Сұхбат • 19 Қараша, 2024

«Естігенді емес, көргенді жазған әсерлірек»

85 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қасиетті Қызылжар топырағында кіндік қаны тамып, білім-білігімен, қарым-қабілетімен ұлтқа, елге, жерге адал қызмет еткен жандар аз емес. Солардың бірі – ақын, журналист, сазгер Шашубай Малдыбаев.

«Естігенді емес, көргенді жазған әсерлірек»

– Қазақ әдебиетінің қоржынын не­бір көркем дүниелерімен толық­тыр­ған әкеңіз Ғалым Малдыбаев – саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған жан. Сіз­дің де осы сала маңайы­нан табы­луыңызға сол кісі ықпал еткен болар?

 – Мен Шал ақын ауда­нында қазақ әдебиетінің қос бәйтерегі Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов­тің замандасы, Мағжанның шәкірті, Бейімбеттің досы болған ақын Ғалым Малдыбаевтың ша­ңырағында дүние есігін аштым. Әкем өзінің «Өмірден ертегі» атты хикаятында туғанынан ше­ше­сінен жетім қалып, байдың есігін­де күн кешіп, қозы баққанын, көп қия­нат көргенін баян­дайды. Жасынан таршы­лық пен жоқ­шылықтың зардабын тарт­қан ол талап­керлігі, мақсатшылдығы арқасында талай жетістікке жеткені көбімізге аян. Молдадан сауатын шала ашса да, қо­лына қалам ұстап, ақ жүре­гімен, ізгі ниеті­мен өз елін, жерін өлеңге қосып, ха­лықтың бостандығын, теңдігін және сәулетті болашағын жырына арқау етті. Мен ғана емес, перзенттерінің бәрі сөз өнеріне жақын.

– Өткен өміріңізге ой жүгірткенде көңіл көкжиегіне қандай оқиғалар қонақтайды?

– Мектепті жақсы бағамен тәмам­дағаннан кейін 1966 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Еңбек жолымды сүйікті басылымым – «Ленин туы» (қазіргі «Soltüstık Qazaqstan») газетінде әдеби қызметкер болып бастадым.

Жас кезімізде уақыт өтпейтіндей, адамдар қартаймайтындай көрінетін. Олай емес екен. Бәріміз уақыттың уысындамыз. Мені қуантатыны – әке аманатына адал болғандығым. Ол кісінің көзі тірісінде оқырман назарына ұсынылмаған туындыларының 90 пайызын жарыққа шығарып­пын. Осы жасқа келгенде әке-шеше­­нің алғысын алған жанның бағ­да­ры айқын, болашағы жарқын бо­латынын түсіндім. Адам қай биік­тен көрінсе де, қарапайым­ды­­лы­ғын жоғалтып, адамгершілікті өл­тіріп алмауы қажет. Қазақта ­«Ба­та­менен ер көгерер» деген сөз бар. Адамның жолын ашатын да, ба­ғын тұмшалайтын да сөз.

 – Армансыз адамды қа­нат­сыз құсқа теңеп жатады. Бала кездегі ар­маныңызға қол жеткіздіңіз бе?

–  Бала күнгі арманым компо­зи­тор болу еді. Мектепте жүрге­нім­де-ақ ән шығара бастадым. Алғаш­қы әнімді 9-сыныпта шығардым. Оны өзім орындап жүрдім. Сазгерлік қабілетім­ді жоғары оқу орнында дамытқым кел­­ді. Алайда өнер саласына емес, филология факультетіне оқуға түстім. Оған еш өкінбеймін. Бейсембай Кенже­баев, Мәулен Бала­қаев, Зейнолла Қабдо­лов, Рым­ғали Нұрғалиев, Сұлтанғали Садырбаев, Мырзатай Жолдасбеков сын­ды мүйізі қарағайдай тұлғалардың дәрістерін тың­дап, тәрбиесін көрдім.

1996 жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына орай өткен республикалық ән байқауында «Жырау Жамбыл» деп аталатын әнім ынталандыру сыйлы­ғына ие болды. «Қарындастарым – қарлы­ғаштарым», «Келші, жаным», «Немере – әнім», «Қызғанамын», «Қызылжар – қалам», «Алтын бесік – ауылым», «Жүрек үні», «Жаз гүлім», «Сезім сыры», «Ауда­ным – Жамбылым» сынды әндерім ел ішінде кеңінен танылып, орындаушы­лары қошеметке бөленіп жүр. Қырыққа жуық әнім жарық көріпті. Бала кездегі арма­ным­ның орындалғаны осы болар.

– Сіздің өлең жазатыныңызды жақ­сы білеміз?

– Маған жыр жазғаннан ән шығару, оның ырғағын табу тиімдірек. Миым­да қырық әннің әуені жүреді. Теледи­дар көріп отырғанда да, жай жүргенде де ән шығарамын. Өзімді ақын емес, әуесқой сазгер деп есептеймін. Ақындық – қанымызда бар қасиет. Өлең техникасын жақсы меңгергенмін. Ақындық пен сазгерлік – екі әлем. Екеуі қосылса ғана өнер құдіретін танытады.

