Мәдениет • 19 Қараша, 2024

Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығына арналған конференция өтті

105 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, түркі халықтарының бірлігі үшін күрес жүргізген біртуар тұлға Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығына арналған «ХХІ ғасырдағы Түркістан идеясы» тақырыбында республикалық ғылыми конференция өтті.

Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығына арналған конференция өтті

Тұрар Рысқұловтың өмірі мен ғылыми ізденістерін, келешек ұрпаққа қалдырған мұрасын жан-жақты зерттеп, жаңа қырынан тануға мол мүмкіндік беретін іс-шарада тарихшылар мен белгілі ғалымдар, сарапшылар бас қосты.

Мемлекет басшысының құттықтау хатын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.

«Тұрар Рысқұлов – төл шежіремізге, ұлтымыздың болашағына қатысты көптеген мақалалар мен ғылыми еңбектер жазды. Күрделі кезеңде ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, талай игі бастамаға ұйытқы болды. Қазақтың біртуар перзенті еліміздің егемендігі, түркі жұртының азаттығы жолында табанды күрес жүргізді. Тұрар Рысқұлов есімі «Тұтас Түркістан» идеясымен тығыз байланысты», делінген хатта.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Тұрар Рысқұлов қазақ халқының ғана мақтанышы емес, түркі халықтарына ортақ тарихи тұлға екенін атап өтті.

«Тұрар Рысқұлов тұтас Түркістан идеясы үшін күресіп, түркі мемлекеттерінің ынтымағын нығайтуда жанкешті еңбек етті. 1920 жылы Түркістан орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Қазақ халқын аштықтан құтқару жайында Сталинге нақты ұсыныстар жасады. Голощекиннің «Қазақстандағы кіші Қазан» идеясына ашық түрде қарсы шықты. Қазақ зиялылары армандаған «Түркі дүниесі» идеясы бүгінде жүзеге асты. Егемендік алғаннан кейін бауырлас елдер қосылып, Түркі мемлекеттері ұйымын құрды. Мұндай ұйым бұрын-сонды болмаған. Бұдан бөлек, ТҮРКСОЙ, ТүркПА ұйымдары бар. Ғылыми тұрғыда 2010 жылы Халықаралық түркі академиясы Астана қаласында ашылды. Осы идеяның барлығын кезінде Тұрар Рысқұлов пен өзге де ұлт зиялылары армандаған болатын», деді ректор.

Жиында профессор Мәмбет Қойгелдиев: «Тұрар Рысқұловтың көзқарасы мен ұстанымы туралы баяндама жасап, қайраткер тұлғаның қазақ халқы үшін жасаған еңбегі  еш уақытта өзектілігін жоғалтпайды», деген пікірін білдірді.

көрме

«Тұрар Рысқұлов 1906 жылғы көтерілістің перзенті деп айтуға болады. 1916 жылы болған ұлт-азаттық қозғалыс Рысқұловтың көз алдында өтті. Ол ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына шыққан қазақ зиялыларының өнегелі жолын жалғап, ұлтына адал қызмет етті. Қайраткер тұлғаның туған халқымызбен қатар, тұтас түркі дүниесі мен Орталық Азия елдерінің тарихында да өшпес ізі, қалдырған қолтаңбасы бар», деді Мәмбет Қойгелдиев.

Іс-шарада Оразалы Сәбден, Ханкелді Әбжанов, Бейбіт Қойшыбаев, Сәбит Шілдебай, Мұхтар Қазбек және т.б. ғалымдар баяндама жасады.

Конференция барысында келушілер назарына Орталық мемлекеттік архив мамандары дайындаған Тұрар Рысқұловқа қатысты архив құжаттарының көрмесі таныстырылды. Мұнда Тұрар Рысқұловтың Пішпек ауылшаруашылық училищесінде және достарымен түскен фотосуреттері, сирек кездесетін құжаттар, қайраткер тұлғаның жазған өтініштері мен хаттары,  1921 жылғы «Ұлт мәселесі жөніндегі» тезистері қойылған.

 

АЛМАТЫ