Аймақтар • 19 Қараша, 2024

Әлеуеті артқан Әулиеата

71 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Облыс орталығы Тараз қаласында кейінгі уақытта ауқымды жұмыс атқа­рылып жатыр. Осыдан 15 жыл бұрын қала халқының саны шамамен 350 мыңның ар жақ, бер жағында болса, қазіргі кезде Әулиеата өңірінде 433 мыңнан астам халық қоныстанған. Тұрғындар саны артқан сайын жергілікті атқарушы билік тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға басымдық беріп отыр.

Әлеуеті артқан Әулиеата

Тараз қаласында жергілікті халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыс қолға алынған. Кейінгі бірнеше жылдың бедерінде еліміздегі ең үлкен шағын аудан саналатын «Ұлы дала» шағын ауданында құрылыс қар­қыны ілкі сәтке де тоқтаған емес. Бұдан бөлек, Әулиеата, Асанбай Асқаров кө­шелерінің аяқ тұсынан бой көтеретін 16-шағын ауданда да жұмыс жүйелене бастады. Бірнеше жылдың бедерінде аталған шағын аудандарда да әлденеше мыңдаған тұрғын қоныс тойын тойлайтыны анық.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері келтірген дерекке жүгінсек, облыс орта­лығындағы «Ұлы дала» шағын ауданында қазіргі кезде 34 тұрғын үй салынып жатыр. Оның ішінде 10 тұрғын үйдің құрылысы толыққанды аяқталған болса, 17 үйдің құрылысы осы жылдың аяғына дейін аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ қалған 7 тұрғын үй келесі жылы пайдалануға берілмек.

пр

Жергілікті тұрғындар арасында бір­неше жыл бойы әңгімеге арқау бол­­ған 16-шағын ауданда да құрылыс-мон­таждау жұмысы басталғаны белгілі. Қала­­лық әкімдіктің баспасөз қызметі кел­тірген дерекке жүгінсек, қазіргі кезге дейін жергілікті атқарушы билік өкіл­­­­дері 6 тұрғын үйді пайдалануға қа­был­даған көрінеді. Бұдан бөлек, мем­лекеттік құрылыс саласындағы келі­сім­шартқа сәйкес тағы 6 тұрғын үй­дің құрылыс жұмысын жыл соңына дейін аяқтау көзделген. «Агроспецстрой» ЖШС қалған 4 тұрғын үйдің құрылысын алдағы жылы толыққанды аяқтауға бекініп отыр. Бізде бар дерекке сенсек, жаңа ша­ғын ауданда құрылыс қарқыны келесі жылы да бәсеңсімейтін секілді. Өйткені 66 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаты әзірленген.

Ілгеріде қала тұрғындары «14-ша­ғын ауданда құрылыс жұмысы қашан бас­талады?» деген сауалды жиі алға тар­тып жүретін. Ел ішінде «14-шағын аудан» атанып кеткен шағын ауданда халық қоныстанатын күн алыс емес.

Біршама уақыт бұрын «Әулиеата» деген су жаңа атау алған жаңа шағын ауданда да алдағы жылы бірнеше тұр­ғын үй бой көтереді. Тараз қаласы әкім­­­­дігінің баспасөз қызметі келтірген мә­лі­­метке сүйенсек, 22 тұрғын үйдің құры­­­лысын жүргізу жөнінде жобалық-сме­­талық құжат әзірленіп, сараптама қоры­тындысы алыныпты. Қазіргі кезде тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Кейінгі жылдары облыс орталығы Тараз қаласында көше жолдарын жөн­деу жұ­мысына айрықша басымдық бе­рі­ліп келеді. Отыз жыл бойы жөндеу көр­меген ондаған көшенің жолдары жаңарып, жаңғырып қалғанын бұған дейін де жазған болатынбыз. Жергілікті атқарушы билік күре жолды қалыпқа келтіруден бөлек, жүргіншілерге арнал­ған жол салуды да мықтап қолға алды. Осылайша, қала билігі тұрғындар өті­нішін қанағаттандыруда нақты қадам­дарға барып отыр.

