Спорт • Бүгін, 08:15

Теннис: Жаһандық додаға жолдама алды

21 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада теннистен Билли Джин Кинг кубогі аясында еліміздің әйелдер құрамасы Оңтүстік Корея теннисшілерімен тартысқа түсіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Теннис: Жаһандық додаға жолдама алды

Жекелей сынды Зарина Диас бастап, Да Ен Бактан басым түсті. Ұзақ уақыт үзілістен кейін кортқа оралған Зарина әлемдік рейтингте 383-сатыда тұр. Ал қарсыласы 314-орында. Өзінен 11 жас кіші қарсыласын жерлесіміз үш партияда еңсерді, есеп – 3:6, 6:3 7:6. Екінші ойында еліміздің бірінші, әлемнің алтыншы ракеткасы Елена Рыбакина Сон Хен Пакті еркін ұтты: 6:2, 6:2.

Жарыстың екінші күні бірінші болып алаңға шыққан жерлесіміз, дүниежүзілік рейтингте 29-сатыда тұрған Юлия Путинцева да Ку Ен Вуды екі сетте жеңді: 7:5, 6:4. Сөйтіп, жекелей сынның жоспарлы кездесулерінің соңғысы қажет болмай қалды. Жұптық сайыста Жібек Құламбаева мен Анна Данилина Ким Дабин – Ку Ен Ву жұбына есе жіберді. Бірақ бұл жеңіліс ештеңе шешпейтін еді. Әйелдер құрамасы жекелей сындағы жеңісімен-ақ әлем кубогінің іріктеу кезеңіне жолдама алды. Командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңі 2025 жылдың сәуір айында өтеді.

 

Кімдерге сенім артамыз? 

Келесі жылы Қытайда қысқы Азия ойындары өтеді. Спорт­шыларымыздың қысқы аламанға әзірлігі Орталық коммуникациялар қызметінде айтылды.

Баспасөз мәслихатына Туризм және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев, осы комитетке қарасты Спортты дамыту дирекция­сы директорының орынбасары Азамат Хамзин, Ұлттық олимпиада комитетінің ресми өкілі Жігер Әзберген қатысып, спортшылардың дайындығынан құлағдар етті.

ІХ қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Харбин қаласында өтеді. Осы шаһарда коньки, шайбалы хоккей, керлинг сайыс­тары ұйымдастырылса, Ябури қаласында шаңғы спорты, биатлон, шаңғы альпинизмінен спортшылар сынға түспек. Құрлық додасына 32 елден бір мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Бірнеше спорт түрінен 196 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қытайдың Харбин қаласы қысқы Азия ойындарын екінші мәрте қабылдамақ. 1996 жылы осы шаһарда өткен қысқы Азиада додасында біздің спортшылар 14 алтын, 9 күміс, 8 қола олжалап, жалпы есепте екінші сатыға тұрақтаған еді. Ал соңғы қысқы Азия ойындарын 2017 жылы Жапония елі өткізгенде 9 алтын, 11 күміс, 12 қола медальмен оралған болатын.

«Харбиндегі құрлық тартысына 6 спорт түрінен 139 (71 ер, 68 әйел) спортшымыз қатысады. Биатлоннан – 10, керлингтен – 12, конькимен жүгіруден – 20, мәнерлеп сырғанаудан – 4, шорт трек, шаңғы жарысынан – 12, тау шаңғысынан, альпинизм спортынан – 8, фристайл акробатикадан 7 саңлаққа сенім артылмақ. Шайбалы хоккейден ерлер мен әйелдер құрамасы да үмітті ақтайды деп сенеміз», деді Азамат Имашев.

Комитет төрағасының орынбасары биатлоннан Әсет Дүйсенов, Александр Мокин, Вадим Куралес, Алина Крюкова, шаңғы спортынан Олжас Климин, Константин Борцов, Никита Гридин, Ксения Шалыгина, конькимен жүгіруден Нұралы Ақжол, Алтай Жәрдембекұлы, Надежда Морозова, шорт тректен Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Мадина Жанбосынова, Малика Ермек, Алина Әжғалиева, Яна Хан, фристайл акробатикадан Ардана Маханова, Аяна Жолдас, Роман Иванов, Шерзод Шағырбаев сынды саңлақтарға зор сенім артылатынын атап өтті. Спортшылардың оқу-жаттығу жиынын өткізуіне мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, барлық жағдай жасалғанын жеткізді.

 

Ерекше балаларға тарту 

Елімізде аутизмге шалдыққан балалар тұңғыш рет велоспортпен шұғылдануға мүмкіндік алды. Игі бастама «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен «Велоспорт – баршаға» жобасы аясында жүзеге асты.

Қордың қаржылай қолдауымен 30 балаға велоспортпен жүйелі шұғылдануына жағдай жасалды. Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде ерекше балалар қор басшыларымен бірлескен жаттығу өткізді. «Самұрық-Қазына»АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов вело­спортты жаңа бастаған жеткіншектер арасында халықаралық сайысқа қатысып, жүлдемен оралған талапты балалардың бар екенін атап өтті. Сонымен қатар қор мұндай әлеуметтік жобаларды үнемі қолдап, ерекше балаларға әрқашан қамқорлық танытатынын жеткізді. Ерекше балаларға «Velolegend» қорының жетекшісі Махаббат Өтегенова велоспортпен шұғылдану арқылы аутизмі бар балалардың күш-қуаты мен төзімділігін, эмоционалдық көңіл-күйін жақсартуға күш салатынын айтты. «Біз балаларды жаттығуда шыңдап, халықаралық сайыстарға қосамыз», деді. Жаттығу соңында қор басшысы ерекше балаларға 30 велоспорт пен автобусты сыйға тартты.