Футбол • 19 Қараша, 2024

Бағы тайған бас команда

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің ұлттық құ­рамасы УЕФА Ұлттар ли­гасының топтық кезеңін сәтсіз аяқтады. Фут­болшыларымыз қарымды қарсыластарына тойтарыс бере алмады. Ресейлік маман Станислав Чер­чесов бас бапкерлік тізгінді ұстағалы ұлттық құрама қатарынан 5 матчта ұтылды.

Бағы тайған бас команда

Алдымен Аустрия құ­рамасының екпіні жайында бірер сөз. Алматының «Орталық стадионында» өткен тартыста 0:2 есебі тіркелді. Германияның «РБ Лейп­циг» клубында ойнайтын жартылай қорғаушы Кристоф Баумгартнер 15-минутта есеп ашты. Станислав Черчесовтің баптауындағы ұлттық құрама қарымта шабуылдан нәтиже шығармады. 23-минутта Алек­сандр Марочкин ойын ережесін бұзып, алаңнан қуылды. «Фрай­бруг» (Германия) клубының шабуылшысы Михаэль Грегорич 25-минутта екінші голды соқты.

Ұлттық құраманың бас бап­кері лауазымына Станислав Чер­чесов тағайындалғалы фут­болшылар УЕФА Ұлттар лига­сында бес ойын өткізіп, төр­теуінде жеңілді. Әлі қарсылас қақпасына бірде-бір гол соға алған жоқ. Өзі қақпашы болған Черчесовтің тәлімін алатын футболшыларымыз бес матчта өз қақпаларына 10 гол жіберіп алды. Топтық кезеңдегі соңғы ойынды 17 қарашада сырт алаңда, Норвегия құрамасына қарсы өткізіп, ойсырай ұтылды.

УЕФА Ұлттар лигасының В дивизионында тартысқа түсу біздің құрамаға әлі де ерте сияқты. Норвегияда өткен соңғы матч мұны айқындай түсті. Ойын аса тартысты өткен жоқ. Тіпті 1-тайм­да біздің жігіттер Норвегия ұлттық құрамасының қақпасына тура соққы бағыттай да алмады. 19 жастағы Антонио Нусаның өзі үш-төрт ойыншының ортасынан сытылып кетіп отырды. Норвегия ұлттық құрамасының капитаны Эрлинг Холанн 23, 37, 71-минуттарда гол соғып, хет-трик жасады. Серлот 41-минутта төртінші голды тоғытса, Нуса 76-минутта бесінші голды соқты.

Ұлттық құрамаға 2022-2023 жылдар өрлеу кезеңі болды. Ресейлік маман Магомед Әдиев бас бапкерлік тізгінді 2022 жылдың мамыр айында ұстады. Сол жылы УЕФА Ұлттар лигасының «С» дивизионында біздің футболшылар көш бастады. Былтыр Еуропа чемпионатына іріктеу сынында өткізген 10 матчта 6 рет жеңіп, 4 ойында жеңілді. 18 ұпаймен құрлық біріншілігінің финалдық кезеңіне сынық сүйем жетпей тоқтады.

С.Черчесов биыл маусым айында ұлттық құраманың бас бапкері лауазымына тағайын­далды. Сол айда ұлттық құрама Ар­­мения, Әзербайжан құра­ма­ларына қарсы жолдастық матч өткізіп те жеңілген еді.