пр

Соңғы деректерге жүгінсек, осы жылы Таразда 12 жоба бойынша жаяу жүргіншілерге арналған жол салу жұ­мысы басталған. Нақты айтатын бол­сақ, Демьян Бедный, Александр Пуш­кин, Хасан Бектұрғанов, Абай, тағы бір­неше көшеде жаяу жүргіншілер жолы талапқа сай салынды. Сондай-ақ об­лыстық онкологиялық орталық пен IT лицей аумағына, «Ұлы дала», «Бәй­терек» шағын аудандарында бой кө­терген жаңа білім ұяларының маңына, Жібек жолы көшесіне жаяу жүргінші­лер жолы төселіп жатыр. Бұл жұмыс алда­ғы уақытта да жалғасады. Өйт­кені жергілікті атқарушы билік тұрғындар көтерген өзекті мәселелерге айрықша назар аударып отыр.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков БАҚ өкілдерімен, жергілік­ті тұрғындармен кездесу кезінде қала көшелеріндегі жолдарды қалыпқа кел­тіруге айрықша басымдық беретінін айт­қан еді. Кейінгі екі жылдың бедерінде атқарылған жұмысқа қарасақ, шаһар басшысы уәдесінде тұрғанын байқауға болады.

Жалпы алғанда, облыс орталығында осы жылы ұзындығы 95,3 шақырымды құрайтын 127 көшенің жолы орташа жөндеуден өткізілген. Жергілікті атқа­рушы билік бірінші кезекте халық ты­ғыз орналасқан «Бурыл», «Барысхан» тұр­ғын алабы тұрғындарының өтіні­шін қанағаттандыруға басымдық бергені көңіл қуантады.

Қала тазалығы билік өкілдерінің назарынан тыс қалған емес. Тараз белгілі бір деңгейде еліміздегі жасыл қалалардың санатына енгенімен, ауа райы күрт бұ­зылып, табиғат тосын мінез танытқан уақытта контейнердегі қоқыстар жан-жаққа шашылып, қала көркін бұзып жатады. Сондай-ақ кейбір тұрғындар қатты қалдықтарды бей-берекет шашып, айналаны ластап, мәселені ушықтыра түседі. Кейінгі уақытта осы олқылықтың ор­нын толтыру мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

ен

Облыс орталығының тазалығына өңір басшысы Ербол Қарашөкеев те айрықша назар аударып отыр. Өңір бас­шысының тікелей тапсырмасына сәйкес қала әкімдігі тарапынан арнайы қанатқақты жоба қолға алынып, тиіс­ті жұмыс жүргізіле бастады. Нәти­же­сінде, жоба аясындағы мердігер ме­кеме «Құрылыс-2015» ЖШС-ның қол­ға алуымен қоқыс алаңдарын бетон баға­налармен қоршау жұмысы қарқынды түрде іске асырылып жатыр.        

«Тараз қаласының тазалығына бәрі­­міз жауаптымыз. Қазіргі кезде Тараз қала­сын­да­ғы 328 қоқыс алаңына 1540 контейнер орнатылған. Егер қанатқақты жоба жыл соңына дейін біз күткен нәтиже бе­ріп, өзінің тиімді екенін көр­сетсе, алдағы жылы тағы 200 қоқыс ала­ңын жаңалай­тын боламыз. Сол мақсатта бюджет есебі­нен 1000-нан астам контейнер сатып ­аламыз. Бұл өз кезегінде қала тазалығын сақтап қана қоймай, қоқыс тастайтын жәшіктер санын көбейтіп, оны тасымалдайтын кө­ліктердің емін-еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызады», дейді Тараз қа­ласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Қалай десек те, кейінгі екі жылдың бедерінде жергілікті атқарушы билік өкілдері облыс орталығының тазалығы­на айрықша назар аудара бастады. Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласына ат басын бұратын туристер аз емес. Өзге мемлекеттен келетін қонақтар облыс орталығының тазалығына сын көз­бен қарайды. Сондықтан да қала билігі көне шаһарды көркейту жұмысы­мен қатар, қала тазалығын да барынша мұқият қадағалайды.

Қазірге дейін Ұлбике ақын, «Қара­тау», «Алатау» шағын аудандарын­дағы, бірнеше көшедегі арнайы мекен­жай­лардағы қоқыс алаңдары толығымен жаңар­­тылды. Жалпы, осы жылы облыс орталығындағы 20 қоқыс алаңын талапқа сай жаңалау жоспарланған.

