Білім • 19 Қараша, 2024

Бестамақ оқу ошағындағы озық тәжірибе

76 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр еліміз аумағында іске қосылған шағын жинақты ауыл мектептерін дамы­ту­ға арналған бірегей жоба Ақтөбе облысынан бастау алған еді. Өйткені еліміз бо­­йынша шағын мектептер саны жағынан Ақтөбе облысы көш бастап тұр.

Бестамақ оқу ошағындағы озық тәжірибе

Сурет: instagram.com/bestamak_orta_mektebi_kmm

Өңір­де­гі 134 ауыл мектебінің басындағы жағдай ұқсас: оқушы саны аз, пән мұға­лім­дері же­тіспейді, оқу-материалдық база ескірген, Интернет байланысы әлсіз. Қала мен ауыл мек­тептері арасындағы білім деңгейінің айырмашылығын жою мақсатында Оқу-ағар­ту министрлігі «Білім беру саласын тұрақты дамы­ту қоры» мен «Қазақстан хал­қына» қорының қар­жы­лай қолдауымен бірнеше ба­ғыт­та жұмыс бас­тады.

Ең алдымен ауыл мұғалімдерін оқы­ту­ды Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебі қолға алды. Шағын жинақты мектептердің бірегей үлгісі ретінде Алға ауданының Бестамақ орта мектебі таңдалып алынды. Осы білім беру ұйымына толық жөндеу жүргізіліп, пәндік кабинеттер жаңартылды. Одан өзге роботтехника кабинеті, телестудия, ағаш және металл өндеу кабинеттері, тігін шеберханасы мен ағаш өңдейтін ұстахана, АРТ-студия жасақталды. Мұғалімдер Ақтөбедегі NIS-де семинарларға қатысып, онлайн дәріс алды.

Бестамақ орта мектебінің директоры Әсел Дәулеталинаның айтуынша, бірнеше тегін үйірме балалардың қызығушылығын оятты. Соның нәти­жесінде, Бестамақ мек­те­бінің оқушылары роботтехникадан өткен сайыстарда жүлделі орынға қол жеткізді. Бір жыл ішінде осы білім мекемесінде оқушылардың сабақ үлгерімі 6%-ға өсіп, былтырғы түлектер түгел оқуға түскен.

Бестамақ мектебінің тоғыз мұғалімі Алға ауда­нындағы Бесқоспа, Талдысай және А.Байтұрсынов атындағы шағын жинақты мектептерде негізгі пәндер бойынша онлайн-сабақтар мен семинарлар өткізіп жүр. Бұл жобаға қатысушы тірек және магниттік мектептер арасында интернет байланысы қажет болғандықтан, «KazSat» спутник жүйесі ақылы интернет жүргізілді. «Осы жоба білім беру орындарының жағдайын жақсартып қана қоймай, оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырды. Шағын жинақты мектептің оқушылары облыстық және халықаралық олимпиадалардағы үздік нәтиже көрсетті. Жобаға қатысқан тірек және магниттік мектептерде білім сапасының өсуі байқалады», дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен Ақтөбе облысында он білім беру округін ашу жоспарланып отыр. 2025 жылдың басында құрылатын бес округтің екеуі облыс орталығында, үшеуі Қандыағаш, Шалқар және Хромтау қала­ла­рын­дағы мектеп-гимназияларда ашылады. Округтік мектептердегі нәтижелі тәрбие үрдісі және озық оқыту тәсілдері оларға бекітілген мектептерге енгізіледі. Мәселен, Ақтөбедегі Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясына 15 мектеп, Әл-Фараби атындағы № 21 гимназиясына 24 мектеп бекітілді.

 

Ақтөбе облысы