді екен, бәсекелестік туындағанда өрлеу болады. Әрбір салмақта кейінгі толқынның мығым екенін бағамдадық. Біздің алған асуымыздан да асатын балуандардың шығатынына сенемін», деді Елдос Сметов.