Өндіріс • 19 Қараша, 2024

Қордай цементіне сұраныс көп

123 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірге шетелдік инвесторларды тарту жұмысы Жамбыл жерін­де жүйелі түрде жалғасып келеді. Әсіресе өңірде өндірісті өркендету бойынша ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар атқарылып жатыр. Мұны ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі мен энергетика саласынан да байқауға болады.

Қордай цементіне сұраныс көп

Таяуда құрылысы былтыр басталған Қордай ауданындағы «Korcem» цемент зауытының өндірістік желісі пайдалануға берілді. Орта Азиядағы заманауи әрі қалдықсыз өнім шығаратын іргелі зауыт тәулігіне 3 500 тонна цементке қажетті клинкер шикізатын өндіруге қауқарлы. Мамандардың айтуынша, сингапурлық «Internetional Cement Group LTD» компаниясымен өзара ынтымақтастық нәтижесінде бой көтерген зауыттың келешегі жарқын.

«Қазақстан, оның ішінде Жамбыл өңірі шетелдік инвесторларға қолдан келгенше қолдау көрсетіп отыр. Бүгінге дейін өңірде қолға алған жобаларымыз жемісті болғанын айта кеткен жөн. Бірлесе атқарған тиімді жұмыс арқылы көңіл көншітерлік нәтижеге қол жеткіздік. Қоңыржай белдеуде орналасқан Қордай ауданының табиғи ресурсқа бай екенін бәріміз жақсы білеміз. Шекаралық аймақта орналасқан аудан Орталық Азиядағы экспорттық әлеуетіміздің еселене түсуіне мүмкіндік береді. Мұны компания өкілдерінің алдын ала жасаған болжамы да айқындап отыр. Сондықтан «Internetional Cement Group LTD» ұжымы алдағы уақытта өңірдегі жемісті жұмысты жалғастырып, жаңа жұмыс орындарын құруға ниетті. Сондай-ақ Қазақстанға өзге де шетелдік инвесторларды тартуға күш саламыз», дейді компанияның атқарушы директоры Бенджамин Чень. 

Зауыт басшылығы алғашқы кезеңде 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға бел буып отыр. Кәсіпорын толық қуатпен жұмыс істеген кезде тұрақты жұмыспен қамтылған азаматтар саны 1 000-ға жетпек. Ресми дерекке сенсек, зауыттың жалпы құны 50 млрд теңгені құрайды. Жауапты азаматтардың айтуынша, зауыт алдағы жылдары еліміздегі цемент өндірісінің 35 пайызын қамтитын көрінеді.

ап

«Мұндағы іске қосылған қазандық бөлігі өндіріс ошағының негізгі тетігі екені мәлім. Ол цемент өндірісіне қажет саналатын клинкер шикізатын өндіреді. Қазіргі кезде елде құрылыс жұмыстарының ауқымы арта түскені белгілі. Бұдан бөлек, таяуда ғана АЭС салу бойынша нақты шешім қабылданған болатын. Мұның бәрі өнімге деген сұранысты арттыратыны анық. Бізге жеткен дерекке сенсек, өңір жерасты қазба байлықтары жөнінен елдегі үздік үштікке кіреді екен. Осыған қарап-ақ біздің кәсіпорынның мүмкіндігі мол екенін бағамдауға болады. Болашақта шикізаттан бөлек, бетон бұйымдарын шығаруға да ниеттеніп отырмыз», дейді «Korcem» ЖШС атқарушы директоры Станислав Щербаков.

Зауыт құрылысын жүзеге асыруға ықпал еткен сингапурлық компания өкілдері жергілікті атқарушы билік тарапынан айтарлықтай колдау көр­се­тілгенін айтып отыр. Сондай-ақ оларды өңірдің геологиялық ахуалы да бейжай қалдырмаған. Дерекке жүгінсек, «Internetional Cement Group LTD» компаниясы 1993 жылдан бері цемент нарығында жемісті жұмыс істеп жүр. Қазір біздің елден бөлек, Орталық Азиядағы Тәжікстанда еншілес компаниялары бар.

«Ел Президентінің тапсырмасы аясында өңірімізде бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Клинкер шикізатын өндіретін өндіріс желісінің межелі мерзімде іске қосылуы – атқа­рылған жұмыстың нақты нәтижесі. Болашақта тағы бір сингапурлық компаниямен осы секілді зауыт құрылысын жүргізу бойынша жұмысты қолға алдық. Бұл зауыт жылына 1,5 млн тонна шикізат өндіреді. Өнім ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетімізді көтеруге де мүмкіндік береді. Қалай алып қарасақ та, өңіріміз уақыт өткен сайын қарқынды дамып келеді. Сондықтан инфрақұрылымдық кешен үшін құрылыс материалдарына деген сұраныс уақыт өткен сайын арта түспек. Осы тұрғыдан алғанда кәсіпорынның тигізер пайдасы зор», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.

Жалпы алғанда, өңірге шетелдік инвесторларды тарту жұмысы алдағы уақытта кешенді түрде жалғасады. Қазір облыстың инвестициялық қор­жынында жалпы құны 3,4 трлн теңгені құрайтын 80-ге жетеғабыл жоба бар. Бұл жобалар іске асқан жағдайда 4 мың­­­нан астам адам тұрақты жұмыс орны­мен қамтылмақ.

 

Жамбыл облысы