Әлеуметтік-экономикалық даму жер­гілікті халықтың әл-ауқатының артуына септігін тигізетіні даусыз. Ал өндіріс пен өнеркәсіп, туризм өркендеген өңірде жұмыссыздықтың азаятыны әу бастан белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Тараз қаласында біршама жұмыс атқарылып жатыр.

Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкер­лік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас­шысы Жандос Рүстембаев келтірген дерек­­ке сенсек, қазіргі кезде облыс орта­лығын­­да негізгі капиталға салынған ин­вес­ти­ция көлемі 91 млрд 363,9 миллион тең­гені құраған. Ал нақты индекс көлемі 129,5 пайызға орындалған. Сегіз ай­дың қорытындысына сүйенсек, өнеркә­сіп, өндіріс саласында 310 млрд 649 миллион­ теңгенің өнімі өндіріліпті. Сондай-ақ бөлшек сауда тауар айналымы­ның көлемі қыркүйек-қаңтар айларында ­266 млрд 670 миллион теңгеге жеткен. Соны­мен қатар индустриялық-ин­но­вация­­­лық дамудың 2020–2025 жылдар­ға ар­нал­ған мемлекеттік бағдарламасы аясын­да қала аумағында жалпы құны 20,7 млрд тең­гені құрайтын бірнеше инвести­ция­лық жобаны іске асыру жөнінде тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Бұл жобалар уақтылы жүзеге асқан жағдайда ­облыс орталығында 714 жаңа жұмыс орны құрылады.

«Жалпы алғанда облыс орталығын­да ірі жобаларды іске асыру жөнінде нақ­ты жұмыстар қолға алынғанын айта кеткен жөн. Мәселен, «Kisc» ЖШС-ның «Металл құю цехын жаңғырту» жобасының ма­ңызы зор. Жобаның жалпы құны 1 млрд 870 миллион теңгені құрайды. Қа­зіргі кезде кәсіпорынның металл құю қуат­тылығы 3,5 мың тоннаға дейін жеткен болса, модернизациялау жұмысы­нан ке­йін жылдық қуаты 24 мың тоннаға дейін жетеді. Атқарылған жұмыстың нәти­жесінде облыс орталығында 150 жаңа жұмыс орны құрылады. Көршілес Қы­тай елінен келген кәсіби мамандар іске қосу, реттеу жұмыстарымен шұғылданға­нын айта кеткен жөн.

«Бұдан бөлек, «СП-Тараз Рет» ЖШС полиэтиленрефталат рециклиг өндіретін зауыт салу жұмысын жүзеге асыруға ниеттеніп отыр. Жобаның жалпы құны – 3 млрд 860 миллион теңге. Бұл зауыт уақытында толық қуатында жұмыс істе­­ген кезде жылдық өндіріс көлемі 6 мың тон­наны құрайтын болады. Қа­­зіргі кезде су, газ тарту жұмысы 90 па­­йызға тәмам­далды. Ауқымды жоба жүзеге ас­қан жағ­дайда 64 азамат тұрақты жұмыс­пен қамтылады», дейді Ж. Рүстембаев.  Бөлім басшысы келтірген дерекке сенсек, облыс орталығындағы тағы бір ірі жобаны «Alima Delux» ЖШС қолға алып отыр. «Тұрмыстық техника зауыты» жобасы уақтылы іске асқан кезде жылына 100 мың дана газ плитасын шығаруға қауқарлы. Жалпы құны 15 млрд теңгеге бағаланған кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген жағдайда 500 жаңа жұмыс орны ашылады.

Ж.Рүстембаевтың айтуынша, ин­дустриалды-инновациялық бағдар­ла­ма­­дан бөлек, жалпы құны 14 миллиард теңгені құрайтын екі инвестициялық жобаны, яғни «South Holiday» ЖШС-ның «Зербұлақ» демалыс орталығы мен «ОРЦ Тараз» ЖШС көкөніс қоймасының екінші кезеңін іске асыру жоспарланған.

«Негізінде «Тараз» индустриялық аймағының жалпы ауданы 185 гектар болатын 11 жер телімдерінен құралған. Бүгінгі таңда қатысушылар тарапынан 74,1 миллиард теңге сомасын құрайтын 7 жобаны іске асыру көзделген.

Олардың қатарында «НУР ХИМ 2021» ЖШС-ның трикотаж, тігін бұ­йымдарын өндіруге арналған зауыты мен минералды тыңайтқыштар зауыты, «Мамешова Айгуль Бекенов­на» жеке кәсіпкерлігінің машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіретін зауыты, «Нурсеитова Нагима Аманхожа­кызы» жеке кәсіпкерлігінің шаруашы­лық-тұрмыстық, санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдарын өндіре­тін цехы, «Eco Energy Plant» ЖШС-ның қат­ты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу, «Эко РБК» ЖШС-ның қауіп­ті қалдықтарды басқару кешенін құру, «КАЗ ПРО ТЕМИР» ҚЖС-ның қара металды балқыту, шаршы дайындамаларды шығару, полимерлі жабыны бар жұқа табақты мырышталған болат өндіретін металлургиялық зауыт салу жобалары бар», дейді бөлім басшысы.

Ж.Рүстембаев келтірген дерекке жүгінсек, Тараз қаласында шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша ба­сымдық берілген. Атқарылған жұмыс­тың нәтижесінде салада айтарлықтай өсім қалыптасқан. Сондай-ақ облыс орталығын туристік орталыққа айналдыру мақсатында айтарлықтай жұмыс атқарылып жатыр.

«Саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7,1 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 405,7 пайызды еңсерді. Таразда 2023 жылғы 1 шілдеде құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын «Зербұлақ» сауықтыру орталығы пайдалануға беріліп, онда 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған еді. Ал биыл бұл жобаның екінші ке­зеңі жүзеге асырылып, өз жұмысын бас­тады.

Осы жылдың қыркүйек айында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени ке­шені алаңында «Тараз – қолөнершілер қаласы» III халықаралық қолөнершілер фестивалі ұйымдастырылып, көне шаһар Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің тиісті аккредиттеуінен өтті. Осылайша, Тараз «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» мәртебесін сақтап қалғанын айта кеткен жөн. Ауқымды жобаға алыс-жақын шет мемлекеттерден қол­өнершілермен қатар, халықаралық қол­өнершілер қауымдастықтары, халық­аралық сарапшылар, туризм саласына қатысты мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Үшінші рет ұйымдастырылған ха­лық­аралық көрмеге шет елдерден, елі­­міз­дің өңірлерінен жүздеген турист кел­ді. Бұдан бөлек, осы жылдың ма­мыр ­айын­да қала мектептерінің 1000 үздік оқу­­шы­сын тарихи-мәдени ескерткіштер­ге апару жөніндегі туристік маршрут­­тар ұйымдастырылды. Экскурсия бары­сын­да барлық оқушыға арнайы кәдесый­лар берілді.

«Тараз – қолөнершілер қаласы» фес­тиваліне дайындық жұмысы жүр­гізілуіне орай, қазақ халқының ұмы­тылып бара жатқан қолөнерін жаң­ғырту, ата-бабадан қалған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа насихаттау, дәстүрлі қазақ қоғамында дамыған киіз жасау өнері мен технологиясын жастар арасында насихаттау мақсатында «Үздік қолөнерші» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.

Мемлекеттік қолдаулар арқылы туризм саласын дамыту бүгінде 4 негізгі бағытта жүргізіледі. Оның екеуі Тараз қаласына тиесілі. Бұл салада облыстық кәсіпкерлік басқармасы арқылы тиісті жұмыстар жүзеге асырылады», дейді бөлім басшысы.

Қалай алып қарасақ та, облыс ор­талығында ірі-ірі жобаларды жүзеге асыру мақсатында ауқымды жұмыс жүзеге асып келеді. Ең бастысы, жергілікті атқарушы билік тұрғындардың көке­йіндегі өзекті мәселелерді бірінші кезекте шешуге бағыт-бағдар ұстанып отыр. Әлеуеті артқан Әулиеатада атқарылған жұмыс аз емес. Оның бір бөлігі келесі жылы да жалғасады.

 

ТАРАЗ