– Сіз Қызылжарда біраз қызмет атқардыңыз. Тындыра алмаған істе­ріңіз бар ма?

– Редакцияда жұмыс істеп жүргенде түр­лі тақырыпта қалам тербедім. Ойла­ғанымның бәрін қағаз бетіне түсірдім десем артық айтқаным болмас. Газеттің сол кездегі басшысы марқұм Уәп Рақым­жанов ағамызға ерекше ризамын. Ол кісі қарамағындағы әріптестерін ерекше құрметтеді. Өлеңге, әнге жақын жандарды шығармашылық тұрғыдан көп қолдады. Соның арқасында облыста тұң­ғыш «Тамаша» ойын-сауық отауы­ның шымылдығын ашып, режиссерлік, жүргізушілік, ұйымдастырушылық қабі­леттеріммен көзге түстім.

Негізі журналистикадағы қызме­тіме қарағанда қоғамдық жұмыста­ғы белсенділігім басым болды. Бас­­шы­лықта қызмет еткенде де М.Жұ­ма­баев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мал­ды­баев, С.Шаймерденов, Г.Бель­гер, К.Са­лықов, Қ.Кеншінбаев, М.Қан­ғо­­жин, Е.Асқаров сынды танымал жер­лес­теріміздің мерейтойлық шараларын ұйым­дастырдым. «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны», «Келіндер сыны», «Сұлулық сыны», «Аталар байқауы» сынды мәде­ни ша­ралардың сценарийлерін жазып, рес­публикалық айтыстар мен мү­шәйралардың өтуіне мұрындық болдым. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының ашылуына себепкер болған азаматтардың бірі болғанымды мақтанышпен еске аламын. Тындыра алмаған іс аз емес. Сол үшін салымды суға кетіріп көрмеппін.

– Газеттің сарғайған парақтарын ақ­тарып отырып, сіздің «Сыр сандық» ай­дары аясында көптеген мақала жаз­­ғаныңызды аңғардым. Оның сыры неде?

– Журналистиканың басқа салалар­ға қарағанда ерекшелігі – тілшілердің ел-елді аралап, сапарларға жиі шығатын­дығында. Сондай іссапарларды тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарымен жүз­десіп, әңгімелесетінмін. Ел шежіресін саралап, тарихын талқылайтын кеудесі алтын сандық қариялармен жолығуды әдетке айналдырдым.

Кездесулердің бірінде Екінші дүние­жүзілік соғыстан жақыны оралмаған ақ­­са­қалдарымыз бен ақ жаулықты әже­леріміз «ойпырымайлап» сандық түбінде майдан даласында жазылған хаттар­дың сарғайып жатқанын айтты. Ауылда жүргенімде анам да «Малғаждардың ел­ге жазған хаты» деген әнді айтып жүру­ші еді. Содан ұжым болып ақылдасып қара­сөзбен, өлеңмен жазылған хаттардың басын бір арнаға тоғыстырып, оқыр­ман­ға ұсындық. «Сыр сандықтың» оқыр­маны көп болды. Шалғайда жатқан елді мекендерден хаттар легі толастамады. Жүздеген үйдің кебежесінде тозығы жетіп, жыртылып, өңі кетіп, жойылып бара жатқан хаттар қайтадан жаңа­рып, оқырманға жол тартып отырды. «Сыр сандыққа» түс­кен бес жүзге жуық материалдың денін кәдеге жараттық.

– Қазіргі журналистерге қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?

– Журналист болғысы келген адам жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектене беруі керек. Ерінбей, жалықпай, шаршамай, ізденіс үстінде жүрген адам ғана журналистика майталманына айналады.

Әсіресе журналистің жолда көп жүр­­­гені дұрыс. Естіген дүниені қағаз бе­­­тіне түсіргеннен гөрі жол машақатын тартып, ел-елді аралап, көзіңмен кө­ріп жазған мақалаң әлдеқайда әсерлі шы­ғады. Сұхбаттасатын кейіпкеріңнің не істегенін, өткен өмірін, бағындырған асуларын зерттеп, сараптай білу қажет. Қойған сұрағың кейіпкеріңді ойландыра алса, журналист ретінде жақсы танылып, құрметке бөленесің.

– Туған жер туралы не айтар едіңіз?

– Қызылжар – қазақ әдебиетінің клас­­сиктері мен халық қаһарманда­рын дүниеге әкелген киелі өңір. Туған қа­ламның заманға сай дамып келе жат­қанына қуанамын. Туған жерін сағы­нышпен еске алу кез келген азаматқа ауыр тиетінін сыртта жүргендер түсінеді. Елге деген сағынышымды бір-ақ нәрсе арқылы басамын. Ол – ән. Туған жерге деген махаббатымды ән арқылы жеткізуге тырысып жүрмін.

 – Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін